Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Аналар жүрегі» cарбаздар аналары комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Хайруллинамен кездесті.
Кездесу барысында жас сарбаздардың бейімделуі, командирлердің әскери және құқықтық тәртіптің жай-күйіне жауапкершілігі, әскери қызметшілердің құқықтарын сақтау және тамақтану сапасы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қоғамдық ұйымның басшысы Лилия Хайруллинаны әскери ұжымдарда салауатты атмосфера құру, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Өміріңді сақта» бағдарламасын іске асыру, ашықтық пен әділеттілік қағидаттары, әскери қызметтің беделін арттыру және борышын өтегендерге әлеуметтік кепілдіктер төңірегінде ведомство қабылдайтын шаралар жөнінде хабардар етті.
Қорғаныс ведомствосының қоғам өкілдерімен ынтымақтастығы артып келеді. Мысалы, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» ҚБ қорғаныс істері жөніндегі департаменттермен бірлесіп әскерге шақырылушылармен және ата-аналармен шақыру пункттерінде тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл формат көптеген қызықты мәселелерді шешу, байланыс орнату және азаматтың жеке болмысын қалыптастыру үшін осындай маңызды кезеңде болатын күмәнді сейілтуге едәуір мүмкіндік береді.
Қоғамның армияға деген сенімін арттыру, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын қолдаудағы пәрменді қадам «Отбасымен бейнеқоңырау» бейнесервисін енгізу болды. Жаңашылдықтың арқасында әрбір әскери қызметші жұмыс күндері туыстарымен және жақындарымен байланыса алады.
«Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина қорғаныс ведомствосының қоғаммен диалог орнатудағы қадамдарын оң бағалап, тиісті құралымдардың, бөлімшелердің бастықтары және әскери бөлімдер командирлері жергілікті қоғамдық орындардың жұмысына ықпал етеріне сенемін деді.
2022 жылдың қыркүйегінде Қорғаныс министрлігі сарбаздардың аналар комитеттерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Алматыда әскери қызметшілердің тамақтану сапасы мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Астанада «Өміріңді сақта» бағдарламасының ережелері, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды аспектілері талқыланды. Әскерге шақыру науқаны кезінде Маңғыстау облысы сарбаздар аналары комитетінің өкілдері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері құрамасына барды. Одан өзге Семейде қоғам өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
– Бұл Қорғаныс министрлігімен үлкен ынтымақтастықтың бастамасы ғана. Кездесу тағылымды өтті. Біздің қарым-қатынасымыздың өзі көкейдегі көптеген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді, – деп Лилия Хайруллина кездесу нәтижелерімен бөлісті.
Әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі Қорғаныс министрлігі басшылығының ерекше бақылауында болады. Олардың сәтті шешімін табуы көбіне азаматтық сектормен реттелген ынтымақтастыққа байланысты.