Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қабылдады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қарулы Күштердің биылғы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары, оның ішінде армияны техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру барысы туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскердің 2030 жылға дейінгі құрылымын қалыптастыруға бағытталған негізгі құжаттарға қатысты жұмыстардың аяқталғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының әзірленуі және бекітілуі жайында айтылды. Бұл құжат шетелден қару-жарақ пен техника сатып алуға ғана емес, сондай-ақ отандық қару-жарақ үлгілерін әзірлеуге, инфрақұрылымды жетілдіруге, әскерді цифрландыруға байланысты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Мұрат Бектановтың айтуынша, ұлттық жобаның негізгі мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қорғаныс министрі Президентке қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы және Қарулы Күштердің заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге төтеп беруге әзірлігі жөнінде есеп берді. Сонымен қатар Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ Әскери доктринаны қайта қарауға және экономиканың нақты секторындағы сұранысқа ие мамандықтарды мерзімді қызметтегі сарбаздардың меңгеруіне қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды. Кездесу соңында Президент еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.