Құқығыңды қорғағың келсе, «Аманатқа» кел!

Құқығыңды қорғағың келсе, «Аманатқа» кел!

 «Qazaqstan dauiri» газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шар уашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, 

«Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен экспедициясы Жетісу облысында

Заңгер Нұрбек Құдайбергенов тегін қызмет көрсетеді

Өткен аптада «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясымен Жетісу облысында болып қайттық. Негізінен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан өкіл қатысқанмен, ол жарты күн бізбен жүрді де, түс ауа ізім-қайым жөніне кетті. Іссапарымызда кездесулер, жан жадыратар іс-шаралар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға тегін көмек көрсетіп жатқан абзал да жайсаң жандармен жылы жүздесулер көп болды. Біздің экспедициямыз Талдықорған қаласымен бірге Ескелді, Көксу аудандарында, Текелі қаласында болды. Ескелді ауданында болғанымызда «Аманат жобасының» қызығын көріп жатқан кәсіпкерлердің қуанышты шақтарының куәсі болып, ортақтассақ, ал Көксу ауданында облыстағы ірі өнеркәсіп орындарында болып, олардың жетістіктерімен, сондай-ақ көкейтесті мәселелерімен де таныстық. Мысалға Көксу қант зауытында болып, оның бүгінгі жағдайына қанықтық. Тау болып үйіліп жатқан тәтті түбір қызылшаны көргенде таңғалдық. Биыл облыс диқандары бітік қызылша өсіріпті. Бұл өте қуанышты, бірақ ол өнімнің көптігі соншама зауыт оны қабылдауға шамасы жетпей отыр. Амал жоқ, шаруалардың зауытқа лек-лек болып ағылған көшін 10 күнге тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі келген өнімнің өзін зауыт өңдей алмай пұшайман халге түсіп отыр. Себебі Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келген зауыттың техникасы әлі де толық жаңартылып үлгермеген. Мемлекет тарапынан берілетін субсидия жартымсыз. Зауыттың өнім қабылдау мүмкіндігі әлі төмен. Бар болғаны 1,5 -2000 тонна. Тау болып үйілген қызылша сонау желтоқсанға дейін жатады екен. Жауын, желдің өтінде жатқан тәтті түбір шіріп, құнсызданады. Енді не істеу керек? Алдағы уақытта мұның шешімін директормен сұхбат барысында айтатын боламыз. 

Мектеп-гимназияларда ұстаздармен кездесіп, шүйіркелестік. Мұнда да жетістіктен қатар көңілге қаяу түсіретін жайттар жетерлік. 

Жетісу облыстық «Аманат» партиясының ұжымының басшылары экспедициямыздың сәтті өтуіне барынша көмектесті. Алғысымыз шексіз. Және партияның көтеріп жатқан мәселелері, тамаша жобалары көп екен. Солардың екеуін айталық. Оның біреуі – «Әкелер одағы» жобасы. Бұл жоба қазір Талдықорған қаласының мектептерінде белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр екен. Екінші жоба ҚР-ның заңгерлер Одағы Жетісу облыстың филиалының басшысы  Нұрбек Құдайбергенов Мәлікұлымен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға құқықтық жағынан тегін көмек көрсетуге партия өзара меморандум жасаған. Бүгінгі нөмірімізде осы екінші жоба жайында кеңінен сөз еткелі отырмыз. Ал экспедициямыз сапарында көрген, білген жайттар жөнінде алдағы нөмірлерімізде беретін боламыз.

«Көмекке ділгір жандарға көмектесуге әрқашанда дайынмын!»

Шынында да осы заң саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген белгілі заңгер Нұрбек Құдайбергенов бауырымыздың өз еркімен, бар жан дүниесімен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға құқықтық жағынан тегін көмек көрсетуге қабылдаған шешімі өте қуантарлық жағдай. Себебі қазақ қауымы өз құқығымызды білмейміз. Осының кесірінен, білместігімізден өмір бойы жеңілістің ащы дәмін татып келеміз, көп нәрседен ұтылып, опық жеп жатамыз. Нұрбек бауырымыздың «Аманат» партиясымен жасаған меморандумы көңіл толқытарлық, тебірентерлік жағдай. Үлкен жүректі азаматпен қысқаша сұхбат жасадық. Сондай-ақ ол көмектескен екі отбасы мүшелерінен арнайы барып жүздесіп, олардың қуаныштарына ортақтастық. 

– Нұрбек Мәлікұлы! Алдымен өзіңіздің еңбек жолыңызбен таныссақ.

– 25 жыл сот залында істедім. 11 жыл судья болдым. Әділет басқармасында қызмет еттім. Осылай біраз тәжірибе жинақтадым.

– Енді осы бай тәжірибеңізді ел игілігіне пайдаланғыңыз келген ақжолтай әрекетіңізге біз қатты қуандық. Себебі осы мәселеде халқымыз үнемі ұтылып, өмірде таяқ жеп келе жатыр. Мұндай шешімге келуіңізге біреулер әсер етті ме, әлде өз жүрек қалауыңыз ба?

– Өз жүрек қалауыммен келдім. Осы салада жүргеннен кейін қарапайым халықтың, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен жандардың өз құқығын білмейтіндігі менің жанымды ауыртатын. «Оларға қалай көмектесе аламын?» деп ылғи ойланатынмын. Мұның сәті өткен жылы келді. Жалпы мен ҚР-ның заңгерлер одағы Жетісу облыстың филиалының басшысымын. Мен ылғи «Аманат» партиясындағы жігіттермен араласып тұрамын. Мұндағы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Асхад Сейденұлымен пікірлеспін. Өте белсенді, терең білімді, жан-жақты азамат. Осы Асекеңе ойымды айтып едім, қуана құптады. Партиямен ресми түрде меморандумға тұрдық. Халық көмек сұрап келе бастады. Шынымды айтсам, бұл іске жан-тәніммен кірістім. Көшпелі кездесулерді жиілеттік. Яғни аудандарға да жиі барамыз. 

– Сонда халық негізінен қандай тақырыптарда жиі келеді? Құжаттарды, талаптарды  тегін жасап бересіз бе?

– Әрине, тегін жасаймын. Әйтпесе адвокаттар жұмысы қымбаттап кетті ғой. Жылдан аса уақытта көптеген адамдардың құқығын қорғап, жеңіске жеттік. Ең өзекті мәселе – тұрғын үй мәселесі. Соттың талай шешімдерін бұздырып, үміті үзіліп, сенімі жоғалғандардың көбісін қуанышқа кенелдірдік. Жол оқиғалары да (ДТП) өзекті тақырыптардың бірі. Әділетсіз тергеушілерді ойларынан қайтарып, дұрыс жолға түсірдік. Жер мәселелерінің талай түйіндері шешілді.

– Қайырымдылық шараларына да атсалысады екенсіз.

– Иә, жетім-жесірлерге көмекті ұйымдастырып жүремін…

Нұрбектің ақ көңілділігі, жаны жайсаңдығы мына мәселеден де көрініс берді. Ол уақытының аздығына қарамастан көлігімен екі күн бойына аудан, ауылдарды аралатып, бізбен бірге жүрді. Текелі қаласына барған сапарымызда ол және «Аманат» партиясы көмектесіп, жеңіске жеткен екі отбасы бар екен. Сол отбасыларға ат басын бұрдық. 

   Ажырасқан келіншекті алимент төлеуге мәжбүр етті

Текелі – қос таудың арасында орналасқан ерекше әрі ғажайып қала. Ащы ішектей бірнеше шақырымға созылып жатыр. Табиғаты қандай! Қазақтың Швейцариясы десек те болады. Осы қаланың бір тұрғыны Алпамыс Туғанбековтың үйіне келдік. Қарапайым ғана жер үй. Қарадомалақтар бізді қуана, шаттана қарсы алды. Алпамыстың анасы Хапиза мейірім шуағын төккен салиқалы аналардың бірі екен. Сәлемдестік. Біз келеді деп шағын дастарқан жайып қойыпты. Наннан ауыз тидік те, ол кісілермен шүйіркелесе әңгімелесіп кеттік. Алпамыс Виалета Сергеевна деген қызға ғашық болады. Ол да кетәрі еместігін білдіреді. Үйленді, шаңырақ көтерді. Алғашқыда бәрі жақсы болды. Үш перзентті болды. Олар бақытты еді. Жын-шайтан арбады ма, кім білсін, аяқ астынан Виалета тосын мінездер көрсете бастады. Төркініне кетіп, ұзақ уақытқа оралмайтын болды. Әрине, бұл Хапиза анаға өте ауыр тиді. Баласын, немерелерінің болашағын ойлап, уайымға батады. Бірақ салмақты, салиқалы мінезінен айныған емес. Келін бұл теріс мінезін тоқтатады деп сенеді, үміт үзбеді. Бірақ бірте-бірте сенім жоғалды, үміт үзілді. Алпамыс та қанша шыдағанмен, келіншегінің өрескел әдеттеріне шыдамады. Ақыры ажырасты.

Сот үш баласын анасына тиесілі етті. Алпамыс балаларын сағынып қайта-қайта оларға барып тұрды. Әр барған сайын жүрегі ауырып қайтады. Балаларының кір, лас болып қараусыз қалғанын көргенде қалай жүрегі ауырмасын. Ақыры ол шыдамай «Аманат» партиясынан, Нұрбек ағасынан көмек сұрады. Жедел іске кіріскен Нұрбек не істеу керектігі жөнінде кеңесін берді. Тек қана кеңес бермей, заңдық тұрғыдан қолдады. Балалар әкесіне қайтарылды. Және анасынан алимент төленетін етті. Енді жұмыспен қамту орталығымен байланысып, Алпамысты қызметке орналастырмақшы.

–  «Аманат» партиясына, Нұрбек ағама рақмет! Әйтпесе мен далада қалатын едім, – дейді Алпамыс риясыз көңілмен…

Тағы бір отбасыға қуаныш сыйлады

Тағы бір қиын тағдыр иесі Қайрат Заңгибековтың отбасында отырмыз. Қайрат бауырымыз сәби жасынан жүйке ауруымен науқастанады. 3 жасынан бастап Жаркент қаласында жүйкесі ауыратындардың интернатында болды. Егер осы ауруына көндігіп кете берсе, ол атың өшкір ауруханадан шықпас еді. Жігерлі, қажырлы Қайрат ол науқастың дегеніне көнбей күресті. Ақыры оның нәтижесін де көре бастады. 2004 жылы Қызжібек Ахмедова атты сұлумен танысып, үйленді. Шүкір, қазір 3 перзенті бар. Бірақ бір жаманы әлі де бұл науқастың бұғауынан шыға алмай жүрді. Қамқоршысы – Күлімхан анасы. Бұдан қалай құтылуға болады? Қандай бір жұмыс істесе де анасы қасында болуы тиіс. Әсіресе ең қиыны балаларын бағуға қабілетсіз деген қатып қалған қағида. «Қабілетті екенімді дәлелдеу үшін бармаған жерім жоқ. Бірақ бәрі нәтижесіз болды», – дейді Қайрат күрсініп. Республикалық ауруханада жатып, өзін-өзі тексертеді. Оны аурухана «қабілетті» деп танып, сараптама беріледі. Бірақ балаларына құжат жасағанда «қабілетсіз» деген қара таңба алдынан шығады. Қаншама дәлелдейін десе де, олар айтқанынан қайтпайды. Адвокат жалдауға қалтасы көтермейді. Ақыры ұзынқұлақтан «Аманат» партиясында «құқықтық жағынан тегін көмек көрсетіледі» деген жылы хабар естіп іздеп барады. Нұрбек ағасымен танысады. Сөйтіп әуелі құдай, содан соң Нұрбек ағасының арқасында сотта «қабілетті» деген қолжетпес арманына жетеді.

Қайрат пен Қызжібектің үйі тап-таза, жарық, әсем екен. Балалары шат-шадыман. Бақытты отбасы. «Партияға, Нұрбек заңгерге екі дүниеде ризамын» дейді Қайрат Нұрбек ағасын құшақтап. Қайрат 1997 жылдан бері намаз оқиды екен. Оның бұл әрекетін қалай ерлік демейсің…

Нұрбек көмектескен адамдар өте көп. Біз «Аманат» партиясында болғанда оны қаншама құқықтық жағынан ділгір жандардың іздеп келіп жатқанын көрдік. «Айналайын, Нұрбекжан, рақмет саған. Қаншама сауап жинап жатқаныңды бір Алла біледі. Бірақ мына ісің нағыз азаматтың ісі», – дедік біз онымен қоштасып тұрып. Шіркін, соттар осы Нұрбектен үлгі-өнеге алып, шешініп тастап халқына көмектессе, еліміз тазарып, әділетті қоғам, әділетті мемлекет орнар еді-ау...

Қоғамдық даму бөліміндегі құқықтық қабылдау

Жетісу облыстық «Аманат» партиясының Қоғамдық даму бөлімінің басқа да халыққа қамқорлық жасауда жобалары бар екен. Соның бірі – Нұрбектің қатысуымен халыққа құқықтық жағынан көмектесетін жоба. Айына бір мәрте облыстағы заң орындарының мамандарын шақырып, көмекке мұқтаж халықты қабылдайды. Тікелей көмектеседі, ақыл-кеңес береді. Біз осындай қабылдаудың куәсі болдық. Адамдар көп келді. Олардың ішінде алимент ала алмай жүрген азаматшалар көп болды. Облыс бойынша алимент төлемей қашып жүргендер 600-700-ге жетеді. Заң қатаңданса да балаларының тиісті нәпақасын төлемегендердің көбеюіне не себеп? Соның ең бастысы жұмыссыздық екен. Қоғамдық қабылдау жасаған Әділет басқармасы жұмыссыз жүрген әкелерге де көмек беруге тырысады. Мінеки, көрдіңіз бе, тек заңдық, құқықтық тұрғыдан «Аманат» партиясы осындай игі істер атқарып жатыр. Өзгелер, үлгі алыңыздар!

 

Ертай Айғалиұлы
27.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 908
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 1123
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 1130
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 1125
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 1132
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 909

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 12118
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11032
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14268
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13228
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18242