Сіздерді қос басылымның мерейлі мерекесімен құттықтаймын. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы тәуелсіз мемлекеттің ақпарат саласында өзіндік орны бар ақпарат құралдары ретінде белгілі. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті тәуелсіздіктің елең- алаңында еліміздің ақпарат айдынына жаңа тыныс пен өріс әкелді. Қазақ журналистикасының кеңестік таптаурын стандарттардан тез бой тартып, нарықтық қатынас жағдайында еңсе түзеуіне осы газеттің қосқан үлесі өлшеусіз. 1990 жылдардың ортасынан бастап «Qazaqstan dauiri»-нде кейін елге кеңінен танылған журналистердің үлкен буыны өсіп-жетілді, қанатын қатайтты. «Qazaqstan dauiri» орнықты журналистік ортаға айнала білді. Заманның түрлі қиындықтарына төтеп беріп, бұл күндері де «елдің құлағы, көзі һәм тілі» болу миссиясын адал атқарып келеді. 2010 жылдары осы басылымға мен де автор болып, ел көздеген бағыттың негізгі ұстанымдарын түсіндіруге, пайымдауға, жақсы жағын көрсетуге үлес қосқанымды үлкен журналистік олжам деп санаймын. Сол кездері біз анықтап көрсеткен нақты мәселелер мемлекет деңгейінде шешімін тауып, тиісті мекемелердің назарына ілініп жатты. «Мөлдір бұлақ» жас ұрпақты мемлекетшілдікке, отансүйгіштікке үндеу, тәрбиелеу жолынан айныған емес. Журналды таныту, ақпарат саласының белді мүшесі ретінде қалыптастыру оңай болған жоқ.
Шыққанына 30 жыл толып, бүгінде аға басылым дәрежесіне көтерілген «Qazaqstan dauiri» газетінің, 20 жылдан бері бүлдіршіндердің айнымас серігіне айналған «Мөлдір бұлақ» журналының мерейлі мерекесі құтты болсын!