Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан Халық жағдайын жақсарту – басты міндетіміз

Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан Халық жағдайын жақсарту – басты міндетіміз

Жамбыл ауданы Әулиеата жеріндегі іргелі аудандардың, ауылшаруашылығы саласы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі тіктелген өңірлердің бірі. Облыс орталығымен тіршілігі біте-қайнасып жатқан ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші де көңіл көншітерлік. Бүгін аймақ орталығын қоршап жатқан Жамбыл ауданында екі жылдың ішінде қолға алынған игіліктер мен атқарылған жұмыстардың барысын білмек мақсатта аудан әкімі Сәкен Арубаевпен сұхбат құрып, біраз жайтқа көз жеткіздік.

 

Әлеуметтік желідегі белсенділігім тұрғындармен жақындастыра түсті   

– Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым-дамасын жүзеге асыру жолында өңірде қандай шаралар қолға алынды?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азамат-тардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу жолдары көзделгенін білесіздер. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен қараша халықпен ауданның әлеуметтік желілерінде «Әкім сағаты» жобасын 15 мәрте өткізіп, бұқараның 150-ден аса өтініш-тілектеріне назар аударып, сұрақтарға толымды жауап қайтардық. Бұны неге айтып отырмыз? Себебі ғаламтор арқылы жұртшылықпен өткен тікелей эфирде қойылған сауалдары хаттамаға енгізілген жағдайлар орын алды. Тұрғындардың сұрақтарын саралау бойынша арнайы топ құрылып, мәселенің мән-жайы анықталды. Бұл жоба билікті халықпен жақындастырса, әлеуметтік желіде белсенділік танытуымыз жұртшылықтың билікке деген сенімін арттыра түсті. Қазір кез келген азамат қалтадағы телефон арқылы көкейіндегі сауалды жолдауға ешқандай шектеу қойылмаған. Өзім де «Facebook», «Instagram» және «WhatsApp» әлеуметтік желісінің қолданушысымын. Аппараттық кеңестерде ауданға қарасты барлық ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына желіге тіркелу қажеттігін түсіндірдік. Қазіргі таңда белгілі бір округке қатысты сұрақ туындап, сыни ақпарлар жарық көрсе, сол ауылдың әкімі жедел әрекет етіп, сапалы жауап қайтаруды қызметіндегі міндеті санаған. Бұл бастамаға тоқсан сайын мониторинг жасап отырамыз.

 

350-400 жұмыс орны ашылмақ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру, инвесторларға қолдау көрсету мәселе-леріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктеді. Өңірге инвестициялық көзқарас қандай? Алда қандай жаңалықтар болатынын тап басып айта аласыз?

– Инвестиция – жалпақ тілмен айтқанда, өңірдің дамуы мен жұмыс орындарының ашылуы. Бұл бағыттағы игіліктерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер жердің құрылымынан бастап, ауа райына дейін баса мән беретіні белгілі. Ал Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Аудан аумағында бірқатар ұзақ мерзімді инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ауданның негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан және облыс орталығына жақын орналасқандығын ескере отырып жобалардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығына бағытталған. Ауданда 4500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бүгінде бизнес субъектілерінде 7100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Атап өтер болсақ, 2020-2024 жылдар аралығында өңірде жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 8 жоба жүргізіліп, алдағы уақытта жаңадан тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. 

Егер аталған жұмыстар белгіленген уақыт аралығында аяқталар болса, өңірде 350-400 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз. Инвесторларға құрылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті тұрғындарды тарту мәселесі қойылған.

 

Бағдарлама шарапатын көруде

– Жуырда облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ауылшаруашы-лығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына арнайы келіп, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалуы барысын зерделеп, оң бағасын берді. Жоба аясында өңірде қандай жұмыстар атқарылды?

– Орынды сауал. Аймақпен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламаларының шарапаты еселеп тиюде. Өткен және ағымдағы жылы әлемді әбігерге салған індет алқымнан алғанымен, Жамбыл ауданының жоғары жетістіктері, халық қажетіне берілген игіліктер тұрғын-дарды өзінше қуанта білді.

Ауданда 2019-2020 жылдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 6 елді мекенде 1,3 млрд теңгеге 45 жоба іске асырылды. Атап айтар болсам, спорттың 8 түрінен бір мезетте 350 спортшы шұғылдана алатын спорт кешені салынды. Аса ауылындағы ескі жатақхана болған ғимарат қалпына келтіріліп, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» болып ашылды. 1400 балаға арналған орталық оқушыларды 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге баулиды. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық ізденістерін, дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс жасайды. Бүгінде тұрақты жұмысқа 40 азамат тартылды. Ал сол жылы қаракемерліктердің өтініші бойынша 90 орындық жаңа клуб пайдалануға беріліп, түрлі үйірмелер жұмысын бастады. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, «Сәуле» балабақшасы мен орталық стадион жөндеуден өткізілді. Аудан орталығының 8 ауылішілік көшесінің 680 ауласына түнгі жарық орнатылды. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Аса, Бірлесу-Еңбек, Құмтиын, Еңбек, Рахат ауылдарының 29 көшесіне асфальт төселді. 

Ағымдағы жылы да өзгерістер легі жалғасын тапты. Жоба шеңберінде 2021 жылға 3 тіректі елді мекен: Айшабибі, Жалпақтөбе, Өрнек және 7 спутниктік ауылдар: Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродеково, Ерназар, Тоғызтарауды қаржыландыру үшін 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Өрнек ауылында 202 млн теңгеге 140 орындық өнер ордасының іргетасы қаланып, бүгінде қабырғасы көтерілуде. Ал, ағымды шығындар бойынша 15 жоба жүзеге асады. Яғни, 4 мектепті күрделі жөндеуге 359 млн 480 мың теңге жұмсалды. Таратып айтсақ, Айшабибі орта мектебіне 132 млн 651 мың теңге, Макаренко атындағы орта мектепке 71 млн 903 мың теңге, Жасөркен орта мектебіне 24 млн 584 мың теңге, Амангелді атындағы орта мектепке 130 млн 342 мың теңге жұмсалып, білім ордалары толықтай жаңарды. Сондай-ақ Жалпақтөбе, Пригородное, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдарындағы 11 ауылішілік жолдарды жөндеуге 321 млн 938 мың теңге бөлінді. Гродеково ауылындағы Ақ жол көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған 7 шақырымдық тротуар жұмысы аяқталды.

 

Биыл 5 ауылға газ тартылды

Ағымдағы жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жалпы құны 854,8 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда Аса ауылында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 199,5 млн теңге қаралып, қазіргі таңға 3 шақырымға құбырлар орналастырылды. Өткен жылы бағдарлама аясында 5 ауылға газ тартсақ, биыл Өрнек, Ерназар, Шайдана елді мекендерін газдандыруға 655,3 млн теңге бөлініп, бүгінде газ тарту жұмыстарының қабылдау актісі әзірленуде. Сондай-ақ Жұма мен Көлқайнар ауылына осындай игіліктер жасалды. Жобалар шеңберінде 65 адам интеграциялық карта базасына енгізіліп, 52 адам аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылды. Осы тұста аудан жұртшылығына айтар бір мәселе, 8 ауылға газ тарту жұмыстарын толық аяқтағанымызбен, орталық магистральдағы газ жүйесі облыстық энергетика басқармасына тиесілі. Егер магистральдағы жұмыстар аяқталар болса, біз бір мезетте 8 ауылға табиғи отынды қолданысқа беретін боламыз. Бұл жұмыстар 2022 жылы жүзеге асырылмақ.

 

Ауызсумен қамту үлесі  71,5 пайызға жетті

– Сөз басында тұрғындар ауызсу мәселесін көтерген деп қалдыңыз. Елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтылуы қандай деңгейде?

– Аудандағы 42 елді мекеннің 29-нда орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, су тетіктері әр аулаға орналастырылса, Шоқай ауылындағы жұмыс өз мәресіне жетті. Осылайша, 2019 жылы ауызсумен қамту үлесі ауданда 45,2%-ды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69%-ға жетті. Ал ағымдағы жылы үлес 71,4%-ды еңсеріп отыр. Бұл бағытта көптен бері ауызсудың жайын айтып жүрген Бесағаш және Түрксіб ауылына республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылып, жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Жоба екі жылға жоспарланған, яғни 2022 жылы аяқталатын болады. Бектөбе, Қызылшарық, Қаракемер ауылдарына ауызсу жүргізу үшін құжаттар дайындалып, сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Қалған Әулиекөл, Көлқайнар, Кемел, Сеңгірбай, Жұма стансасы, Құмсуат, Жаңаөткел елді мекендеріне жеңілдетілген жолмен ұйымдастырылмақ. Жоспар бойынша 2025 жылға қарай өңірде ауызсу мен газ жүйесінің үлесі 100 пайызды құрайтын болады.

 

Өңірде газбен қамту көрсеткіші осы жылы 90,4 пайызға жетті

– Мемлекетіміз жыл санап көркейіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Дегенмен жасалған игіліктерді сезіне алмай жүрген ауылдар жоқ емес. Ауданда табиғи отынға елді мекендердің қосылу деңгейі қалай?

 «Көгілдір отын» жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Ауданның 26 ауылына газ жүйесі тартылған болса, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2020 жылы Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына газ құбыры тартылса, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 655,3 млн теңге бөлініп, Жұма стансасы, Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына газ жүйесі кіргізілді. Осы тұста мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырған Қаратау ауылын мысалға алсақ болады. 2019 жылы ауызсуы да, газ жүйесі де, байланыс операторы да орнатылмаған мекенге жыл ішінде халыққа қажеттінің бәрі жасалды. Енді бұл ауылдың көшесін жөндеп, жарықтандыру жұмыстарын назарға аламыз. Осылайша ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1%, 2020 жылы 61,9%-ға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4%-ды құрайтын болады.

– Сәкен Қаланұлы, мәдениет – халықтың айнасы. Осы сала ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мұғдарында қандай жетістіктеге жетіп, өзгерістерге ұшырады?

– Тәуелсіздік – «өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткен» Тәңір сыйы. Бодандықтың бұғауын шешіп, бостандыққа қол жеткізген күн – әр қазақтың жүрегінде жазулы, жадында жаттаулы. Алтынға да айырбастай алмайтын азаттық – халқымыздың баға жетпес байлығы. Кеңестік жүйенің құрсауынан құтылып, ел болып еңсе тіктеген алғашқы жылдар еш салаға оңай тимегені белгілі. Көптеген өндіріс орындары тұралап, шаруашылықтардың шатқаяқтағаны жасырын емес. Мәдениет саласы да бұл дағдарысты сезінді. Уақытша қиындықтар мен кедергілер бұл саланы да айналып өтпеді. Алайда осыны дер кезінде ұғынған ҚР тұңғыш президенті – елбасы Н.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялады. Сол уақыттан бастап мәдениетке қыруар қаржы бөлініп, тамырына қан жүгіре бастады. Бұл тиісінше ауданымыздағы мәдениет саласының өркендеуіне жол ашты. Айталық 2001 жылы өңірде 12 ауылдық клуб жұмысын бастады. Ал бүгінде ауданда 1 аудандық, 3 ауылдық Мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 1 «Зерде» бейнемобиль жұмыс атқаруда. Өткен жылдың өзінде Қаракемер ауылдық округінде 90, Жалпақтөбе ауылында 180 орындық жаңа мәдени орда есігін айқара ашты. Сондай-ақ азаттықтың алғашқы жылдарында ауылдық клубтың бірде-бірінде компьютерлік құралдар болмаса, қазір барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған. 

Осы бір жан-жақты демеу өңір өнерпаздарының да екінші тынысын ашып, жұлдыздай жарқырауына мүмкіндік берді деп ойлаймын. 2002 жылы аудандық Мәдениет үйі бойынша құрылым саны 45, оған 491 өнерпаз қатыстырылса, 2021 жылы құрылым саны 90, қатысушы саны 924-і құрап отыр. Егемендік тек экономиканы ғана дамытып қоймай, ел ішіндегі өнерлі жандардың көпшілікке танылуына да сеп болды. Талай дарынымыздың қанатын қатайтып, республика ғана емес, әлем сахнасына да алып шықты. Әрине, мұның бәрі азаттықтың арқасы екеніне талас жоқ. Тұғырлы Тәуелсіздігіміз тұрғанда аудандық Мәдениет үйінің жұлдызы одан әрі жарқырай түсеріне сеніміміз кәміл. 

– Осы екі жыл ішінде аудан жұртшы-лығы сізді танып білді ме? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жамбылдықтар мені емес, мемлекет саясатын, ел игілігі жолында атқарылған жұмыстарды сезіне білсе жеткілікті. Барлық салада атқарылған жұмыстар баршылық. Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың игілігін аудан тұрғындары көріп, сезініп отыр. Көшесі асфальт көрмеген тұрғындардың тілегі қабыл болғанымен, енді жұртшылық сол тақтайдай тегіс жолға жылдамдық бәсеңдеткіш құрылғысы орнатылса деген өтінішін алға тартып жүр. Бұл өте дұрыс пікір. Себебі халықтың жағдайы расымен жақсарып, сұраныстар қатары көбейіп келеді. Аудан әлеуетін көтеру үшін алдымызда үлкен міндеттер мен жобалар бар. Халық қажетін өтеу үшін аянбай еңбек ете бермекпін.

– Сәкен Қаланұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН
11.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 100
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 111
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 203
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 203
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 341
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 342
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 569
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 516

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9218
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8614
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11840
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9610
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10823