Бүгін Қордай ауылында шағын футболдан мекемеаралық аудан әкімінің кубогы өтті. Айтулы спорт додасының ашылу салтанатында бұл шараның негізгі мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, мемлекеттік қызметшілердің бірлігін арттыру екендігін атап өткен аудан әкімі Бегзат Болатбеков барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та сөз алып, мұндай спорттық бәсекелердің денсаулыққа пайдасынан бөлек, табандылыққа үйретіп, ерік-жігерді шыңдай түсетінін тілге тиек етті.
Ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жолдастық кездесу жоғары деңгейде өтті.
Айта кетейік, аудан әкімдігінің командасында аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлының өзі де өнер көрсетті. Бұдан бөлек, жарысқа Қордай аудандық прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай аудандық басқармасы, аудандық полиция бөлімі, аудандық мәслихат, Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Қордай ауданы бойынша Шекара басқармасы қызметкерлерінен және ауылдық округ әкімдерінен құралған жалпы сегіз команда қатысты.
Әр мекеме мен елді мекеннің теңбіл доп шеберлері өзара бақ сынасқан сайыстың қорытындысы бойынша Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы қызметкерлерінің құрама командасы 1-орынды қанжығасына байлады. Ал аудандық полиция бөлімі 2-орынды, аудан әкімдігі қызметкерлерінен құралған команда 3-орынды иеленді.
Жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен, кубоктармен марапатталды. Атап айтсақ, жүлделі 1-орынға 300 000тг, екінші орынға 200 000тг, үшінші орынға жайғасқан командаға 100 000тг табыс етілді.
Сонымен қатар, дүбірлі додада «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациясымен - ауылдық округ әкімдері марапатталса, Бекмұратов Қайсар - «Үздік қақпашы», Ғалым Юсупов - «Үздік ойыншы», Нурдин Садықов - «Үздік шабуылшы», Бекжан Тыныбаев - «Үздік қорғаушы» атанды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларды құттықтаймыз!