ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Биылғы халықаралық пәндік олимпиадалардың аралық қорытындысын жариялағым келеді. Бүгінгі күнге дейін оқушыларымыз 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар.
Яғни 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды.Бұл жерде ең беделді халықаралық олимпиадалар туралы айтып отырмыз.
Биыл тұңғыш рет Президенттің қолдауының арқасында оқушыларымыз 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алып, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады.Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды.
Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында, ал бұл – 12 жылдағы үздік көрсеткіш.
Физикадан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз 1 алтын, 4 күміс медаль иеленді. Бұл –соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Былтыр команданың қоржынына 5 күміс түскен болатын.
Географиядан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз екінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды. Биыл да 1 қола медальға ие болдық.
Биологиядан халықаралық олимпиаданың қатысушылары 3 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алып, былтырғы нәтижелерін жақсартты. Былтыр 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ бір Құрмет грамотасын алған болатын.
Ал зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктеріміздің жұмысын өте жоғары бағалауға болады. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. Оның үстіне бұл 2017 жылдан бергі алғашқы «алтын» болды.
Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған-ды.Барлық бағытта оң өзгеріс байқалады. Бұл балаларымыздың дайындық деңгейін көрсетеді.Алдағы уақытта информатика мен лингвистикадан олимпиадалар өтеді. Оқушыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол.Жас өрендерімізді жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен ата-аналарына және кәсіби шеберлігі үшін әріптестеріме де алғысым шексіз», – деп алғыс білдірді фейсбук парақшасында.