Қош бол, Париж! Армысың, Лос-Анджелес!

Қош бол, Париж!  Армысың, Лос-Анджелес!

Жасыратыны жоқ, Елдостың осы тарихи жеңісі тұралап қалған қазақ спортына, жастарға үлкен серпін берді. Жанашыр қауым бұл жеңіске шын қуанды, сол қуанғандардың ішінде өзіміз де бармыз. Алғашқы қуаныштың лебінен шыға алмаған біз, қызды-қыздымен «Елдос Сметов қазақ спортында бұрын-соңды болмаған ерлік жасады, оның бұл ісі Халық қаһарманы атағымен атап өтуге лайық» деп әлеуметтік желі арқылы ұсыныс жасап,тиісті орындарға құлаққағыс жасаған болатынбыз. 

Біздің бұл ұсынысымызды әлеуметтік желіні пайдаланушылар сөзсіз қолдайды деп үміттенгенімізді несіне жасырайын. Бірақ,  олар Олимпиада чемпионына қаһармандық атақ беру туралы ұсынысымызды қолдау былай тұрсын, қақ жарылып, өзді-өздімен айтыса жөнеледі деген ой түсіме де кіріп шықпапты. Өкінішке орай, айтып отырғанымның еш өтірігі жоқ. Ол – ол ма, «радикал», «діншіл», «құдайшыл», «чемпион болсаң, орныңды біл» деп тілі жеткенше тілдегендер де болмай қалмады.

Қысқартып айтсам, қазақ елдік, ұлттық мәселеде бір ауызды, барды баптап, жоқты түгендеуде бір сөзді деп ойлаушы едім. Бекер екен. Шырылдап айтқанымды шыбын шаққан құрлы көрмеді. Тек диванда жатып алып, тілмен шақты, аузымен орақ орды, менің нені меңзегенімді түсінбеді. Әлде түсінгісі келмеді ме екен, анығын білмедім. Білетінім, осыған дейін «Қазақстанның Халық Қаһарманы» атағын майдан даласында ерлік көрсеткендермен бірге, майданға түк қатысы жоқ дәрігер де, қару сатумен аты шыққан генерал да алды емес пе, «оны неге көрмеген?» деген қысыр ойдан шыға алмадым. Сонда қазақ баласының бұл жетістігі кімнің тақиясына тар келіп отыр?

Кім не десе, о десін, Елдос Париж татамиіндегі жеңісімен ел мерейін тасытты. Ең алдымен елге берген сөзінде тұрып, қазаққа Олимпиаданың алтынын сыйлады. Сөйтіп, ол өз жеңісімен миллиондарға үміт берді, рух берді, жігерлендірді. Тәуелсіздіктің, денсаулықтың, тағы басқа кұндылықтардың шын бағасын сезіндірді, соның қадір-қасиетін жүрекпен түсінуге мүмкіндік жасады. Түсінгенге, мұның өзі аз жеңіс емес. Ал, түсінбейтіндер үшін басқа айтарға сөзіміз жоқ. 

Керек десең, ел мерейін тасытқан мұндай ұл-қыздарымызға қаһарман атағы былай тұрсын, алтыннан ескерткіш тұрғызса да көптік етпейді деп ойлаймын. 

Батырлық, қаһармандық ақылмен, жоспарлап жасайтын іс емес, ол күтпеген жерден, кенеттен істелетін іс-қимыл. Қанмен, тектен келеді. Елдостың Олимпиададағы ерлігі де ойламаған жерден кенеттен жасалды.

Мұндай ерлік іс халық тарапынан лайықты бағасын алса ғана ол басқаларға үлгі болады, ерлік өнеге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Осыны ұмытпасақ екен!

Легионерлер ұлттық намыс дегеннен мақұрым

Париж Олимпиадасы драма мен эмоцияға толы болды. Әсіресе, жапонның даңқты дзюдошы қызы Ута Абе өзбектің үміті Динара Келдиеровадан ұтылып қалғанда көз жасына ерік бергендегі сәті бүкіл әлемді шарлап кетті. Әншейінде салмақты көрінетін спортшы қыздан мұндай эмоцияны ешкім күтпеген. Ол солқылдап тұрып ағыл-тегіл жылады. Оның көз жасына бүкіл Жапония теңселіп кеткендей болды. Париж төрінде қазақтың қаршадай балуан қызы Әбиба Әбужақынова да өзін ұстай алмады, ол да көз жасына ерік берді. Жанары жәудіреп, бота-ботасы шығып жылады. Жылап тұрып үміттерін ақтай алмағаны үшін бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрады. Әбибаның финалда күресетіндей-ақ әлеуеті бар еді. Сәл сәттілік жетпеді. Алған жарақатына қарамай қола үшін айқасқа шықты. Қарсыласы – 18  жасар швециялық Тара Бабулфат соның бәрін алдын ала білді. Кілем үстінде Әбибаның жарақат алған аяғын қайта-қайта нысанаға алып, теуіп тастағанын теледидардан анық көріп отырдық.

Жеңілгеніне қорланған Әбиба жылады. Оны жылатқан намыстың оты еді. Оның жарақаты ауыр болатын, бірақ жеме-жемге келгенде «тізем қақсап тұр, белім сыздап тұр, күреске шығудан бас тартамын» демеді. Міне, намыс! Отанды сүю, Отан үшін отқа түсу деген – осы! Қазақ қызы мен жапон қызын ортақтастырып тұрған да осы – намыс оты. Жеңсе шынайы қуанып, жеңілсе намыстан жылайды. Келімсектерден өзіміздің қаракөз спортшыларымыздың артықшылығы, міне, осында. Халық оны сезеді, көреді. Мұндай эмоцияларды жасырып қалу мүмкін емес. 

Енді мұны неге айтып отырғанымның себебіне келейік.

Олимпиада – қаласа қатысып, қаламаса бармай-ақ қоя салатын ашық-шашық жатқан жер емес, ол ұлттық намыстың қайралатын тұсы. Сондықтан, мұндай ірі бәсекелерде өнер көрсететін спортшылардың ұлттық құрамына назар аудармай болмайды. Сонымен бірге, құрама мүшелерінің өмірлік, нәсілдік көзқарастарымен қатар, ұлттық ұстанымдары да аз рөл ойнамайды. Париж ойындарына қатысқан спортшылардың тізіміне көз жіберсеңіз, біз нені меңзеп, неден қауіптеніп отырғанымыздың ақиқатын өзіңіз-ақ түсінесіз.

Бұл мәселе туралы бұған дейін де талай рет сөз еткенбіз, тағы да қайталауға тура келіп тұр. Ұлт мәселесі өте нәзік әрі шетін мәселе, абайламасаң жақыныңды жаралап алуың оп-оңай. Бұл мәселеде өзіңе де, айтар сөзіңе де мұқият болған жөн, жекелеген амбицияға жол бермеу керек. Қай елдің азаматысың, мұндай айтулы додаға қай елдің атынан түскелі тұрсың, соны мықтап миға тоқып алған дұрыс. Өйткені, сенің ісіңде өзің атынан түсіп отырған елдің, мемлекеттің мүддесі, соның абыройы мен ұяты тұр. 

«Олимпиадада бастысы жеңу емес, қатысу» деп өзін-өзі жұбататындар бар. Мұндай дүбірлі додаға «андралин» (кайф) алу үшін немесе жеке көрсеткішін жақсарту үшін қатысатындардың да күні өткен. Осылай ойлайтын спортшылар болса, алдын ала қатаң ескерту жасалуы керек. Ұлттың намысы сынға түсетін мұндай жауапты кезеңде жарысқа қатысудан бас тарту өзі азаматы болып табылатын елді сыйламау, менсінбеу деп ойлаймын. Ал, көңілі жоқтың сылтауы көп. 

Бұл айтып отырғанымыз негізінен ұлты орыс спортшыларға (көпшілігі бұрынғы Ресей азаматтары) қатысты. Олар осындай жауапты сәтте қателікке көп бой алдырады және ол биыл бірінші қайталанып тұрған жағдай емес. Бұған дейінгі Олимпиадаларда да ұлты орыс спортшыларымыз бірнеше рет жарысқа барудан мүлде бас тартқан, немесе нәтиже көрсету үшін жеткілікті жұмыс істемеген. «Шердингер спорт» телеграм арнасы таратқан мәліметтерге сенсек, соңғы 4 Олимпиада ойындарында біздің теннисшілер нәтиже көрсетпек тұрмақ, мүлде өнер көрсетпеген екен, көбіне барудан бас тартып отырған. Сол жағдай биыл  да қайталанды. Тағы да еске салайын, оны ел көріп отыр және жақсы сезінеді. 

Қазақстандық жанкүйерлер бұл екі спортшының өнеріне үлкен үміт артып еді. Бірақ, легионерлер ол үмітті ақтамады және оған соншалық бір өкінбейтінін де аңғартып алды. Ал, Александр Шевченко (бұл де ресейлік легионер) болбыр ойын көрсетіп, бірінші кездесуінде-ақ жеңіле салса, Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық ойынның бірінші айналымынан аса алмады.

Спортшылардың спортшыға тән емес бұл әрекеттерін әркім әртүрлі бағалады. Қазақстан теннис федерациясы «Рыбакина «бронхитпен» ауырса, Путинцева «жарақат алып қалды» деп түсіндірген. Жанкүйерлер мұны «жай сылтау» ретінде қабылдаса, психологтар «жұлдыз ауруына шалдыққан» деп жатыр.

Жыл сайын мемлекет бюджетінен спортшыларға қаражат бөледі. Және ол аз қаражат емес. Бұл не деген сөз? Яғни кез келген спортшы мемлекет қамқорлығында деген сөз. Шын мәнінде ол қаражат мемлекеттікі де емес, халықтікі, салық есебінен түскен қаржы. Олай болса, халық өзі берген қаражаттың қайда, не үшін жұмсалып жатқанын білуге және бір нәтиже талап етуге құқылы. Бұл – бір. Екіншіден, сөз тіпті де ақшада емес. Спортшылар Олимпиадаға баратындардың тізіміне кірді, формасын алды. Енді бас тартуға не себеп? Легионерлер басқа талантты спортшылардың орнын алып, олардың осы спортпен шұғылдануға деген ұмтылысын өлтіріп жатырмын деп ойламай ма? Жас әріптестерінің жолын кестім, обал жасадым демей ме?! Олар басқа қазақ спортшыларының орнын басып алып, қомақты қаражатқа ие болып, жақсы жағдайда шалқып өмір сүріп жүр. Біздің жас таланттарға мұның қалай әсер ететінін елестетудің өзі ауыр. Олар бүкіл өмірі мен денсаулығын аямай спортқа сарп етіп жүргенде, сырттан келген «гастролер спортшылар» ұлттық құрамадағы олардың орнын басып алды. Осы дұрыс па?

Үшіншіден, легионерлер – ұлттық намыс деген сөзді түсінбейді, одан мақұрым. Өйткені, оларда мұндай ұғым жоқ. Отансүйгіштік сезім, көк туымызды биікте желбірету, мемлекеттік ән ұранымызды аспанда қалықтату – олар үшін бос сөз. Олардың көздегені  және бізден талап ететіні – тек ақша.

Ақша бар ма – ойнайды, жоқ па – жөніне кетеді. Яғни олар біз үшін де, өзі үшін де ақшаға жалданған жалдамалы адамдар (жалдамалы әскер сияқты) болып қала береді. Басқаша болуы мүмкін емес.

Рыбакина Sadagmedia. kz арнасына сұхбат беріп, «барлық қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтамағаным үшін кешірім сұрағым келеді» деп мәлімдеді. Расы керек, жанкүйерлер бос сөз, құрғақ уәдеден, спортшылардың, бапкерлердің қайта-қайта кешірім сұрауынан шаршады. Иә, спортшылар осылай кешірім сұрап, оп-оңай құтылып кеткісі келеді. Біздің ойымызша, әрбір спортшы өз ісіне жауап беруге тиіс. Судың да сұрауы болуы керек. Ал, теннисшілердің бұл әрекетіне кім жауап береді? Жауапты бір адам (мекеме) болу керек қой!

Қазақстанға шетелден келген легионерлердің барлығы Олимпиадада жеңіліс тапты. Ешқандай нәтиже берген жоқ. Түк нәтиже бермейтін мұндай арамтамақ «гостролер спортшылар» керек пе бізге? Керек болса не үшін және кімдер үшін керек?

Бұл «қызтекелер» мен «клоундар» Олимпиадасы болды

Адамзат баласы осыншама азады деп кім ойлаған? Париж олимпиадасы шын мәнінде қызтекелер мен клоундар мерекесіне айналды. Әйтпесе, бәрі жабылып екі еркекті әйелдердің жарысына кіргізбей қоюға шамалары келмеген елге не деуге болады?!

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Париж ойындарында тарихта тұңғыш рет әйелдер боксы бойынша екі трансгендерге шаршы алаңда өнер көрсетуге рұқсат берді. Олар – 57 келіде сынға түскен тайпейлік Лин Юйтин мен 66 келі салмақтағы алжирдің өкілі Иман Халиф. Трансгендер кім десек, ол жынысын ауыстырған еркек дегенге келеді. Яғни еркектен әйелге айналған міскіндер.

Өркениеті өрге домалаған осы елде жынысын ауыстырған еркектер әйелдің дәретханасына кіруге рұқсат беретін заң шығарып беріңдер деп талап қойып жатыр дегенді естіп таңғалғанымыз бар еді. Ал, ота жасау жолымен «әйелге» айналған еркектерге әйелдер дәретханасына кіруге бұрыннан рұқсат бар екен. Енді мынасы азғындықтың барып тұрған лас көрінісі демеске лажымыз жоқ. Осыдан кейін: «Адамзатты азғындыққа апаратын мынадай шешім қабылдаудың басы-қасында кімдер тұр?», «Адамзат баласын адастыратын бұл ойын кімдерге пайдалы?», «Жаратқан иенің ісіне қарсы шығып, еркекті әйел деп көрсетіп, екеуін бір-біріне қарсы қоятындай ХОК-тың басына не күн туды?» деген сұрақты еріксіз қоясың өзіңе.

Жалпы, Париж қаласы осымен үшінші рет Олимпиада ойындарын қабылдап отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, не сыйқыры барын кім білсін, Франция елінде өтетін спорттық мереке барысында әйтеуір бір ешкім күтпеген «жаңалық» ашылып жатады. Мысалы, 1900 жылы Париж қаласы ІІ жазғы Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алды. Міне, дәл осы Олимпиада ХОК спорт шежіресінде тұңғыш рет әйелдерге спорттық бәсекелерге қатысуға рұқсат беретін шешім қабылдады. Ұйымдастырушылар бұл шешімін «Спорттағы әйелдер теңдігінің көрінісі» деп бағалаған болатын. 

1924 жылы Париж Олимпиада ойындарын өткізу құқығын екінші рет жеңіп алды. Бұл жолы ХОК ер және әйел төрешілердің тең құқылығын бекітіп берсе, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ойындарда Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты кезіндегі шеруде ер мен әйел қатар өздері атынан қатысатын елдің туын көтеріп шығуға (мысалы, биыл Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова алып шықты) рұқсат беретін шешім қабылдаған. Ал, биыл ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған дәл осы Франция астанасында ХОК тағы бір күтпеген «жаңалық» ашып, трансгендерлерге спорттық бәсекелерде басқалармен теңдей дәрежеде өнер көрсету құқын алып берді. Жүре берсең, көре бересің деген – осы!

ХОК-тың бұл шешімін әркім әртүрлі қабылдады. Біреулер қос қолын көтеріп, қолдау көрсетсе, екіншілері ашықтан-ашық қарсы шықты. Ашық қарсы шыққандардың бірі – аты мәшһүр жазушы, «Гарри Поттер» роман-хикаяттың авторы Джоан Раоулинг. Ол: «Алжирлік Иман Халиф деген «әйел» ме, «еркек» пе, біреу «қызбын, қызбын» деп, әртүрлі жымысқы жолмен әйелдердің боксына кіріп алып, ылаң салып жатқан көрінеді. Дәл осы «әйел» кейпіндегі еркек италиялық боксшы қыздың тұмсығын бұзыпты. Нағыз масқара!

Жас қыз осы қазір барлығынан айырылды, өйткені сіздер оған қарсы ер адамды айдап салдыңыздар. Адамгершілік әйел теңдігі дегенді аттап өтіп, абыройдан жұрдай қылдыңыздар. Париж Олимпиадасы әділетсіздіктің қара таңбасы болып тарихта қалады», – деп ХОК шешімін өткір сынға алды. Айтып өтетін нәрсе, 66 келі салмақта сынға түскен Халиф алғашқы айналымда италиялық Анжела Қаринимен кездесіп, ойынды небәрі 46 секундта өз пайдасына шешті. Трансгендерден бірер соққы алған италиялық бойжеткен бірінші раундтан соң кездесуді жалғастырудан бас тартты. Бұл әрекетін «Мұндай ауыр соққыны бұрын-соңды алып көрмегенмін» деп түсіндірді. Сонан соң трансгендер боксшы 1/8 финалда венгер қызы Анна Хомариді жолдан оңай ығыстырса, жартылай финалда тайландтық тәжірибелі ару Джанджай Суваннатхенгті ойсырата ұтты. Алжир елінің былғары қолғап шебері финалда қытайлық Ланг Лумен қолғап түйістірді. Кездесу қорытындысында төрешілердің бірауызды шешімімен алжирлік боксшы жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Осылайша Иман Халиф Олимптің ең биік шыңына көтерілген тұңғыш трансгендер спортшы ретінде тарихта аты қалатын болды.

Трансгендер боксшы Лин Юйтин де өз салмағында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, финалға шыққан болатын. Ол ақтық бәсекеде польшалық бұрымды ару Юля Шереметамен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті. Сөйтіп ол да 57 келідегі әйелдер боксында Олимпиада алтынын мойнына тақты.

Ал, Париж Олимпиадасында үлкен дау тудырған трансгендерлерге қатысты өз әркетін ХОК: «Адам құқының теңдігін құрметтеу» деп түсіндіруден танбай келеді. Сонда деймін-ау, жаратылысы еркек боксшыдан таяқ жеген әйел боксшылардың құқығы қайда қалады? «Адам құқын» алға тартушылар әйел сезімімен, әйел тағдырымен ойнап отырғанын сезіне ме екен?

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, трансгендерлер туралы бұл даулы әңгіме таяу арада аяқталмайтын сияқты, қайта енді күш ала бастағандай.

Париж Олимпиадасы біздің есімізде осылай қалды.

ТҮЙІН: Ең өкініштісі біздің құрама осымен екінші Олимпиадада Қазақстанның бокс державасы екенін дәлелдей алмады. Париж аламаны боксшыларымыздың психологиялық, физикалық және функционалдық тұрғыдан дайын еместігін көрсетті.

Өзбек бауырлар спорт саласында бізден әлдеқайда озып кетіпті. Өз-ағамдар таэквондо мен бокстан дүркін-дүркін Олимпиада чемпиондарын шығарды. Шығара береді де. 

Ал, біздің арамыздан атойлап екі, үш дүркін чемпион шығатын спортшыларымыздың жоқтығына қынжылдым.

Әр адам өз түйгенін жазады. Оқырман назарына ұсынылған бұл жазба да Париж Олимпиадасынан өз көргенім, өз әсерім, өз түйгенім, азаматтық ой-пікірім. Париждегі сәтсіздік еліміздің спорт саласында тізгінін ұстағандар үшін ащы сабақ болды. Ұлттық спорт саласына жаңаша серпін, сілкініс, бүтіндей өзгеріс, үлкен реформа қажет екенін анық көрсетті. 

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372