Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың қыркүйегінде азық-түлік тауарларының бағасы былтырғы жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 22,2%-ға өсті. Азық-түлік емес тауарлар 17%-ға, ал ақылы қызметтер 12,3%-ға қымбаттады. Жалпы жылдық инфляция 17,7%-ға жетті деп хабарлайды LS агенттігі.
Қымбатшылық, әсіресе, Маңғыстау облысында байқалады. Мұндағы инфляция көрсеткіші – 21,7% және Астанада 20%-ға жеткен. Алматыда бұл көрсеткіш 17,3%-ға тең. Тауарлар арасында А4 қағазы екі есе қымбаттады. Ал құмшекер – 80,8%, кір сабын 68,9%-ға шарықтаған.
Тамызбен салыстырғанда инфляция қыркүйекте 1,8%-ға өсті. Атап айтсақ, ақылы қызмет құны 2,7%-ға көтерілген (тамызда 1,6%- ға өскен). Ал азық-түлік емес тауарлар 1,9%-ға қымбаттады. (тамызда 1,8%-ға өскен). Азық-түлік тауарлары – 1,2%-ға (тамызда 1%-ға) шарықтаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттарға баға 5%-ға, жуу және тазалау құралдарына – 4,4%-ға, жеке пайдалануға арналған тауарларға2%-ға, киім мен аяқ киімге1,9%- ға өсті. Отын 3%-ға, тас көмір 2,9%-ға, баллондарда сұйытылған газ 1,5%-ға қымбаттады.
Азық-түлік тауарлары бойынша жұмыртқа бағасы 7,5%-ға, күнбағыс майы – 4,6%-ға, күріш, макарон өнімдері – 4,1%-ға, тоқаш және ұн өнімдері – 3,8%-ға, жарма – 3,2%-ға, кондитерлік өнімдер – 3,1%- ға өсті. Баға жаңа піскен көкөністерге – 10,2%-ға, картопқа – 8,5%-ға, түйіршіктелген қантқа – 5,2%-ға, жаңа піскен жемістерге 3%-ға түскен.