Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады. Ералы Тоғжанов Президентке халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет беріп, жалақыны көтеру ісінің 1 млн астам бюджеттік сала қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналын қамтитынын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпкерлікке міндеттемелер белгілеу арқылы мемлекеттен көмек алатын ірі бизнестегі 2,8 млн қызметкердің еңбек табысын арттыру қарастырылған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы «Бақытты отбасы» жобасы аясында көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 20 мың әйел жұмыспен қамтылады. Жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асырылып, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар беріледі. Кездесу соңында Президент халықтың табысын арттырудың айрықша маңызды екенін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.