Биылғы жыл сіздер үшін айтулы белес болып отыр. Осы орайда баршаңызды «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдық, «Мөлдір бұлақ» журналының 20 жылдық мерейлі кезеңдерімен құттықтаймын!
Еліміздің ақпарат кеңістігінде қазақ баспасөзінің тынысы кеңейіп, қарым-қуаты артқан тәуелсіздік жылдарында Түркия мемлекетімен бірлескен жоба – «Қазақстан-ZAMAN» газеті жарыққа шыққанын жақсы білеміз.
Бұл басылым бауырлас екі ел арасындағы рухани байланыстың нығаюына елеулі үлес қосты. Қоғамның көкейтесті мәселелерін қозғап, оқырмандардың азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етті. Экономикалық, саяси, рухани тақырыптардың қай-қайсысын да назарынан тыс қалдырған жоқ. «Qazaqstan dauiri» деген атпен жалғасын тауып келе жатқан газет жетісулықтар үшін бүгінде бөтен емес. Сол сияқты «Мөлдір бұлақ» журналы да жас жеткіншектердің танымдық қызығушылығын арттыру, шығармашылығын шыңдау жолында елеулі еңбек етіп келеді. Бүгінгі медиа кеңістік ауқымы кеңейіп, ақпарат тарату мүмкіндігі артып отырған жаңа кезеңде қос басылымның ұжымына толайым табыс тілеймін! Қаламдарыңыз қуатты, ғұмырларыңыз шуақты болсын!