ҚҰДАЙДЫҢ ЗАҢЫН ҚОЛДАН ТҮЗЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ!

ҚҰДАЙДЫҢ ЗАҢЫН ҚОЛДАН ТҮЗЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ!

Жылда жаңа оқу жылы басталар шақта қыз балалардың басына орамал тартуы немесе хиджаб деген мәселе шу болады да жатады. Биыл да сол дау қайталанды.  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қыз балалардың орамал тағуына байланысты сұраққа берген жауабын сан-саққа жүгіртушілер қаптады да кетті. Бас мүфти: «Балиғат жасына жеткен кез келген қыз баланың орамалмен жүруі парыз! Намаз оқитын қыз баланың да өз құқығы бар ғой. Оған не үшін тыйым салуымыз керек? Білім алу да Құранда парыз етілген!» – деп тиянақты жауап берді. Бұл жауаптың не оғаштығы бар? Бас мүфти қыз балалардың өзін-өзі қорғауын дұрыс бағалады. Өте орынды жауап берді деп ойлаймын.

Әлеуметтік желіде дін істеріне қатысты осындай жағдайларды аңдып, бас салуға дайын тұратын топтар барын бұрыннан білеміз. Олардың мақсаты – асыл дінімізге деген халықтың ықыласын кеміту, сеніміне сызат түсіру, Діни басқармаға күйе жағу. Айтатын желеуі – Конституцияда Қазақстанның діннен бөлек зайырлы мемлекет деп көрсетілгені. Рас, онда мемлекеттің зайырлы екендігі тұжырымдалған. Бірақ сонымен бірге «оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігі де айтылған ғой. Құқықтарының ішінде киім таңдауы мен киім киюі де тұр емес пе?! 

Мүфти-хазірет болса балиғатқа толған оқушының киім таңдауға, сенім таңдауға құқығын айтып тұр.  Өйткені мектеп оқушысы да адам ғой. Әйтпесе оның құқығы қайда қалады? Мойнына крест тағып жүрген орыс сыныбының оқушы қызына ешкім ештеңе айтып жатқан жоқ. Неге біз қазақ сыныбының өз абыройын қорғап жүрген оқушы қыздарына қадаламыз? 

Сол шатақ қоздырғыштар исламды ардақ тұтқан қыздарды сөз еткенше мектеп партасында отырып босанып қалған қыздар санының артып бара жатқанын неге сөз етпейді?  Елімізде кәмелетке толмағандар арасында жүктілік аспандап тұр. Ресми статистикаға сүйенсек,  2019 жылы 6000 оқушы жүкті болса, 3500 қыз түсік жасатқан. 2020 жылы 7  мыңдай, дәлірек айтқанда,  6724 қыз жүкті болған, оның  5639-ы босанып, бөпесін бауырына басқан. 1086 жасөспірім түсік жасатқан. «Айқын» газетінің (27.04.2023) жазуынша, соңғы 5 жылда 47 ана жаңа туған баласын өлтіру  ісіне барған. Ал 5 792 қыз жасанды түсік жасатқан. Осы цифрлар неге ойлантпайды?  Тек орамал таққаны үшін иманды қыздарға жармаса береді. Реті келген соң айта кетейік, сол жүкті болған, түсік жасатқан қыздардың арасында бірде-бір орамал таққан қыз жоқ!

Дұрыс бағытта берілген исламдық тәрбие жастарға көркем мінез бен тәртіп сыйлайды. Ал дінімізде Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 59-аятында: «Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: Үстеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ зомбылыққа ұшырамауларына  жақынырақ. Алла (Т.) аса жарылқаушы, тым мейірімді» делінген. Бұл аяттан барлық мүмін әйелдер, балиғатқа толған қыз балалар шариғат амалдарына лайық киіну керектігін, басы мен бүкіл денесін қорғаштауы парыз екенін түсінеміз. Құдайдың заңын қолдан түзетуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда шариғат жолын айтқан мүфти-хазіретті күстаналауға тырысу ниеті түзу жандардың ісі емес!   

 

Әлемде бұл мәселе қалай шешілуде? Айталық, Германияда мектепте оқушы қыздардың жаулық тағуына, хиджаб киюіне ешкім тыйым салмайды. АҚШ пен Канада да солай. Оқушы қыздар мектепте діни қалауынша жүре береді. Керісінше Түркияда хиджабқа жол жоқ. Қызық болғанда Түркия азаматтары осы тұрғыдан қыздарын Германияда оқытқанды жөн көреді. Ресейде қарсылық болса да Татарстанда мектептің оқушы қыздарының орамал тағуына рұқсат етілген. Дания мектептерінде де хиджабқа тыйым жоқ. 2020 жылы 11 желтоқсанда Аустрияның Конституциялық соты елдің бастауыш мектептерінде  оқушы қыздарының жаулық тағуына тыйым салатын бір жыл бұрын қабылданған заңын «Конституцияға сәйкес келмейді әрі кемсітушілік көрінісі болып табылады» деген уәжбен күшін жойды. Англияда биылдан бастап хиджаб тіпті мектеп формасының бір бөлшегі деп қарастырылатын болып жатыр. 

 

Қатып қалған еш нәрсе жоқ екен. Орамал немесе хиджаб қыз баланың ішкі өзіндік тәрбиесіне орасан ықпал етеді, мойнына міндеттер жүктейді. Алла алдындағы өзіндік миссиясын сезінеді. Бұл қоғамды моральдық тұрғыдан сауықтыруға да әсер етеді. 

Осындай мысалдарды негізге ала отырып,  жылда көтеріле берген соң, осы мәселені шешудің жолын да айта кеткім келеді. Мектеп формасын кию, ауыстыру, орамал тағу-тақпау мәселесін мектеп пен ата-аналар бірлесіп шешкені жөн болады. Орамал таққан қыздарға шұқшиюды доғару қажет!

 

Марат Тоқашбаев, жазушы-публицист
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541