Жалпы, барлық құмарлық – тәуелділікке алып келеді. Ал, тәуелділіктің соңы қашан да қауіп-қатерге толы болады. Құныққандарды құмар ойын иірімінен шығара алмай, қамыққан ата-анасы баласының осы шырғалаңның шырмауына қалай шырмалып қалғанын түсінбей дал болады. Ал, психолог мамандар бұл дерттің түбі сонау балалықтың табалдырығынан тамыр тартқанын айтып, дабыл қағуда. Яғни, бейуақытта бала-шағасымен бірлесіп, отбасы ошақ қасында қарапайым карта ойнауды әдетке айналдырған немесе балалары компьютер мен телефонға телміріп өскен отбасылардың тәлім-тәрбиесіне өзгеріс енгізу қажет. Міне, дәл осы бейкүнә көрінген көңілді ойындардың түбі есейгенде құмар ойынына алып келу қаупі зор. Құмар ойыннан шыға алмай жүрген балалардан психологтар қайдан үйренгендері туралы сауал қойғанда, олар ең алғаш өз үйінде ата-анасынан көргенін айтқан екен.
Дүкенде, көшеде болсын темір қондырғылардың қасында күнұзақ үңіліп тұрғандар жиі кездеседі. Олар бала-шағасынан, қала берді ас-ауқатынан аяған ақшасын, аз ғана уақытта еш өкінішсіз соңғы тиын-тебеніне дейін мағынасыз құрылғыға салып бере салады. Бүгінгі таңда ойын түрлері заман құбылған сайын түрленіп, заманауи түрде дами түсуде. Ал, ең сорақысы құмарға құныққан адам қоғамнан біртіндеп қол үзіп, өзгелермен байланыс орнатуға құлықсызданып, ортамен араласудан қалып, тұлға ретінде дамудың орнына, кері кетіп, тіпті адами қасиеттерін жоя бастайды.
Ойынға тәуелділік «лудомания» деп аталады. Лудомания негізі ауру ретінде қарастырылады. Қазақстанда 400 мыңға жуық адам құмар ойынның құрбанына айналған. Ал, 10 жұптың 7-еуі осы құмар ойынның кесірінен ажырасады.
– Біз отбасы құрғанда, бәрі жақсы еді. Менің күйеуім үйге үлкен сомадағы қаражат алып келетін. Оның ойын ойнап жүргенін сезсем де, табысты азамат екенін, тіпті құрдастарының ішінде ең тәуір ақша тауып жүрген менің жолдасым екенін білгендіктен, бұдан келер қауіп жоқ деп ойлағанмын. Алайда, күн өткен сайын оның табысы азайып, кейде тіпті құр қол келетін күндері көбейді. Оған ішкілік қосылды. Мінезі өзгерді. Өзіне қол жұмсау туралы жиі айтатынды шығарды. Соңыра үйден де, көліктен де айырылдық. Қандай қиындық болмасын, отбасымды сақтап қалуға қанша ұмтылсам да, оның ойында ойыннан өзге нәрсенің жоқтығына көзім жетті. Ақыры ажырасып тындық, – дейді құмар ойынның кесірінен тағдырының тоз-тозы шыққан Зира Иранбекқызы.
Онлайн-казино сайттарының қолжетімділігі мен олардың кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себебі болып тұр. Құмар ойындарға деген құштарлық психологиялық ауру ретінде қарастырылады. Одан емделу уақытысы 6 айдың көлемі болса, бір айлық құны 400 мыңды құрайды екен. Құмар ойын мен компьютер ойындарына тәуелділер – нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды болып келеді. Сондықтан олар өздерінің жасап жүрген ісінің дұрыс еместігін біле тұрып, үзілді-кесілді бас тартып, қойып кетуге шамасы жетпейді. Дос-жаран, туған-туыс қолдамайтынын, үнемі кінәлі адам ретінде қарайтынын сезген сайын, өздерін іштей жегідей жеп, күйзелісте жүреді және суицид жасауға дайын тұрады.
– Заңсыз ойын бизнесі нәтижесі бойынша департаменттің атсалысуымен соңғы 5 жылдықта 42 қылмыс тіркелген. Оның 38-і сотқа жолданған. Соның ең көбі Таразда 17-сі, одан кейін Шудан – 9, ал Қордайда – 6 факт анықталған. Әкімшілікпен бірлесіп, полиция басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті ай сайын рейд жүргізіп тұрамыз. Алдағы уақытта тиісті орындардан қаражат бөлінсе, заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша баннерлер, әлеуметтік бейнероликтер жасауды қолға алып жатырмыз, – дейді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Данаев.
«Балық басынан шіритіні» бесенеден белгілі. Ендеше, ең алдымен үйдегі үлкендер балаға үлгі болып, өздері онлайн әлемнен, түрлі азарт ойын түрлерінен аулақ болуы шарт. Бүгінгі бала – ертеңгі қоғам мүшесі, ел ертеңі. Ал, сол баланың ертеңі бұлыңғыр болмас үшін, бүгіннен, яғни, баланы бастан тәрбиелеу керек.
Қазіргі заманауи балалардың көбі виртуал әлемге берілген. Ал, онлайн әлемге есі кеткен бала шынайы өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмайды. Ондай әлсіз адамдар есейгенде де еліктегіш келетінін ескерсек, психологтардың пайымдауынша, құмар ойындарға да күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар көбірек душар болады. Ендеше, «Құмарланып шаттанба, ойнап, босқа күлуге» деп Абай Құнанбаев айтпақшы, бұл індеттен құтылу үшін қажетсіз дүниеден бойыңды аулақ ұстап, рухты тіктеу қажет.