1992 жылғы 21 сәуірде Түркияның Қазақстандағы бірінші елшісі Аргун Озпай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Түркия Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы ел. Сондай-ақ Түркияның дипломатиялық миссиясы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы шетелдік өкілдік болды. Содан бері Анкарамен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналды. Бүгінде Қазақстан мен Түркия саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, әскери және басқа да салаларда белсенді қарым-қатынас орнатқан.
Қазақстан мен Түркия екіжақты мемлекетаралық қатынастардың негіздерін қалыптастырудан нақты стратегиялық әріптестікке дейінгі жолдан өтті. Іс жүзінде еуразиялық кеңістіктегі қарым-қатынас трансформациясында екі ел шешуші рөл атқарады, мұны қазақстан-түрік ынтымақтастығының жемісті әрі бірізділігі айғақтайды. Мемлекет басшыларының өзара сапарлары экономикалық, саяси, этномәдени қатынастардың аясын кеңейтіп, нығайтты. Олар ең жоғары деңгейдегі саяси диалог және өзара сенімге негізделген мемлекетаралық қатынастардың биік дәрежесіне жетудің ең дұрыс көрсеткішіне және елдер мен халықтар арасындағы мәдени-тарихи бірліктің, берік достықтың, бауырластықтың айғағына айналды.
Бұл жолы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары әлем назарын аударып отыр. Бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде, мүдделер тоғысы мен ақпарат соғысы да ашық әрі айқын. Қазақстан президенті ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға зор ризашылығын білдірді.
«Түрік халқына және Президент мырзаға қонақжайлығы үшін алғыс айтамын. Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелер туралы кең ауқымды келіссөздер өткіздік. Пікір алмасу мазмұнды, мағыналы болды. Президент Режеп Тайип Ердоған білімді, аса беделді саясаткер. Оның көзқарасы кең, сондықтан бұл кісінің пікірлері өте құнды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапарының бірінші күні: Ататүрік кесенесіне гүл шоғын қойды. Анытқабір кесенесін аралап көрген Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Одан кейін Президент сарайында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтіп, екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөз қорытындысында қос елдің Мемлекет басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.
Бізге мәлім болған тағы бір жаңалық: Түркия мен Қазақстан Түркістанда арнайы экономикалық аймақты дамытуға мүдделі екенін көрсетіпті. Осылайша Қазақстан мен Түркия түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағын дамыту жөнінде келісімге келген. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Сондай-ақ аталған құжатта қос тарап екіжақты сауда көлемінің тұрақты түрде артуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, алдағы жылдарда сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдаудың маңызын атап көрсетті. Екі ел арасындағы сауданы ынталандыру және өзара тікелей инвестицияларды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктері, Түркия Республикасының Сауда, Индустрия және технология министрліктері мен Президенттік инвестиция кеңсесінің үйлестіруімен қажетті шараларды қабылдауға келісіпті.
Тағы бір жағымды жаңалық, Қазақстан мен Түркия арасында Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі дамиды. Анкарада өткен бірлескен көлік комиссиясының отырысында қабылданған шешімдерге сәйкес, Қазақстан және Түркия екіжақты транзит тасымалын дамыту мақсатында ынтымақтасты жүзеге асыруға келіскен. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Қос тарап Баку-Тбилиси-Карс теміржолы мен Шығыс-Батыс Орта дәліз арқылы жүк тасымалының ұлғаюын құптай отырып, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Орта дәліз арқылы Транскаспий бағытындағы вагондар мен контейнерлердің тасымалдау бойынша бекітілген мөлшерлемені ескере отырып, олардың Баку-Тбилиси-Карс жаңа желісі арқылы тасымалдаудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар Орта дәлізді тиімді және тұрақты пайдалану үшін тиісті мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейтудің маңызын атап өтті.
P/S: Түркілердің бірігуінен Ресей ғана емес, Еуропа шошиды қазір. Бір заманда көк түрік бабалар олардың сазайын берген ғой аямай. Алты құрлықты мекендеген жұмыр басты пенделер түркілердің арғымақтарының тұяғының астында иеленіп, найзасына түйреліп, жатқаны қазір аңыз! Әріге бармай-ақ қоялық, көршіміз Ресей Түркі әлемі десе түксие қалады әлі күнге. (Қаншама түркілерді бауырына басып, жаншып, қорлап жатыр. Тілі мен дінінен айырып, тіпті қаншамасын жойып жіберді). Біздің президенттер Түркияға барса, Ресейден ұйқы қашатыны анық. Қазірдің өзінде Ресей сайттары Тоқаев пен Ердоғанның кездесуінен саяси астар іздеп әлек. Кекетіп, мұқатып «Түркі әлемін құрғылары келеді. Ол ойларың бола қоймас» деген жазбалар да жүр. Немересін туған әке-шешесінен қызғанған қазақтың кемпірі мен шалы тәрізді күңкілдер көбейіп тұр. Өз жарасын өзі жалаған жыртқыштай дөң-айбат көрсетулері – шовинисттік пиғылдарын аңғартады.... Оларды да түсінуге болады. Қазақстанды уысынан шығарып алатындай мазалары қашады...
Сондықтан бар әдіс-айлаға салып, Президент Тоқаев Түркияға дипломатиялық жолмен жақындай берсе нұр үстіне нұр. Абай атам (Мені кешірсін аруағы) бүгін тірі болғанда: «....Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр...» деген сөзінің қасына, «Түрікке де жақындаңдар, бір болыңдар, ірі болыңдар», деп аманат айтарына сенім зор.