Қадірлі Сәуле Мешітбайқызы!
Сіздерді Ұлт баспасөзінің төрінен ойып орын алған бірегей басылымның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында ұлт тарихының жылнамасын жазып, ертеңгі ұрпақ еншісіне орасан игілік қалдырған бір басылым болса, ол – «Qazaqstan dauiri» газеті. Алғашқы жылдары «ZAMAN-Қазақстан» атауымен жарық көріп, кешегі Тұранның тұғырлы мұрагерлері Түркия – Қазақстан мемлекеттерінің тарихи достығына дәнекер болған айтулы басылым түбі бір Түркі әлемінің ортақ мәселесін өткір көтере білді.
Бүгінгі таңдағы ұстанымы ұтқыр қадамдарға бастап, Жаңа Қазақстан құру жолындағы тарихи мұраттарымызды насихаттауда байсалды бағыт, батыл бастамаларыңызбен дараланып келесіздер. Халық пен билік, тарих пен Жаңа Қазақстан арасындағы тарихи үндестік, рухани байланысқа алтын көпір болып келе жатқан еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін! «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтқандай, бүгінгі Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделін көтеруге «Qazaqstan dauiri» газеті, сол газетті жарыққа шығарып келе жатқан шығармашылық ұжымның ілкімді ізденісі мен жаңашыл қадамы қандай құрметке болсын, лайық! Осы құрмет төрінен төменге ығыспай, әрқашан абырой асуында, шығармашылық шыңда болуларыңызға тілектестік білдіремін!