Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Сембекұлы Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, «Түрксіб» теміржол вокзалының аумағында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ол жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, аталған нысандағы жұмыстардың сапасы мен мерзімдік кестесіне баса назар аударуды тапсырған болатын.
Осы тапсырмалардың орындалу деңгейін талқылау мақсатында аудан әкімдігінде арнайы кеңес отырысы ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов төрағалық етіп, күн тәртібіне теміржол вокзалының құрылыс барысына қатысты өзекті мәселелер шығарылды. Кеңеске жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мердігер және жобалаушы ұйымдардың басшылары, сонымен қатар теміржол саласының жауапты мамандары қатысты.
Отырыста ең алдымен құрылыс жұмыстарының сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігі, жұмыс кестесінің сақталуы және жобалық шешімдердің уақытылы орындалуы мәселелері жан-жақты қарастырылды. Мердігер компания өкілдері атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер туралы баяндап, кездесіп отырған негізгі қиындықтар мен кедергілер жөнінде айтты. Өз кезегінде жобалаушы ұйымдардың инженерлері техникалық бақылау мен қауіпсіздік талаптарының орындалуы жайында түсініктеме беріп, кейбір жобалық өзгерістер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов құрылыс барысын мұқият қадағалау қажеттігін атап өтті. Ол жұмыстың сапасы мен мерзіміне қатысты ешқандай салғырттыққа жол берілмеуі керектігін ескертті. Әкімнің айтуынша, «Түрксіб» вокзалы аудан тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды әлеуметтік нысан болғандықтан, оның жаңарған келбеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері заман талабына сай болуы шарт.
Кеңес соңында Ернар Есіркепов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, белгіленген мерзімде жұмыстарды сапалы аяқтауды міндеттеді. Сондай-ақ, барлық тапсырмалардың орындалуы мен құрылыс барысы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы















