БАҚ өкілдері бас сұққан тағы бір аймақ Құрық порты еді. Құрық порты – халықаралық көлік дәліздерін қалыптастырып, көлік инфрақұрылымын жаңғырту арқылы нарықтың жаңа сегменттеріне шығуға мүмкіндік беретін және аймақтың экономикасын дамытуға ықпал ететін жетекші жоба. Порттың теміржол паромдарына қызмет көрсетуге және автокөлік құралдарын өткізуге арналған қос айлағы, сонымен қоса кемелердің барлық түрін қабылдауға арналған әмбебап айлағы бар. Бүгінде порттағы тарифтік саясатты тиімді бағытта бағдарлау, сенімді, қауіпсіз әрі жедел жүк тасымалын қамтамасыз ететін жаңа тетіктерді іске қосу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Құрық портын толық қуатта іске қосу, толассыз жүк тиеу-тасымалдау үрдісін үзбей, үздіксіз қамтамасыз ету үшін бір-біріне берік байланған халықаралық деңгейдегі логистикалық тізбектің бірізді әрі мінсіз қызметін ұйымдастыру секілді маңызды экономикалық мәселелер оңынан шешілуде.
– Былтыр Құрық порты бес жылдық мерейтойын атап өткен еді. Биыл порттың жүктемесі, яғни тасымал көлемі екі есеге ұлғайды. Бұған паромдар санының көбеюі сеп болып отыр. Сондықтан «Қазақстан теміржолы» тарапынан қосымша екі тепловоз іске қосылды. Мінеки, осыған орай біз порттың транзиттік әлеуетін арттыруға күш салып жатырмыз. Порт арқылы вагондардың ғана емес, автокөліктердің де тасымалы жүзеге асады, бұл тұста Түркияның логистикалық әлеуеті көліктермен байланысты екенін ескеріп, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Өткен айда 2 мың тоннаға дейінгі жүк тасымалы жүргізілді. Маусым айында транзиттік әлеуетті төрт есеге ұлғайтуға жұмыс жасаймыз. Әрине, Каспий теңізіндегі ауа райының құбылуы өзіндік әсерін тигізеді. Әзірге елімізде жеке паром жоқ. Алдағы уақытта отандық 4 паромды құрастыруды көздеп отырмыз. Паром кешенін іске қосу арқылы отандық теңіз флотын қалыптастыру Каспий маңы елдерімен саяси-экономикалық серіктестіктің тінін бекіте түсті. Порт аумағындағы барлық инфрақұрылымдық нысандар халықаралық талаптарға сәйкес озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған. Кедендік ресімдеу пунктінде барлық іс-шаралар «бір терезе қағидаты» бойынша жүргізіледі. Порттан 3 шақырым жерде іріктеу станциясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бәрі дерлік Құрық портының дамуына оң серпін береді, – деді «Құрық порты» ЖШС директоры Серік Ахметов.
С.Ахметовтың сөзіне сүйенсек, теміржол паромдарына қызмет көрсететін айлақ арқылы жылына 4,1 млн тонна жүк тасымалданады. Порттың тиеу қуаты бір деңгейлі паромды 6-8 сағатта өңдеуге, ал екі деңгейлі паромды 10-12 сағатта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл – порт кешенінде күніне 5-8 паром өңделеді деген сөз. Теміржол паромдарына 54 вагонды тиеуге мүмкіндік бар.
Құрық порты арқылы мұнай өнімдері, астық, көмір, тыңайтқыш, химиялық өнімдер, металл, халық тұтынатын тауарлар және контейнерлер тасымалданады. Импортты азық-түлік өнімдері, өнеркәсіптік жабдықтары, құрылыс материалдары және басқа да жүктер құрайды. Порт арқылы транзитпен әртүрлі жабдықтар, электроника, тоқыма, химия өнімдері, металл бұйымдары өтеді.