Құрдымға кеткен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті

Құрдымға кеткен қазақ тілі мен  қазақ әдебиеті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын еңсеріп, болашаққа қарай қадам басып келеміз. Сонда 30 жыл бойы үздіксіз айтылып, ақыры жауыр болған жараны бүгін тағы қозғап отырмыз. Бұл ауру ахуалдан арылмасақ, болашаққа қарай басқан қадамымыздың келешек кепілі бола алары күмәнді. Ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де,  оқулықтар жайын  жасампаздықпен жайнатуға қауқарымыздың жетпей қойғаны тіптен түсініксіз.

Әлем елдерімен терезе теңестіру үшін ең алдымен мемлекеттік тілді оқыту мәселесін мықтап қолға алу керек. Өйткені, Шерхан Мұртазаның сөзіне сүйенсем, «Тілінен айырылған ұлт-тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды». Ендеше, Ұлы дала төсінде салтанат құрған Мәңгілік ел боламыз десек, тілді оқыту жайын оңынан қамдауымыз керек. Осы себептен де ең алдымен қазақ тілі оқулықтары туралы ақиқатты ақтарайын. 

 

Қазақ тілі оқулықтарының қасіреті – ұлт қасіреті

Біріншіден, қазақ тілін ұлт сыныптарында оқыту мәселесінде оңбай опық жеген  күніміз – жаңартылған білім беру мазмұнына көшкенде, өзге тілде оқытатын ұлт мектептерінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін қосақтап, «қазақ тілі мен әдебиеті» деген «тосын» пән ойлап таптық. Мемлекеттік тілді оқытуда қапы қалған тұсымыз осы болды. Өйткені ғылыми тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да мүлде екі басқа екі пәнді бір-біріне теліп, береке таппасымыз анық еді. Сол берекесіз тірлік тырбың қалпынан танбай әлі келеміз. Жаңаруға дейін жеке-дара пән есебінде оқытылып келген қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері осылайша құрдымға кетті. Енді төменде сол «құрдымға кету көріністерін» айғақтайтын боламыз.

Білім негізі – бастауышта. 2-қазақ сыныбында оқытылатын «Қазақ тілі» пәні оқулығын қарап көрейік. Білім және ғылым министрлігі ұсынған бұл оқулықтың авторлары – Ә.Жұмабаева, Г.Уайсова, Г.Сәдуақас. Екі бөлімді оқулықтың алғашқы бөлімінің  бір сабағы – «Ауызекі сөйлеу мен жазбаша сөйлеу» деп аталады. Авторлар бұл тұста тілдің ауызша және жазбаша түрлері туралы мәлімет бере отырып, ерсілеу атау берген.  «Тың» термин былай түсіндірілген: «Жазбаша сөйлеу – жазылып берілетін хабар...  Қазір жазу үшін әріптер және басқа бейнелер пайдаланылады».  Яғни үзінді көрсеткендей, тілдің өмір сүру формасына қарай ауызша және жазбаша болып бөлінуін авторлар теориялық тұрғыда оңынан бере алмай отыр. Оқушының ойында әріптен басқа тағы «нендей бейнемен» жазатыны туралы орасан көп сұрақ қалатыны тағы бар. Қазақ тілін  бастауыш сыныптарда меңгертуде оқушының  тілін дамытудың орнына оны сансыз сұрақтар соққысына қалдыру тіптен орынсыз. Ал қуанарлық жайт-оқулық авторлары  ұлттық киімдер туралы ақпараттарды рет-ретімен орайластырып, грамматикалық тақырыптарды да жүйелеп беріп отырған. Және тақырыпқа сай ережелерді айшықтап, қысқаша ұсынған. Бірақ әр тақырыпта дерлік қайталанып келетін тапсырмалар  сипаты мынадай: өлеңді (сөйлемді) көшіріп жаз, оқы, жатқа жаз, көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып жаз, ребус құра, жұмбақ шеш. Кей ретте тапсырма тұманды болып қала берген. Мысалы «қарамен жазылған сөздерді салыстыр» деген тапсырмада мағыналық тұрғыдан салыстыру ма, әлде жазылуын салыстыру ма, аражігі ажыратылмаған және де 2-сынып  оқушысы үшін «мектеп кітапханашысынан сұхбат ал» деген күрделі тапсырмалар тағы да көп сұрақ тудырады. 

 Дұрысында тақырып «Дауыссыз қ мен ұяң ғ» деп ашыла түсуі керек. Өйткені кітапты қателесуді білмейтін кемеңгердей көретін оқушылар үшін «ғ» дыбысы да қатаңдардың санатында жатталып қалуы мүмкін. 3-ұлт сыныбына да көз жүгіртейік. Авторлары – Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, А.Рауандина, Л.Нұрмұханова. 9-беттегі 3-тапсырмада «мәтінді оқы» депті. Мәтін мынадай: «Табиғат жанды және жансыз болады. Жанды табиғатқа адамдар, жануарлар, құстар, өсімдіктер жатады. Жансыз табиғатқа су, тас, тау, Күн, Ай жатады. Жанды табиғат өседі, өзгереді. Ал жансыз табиғат өзгермейді». Бұл мәтінді оқып отырып, орыс тілі грамматикасындағы «одушевленные и неодушевленные имена существительные» деген ереже есіме түсті. Ал авторлар «өзгермейді» деген судың суалатынын, тау мен тастың мүжілетінін қаперден шығарған тәрізді. Жанды-жансыз деп табиғатты жікке бөлмей, одан да жыл мезгілі туралы бір шумақ өлең берсе игі еді.

5 сынып оқушысына артылған ауыр жүк

5-ұлт сыныбына арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығында «тақырыпты болжа, өзіңе таныс сөздерге сүйеніп, өлеңде не туралы айтылғанын болжап айт» деген тапсырмалар өріп жүр. «Болжап айт» деген өлеңі М.Мақатаевтың «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда» өлеңі. Мұқағалидың бұл өлеңдегі ойын болжау үшін оқушыға  бай сөйлеу тілі мен асқан алғырлық керек. Оқушы алғыр-ақ болсын, алайда оның 5-сыныптағы  жас ерекшелігіні ескерейік. Оның жас дәрежесі Мұқағалидың өлеңіндегі  мәселені болжап айту қабілетіне ие болуға әлі ерте. Грамматикалық тақырыптарда тіл білімінде белгілі болған жүйе жоқ. Бір сабақта тәуелдік жалғауын берсе, келесі сабақта жалпы зат есімдер деп әртараптанып тұр. Түйеден түскендей тапсырмалар да жетерлік. «Суретке қара. Суреттемелік мәтін құрап жаз» деген сынды тапсырмалар  өтілген грамматикалық тақырыптар мен меңгертілген лексикалық тақырыптар арнасынан асып кеткен. Жаңаша оқытудың бір тәсілі оңайдан күрделіге қарай деп ұрандатамыз. Алайда оқулықтардағы оңайдан қиынға принципінің ұсқыны мынадай. Кейбір тапсырмалар орыс тілінен аударылғандай  қазақы пайымы шорқақ: «Бата сөздердің адамға пайдасы туралы ой қорытыңдар». Бата адамнан басқа тағы кімге немесе неге берілуші еді? Пәннің аты қазақ тілі мен әдебиеті болса да, бұнда әдебиет теориясы жоққа тән. Әдебиет теориясы былай тұрсын, әдеби тұлғалардың есімдері анда-санда бір әрең қылаң береді. 5 ұлт сыныбының қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқулығының 1-бөлімінде тек қана М.Мақатаев, Б.Соқпақбаев, А.Құнанбайұлы 1-2 сағат аясында ғана берілген. Мұншалықты тар шеңберде өзге ұлт өкілдерінің қазақ әдебиетін меңгеріп шығуы мүмкін емес. Сондықтан да қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін ұлт мектептерінде қайтадан дербес пән етпейінше, мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып, қазақтың ұлы тұлғаларына деген құрмет артады деп күту тым артық. Ал аталған мәселенің оңынан шешілсе, мемлекеттік тілдің меңгертілу дәрежесі артар еді.

 

Тілі күрделі саяси мәтіндер қайдан жүр?

Қазақ сыныптарында тіл мен әдебиет пәндері жеке-жеке оқытылады. Алайда әттең-айы сол-қазақ тілі оқулықтарында география, биология, көлік саласы, астрономия ғылымының тақырыптары түйдектеле беріліп, тілдік тақырыптар  басты нысанадан ауытқып кеткен. Мәселен 5-қазақ сыныбында «Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі» модулі берілген. Бұл тақырып 8-қазақ сыныбында тағы қайталанады. Сонда қазақ тілін үйренудің басты іргетасы жануарлар жайын білуден бастала ма? 9-қазақ сыныбының «Қазақ тілі» оқулығы тіпті саясаттану болып кеткен. Оқушылардың қызығушылығын құртатын тілі күрделі саяси мәтіндердің көптігінен оқулықтың әбден берекесі кеткен. Аталған оқулық авторлары М.Мамаева, Ж.Мұқашова қазақ тілін саясаттану мен «шатастырып алғандай». «Жаһандану мәселелері», «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік» тақырыптар топтамасы арқылы қазақ тілін қаншалықты меңгертуге болады? Оқулық авторлары оқушылардың тілдік сауатын арттыруды емес, оларды саясаткер, биотехнолог етіп шығаруды көздейтіндей. Бұндай әр ғылымның саласынан азды-көпті хабар беретін тақырыптардың орнына тұлға қалыптастыруға, оның адами келбетін дамытуға күш салатын тілдік тақырыптарды молынан берсе нетер еді? Сұрақ көп анталаған, жауап жоқ.

«Мемлекеттік тілге құрмет аз, қазақ баласы неге ана тілінде шорқақтайды?» деп жыламсырауға шеберміз. Дегенмен бұл жылауық күйдің астарын аңдауға келгенде «білмеймінге» басамыз. Егер қазақ тілі оқулықтары тиісті деңгейде жазылса, онда қазақ баласының өз тілінде өзгеше шешіле шүйіркелесуі, өзге ұлттың мемлекеттік тілде мүдірмей мейлінше жатық сөйлеуі  қағазда ғана сайрайтын «лепірме шындыққа» айналмас еді.

 

Айзат РАҚЫШ
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 53
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 41
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 162
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 162
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 306
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 306
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 526
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 477

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9181
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8580
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11808
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9577
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10788