Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция министрі Құдайберген Базарбаев 15 шілде күні журналистерге сұхбат берген кезде Ауғанстандағы 1,5 мыңдай этникалық қырғызды елге көшіріп әкелу туралы шешім қабылданғандығын айтты.
«2022-2024 жылдар аралығында Ауғанстанның Үлкен және Кіші Памир аймағынан елімізге 1500-дей этникалық қырғызды көшіріп әкелу жоспарлануда. Бұлар мөлшермен 400-дей отбасын құрайды. Оларды елге әкеліп орналастыру үшін баспанамен қамту, ауылдағы инфрақұрылымды дамыту үшін биыл мемлекет қазынасынан 77 млн 220 мың сом қаражат қарастырылған», – деді министр. Ауғанстандағы қандастарын елге әкелу мәселесін ел Президенті Садыр Жапаров былтыр бастама етіп көтерген. Әрі Үлкен Алай ауданында елге келушілерге арналып салынатын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. Қырғыз үкіметі бұл мәселені екі жылдың ішінде шешу үшін бюджеттен 244 млн 530 мың сом қаржы бөлуге шешім қабылдапты.
Ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда, қазірге дейін Ауғанстанның Үлкен Памир және Кіші Памир жерлерінде өмір сүріп жатқан этникалық қырғыздардан 100-ге тарта отбасы Қырғыз Республикасының Нарын және Алай аудандарына көшіп келіп ірге тепкен екен. Бұлардың арасында мемлекеттің барынша қамқорлық танытқанына қарамастан, бірнеше отбасы кері көшіп кеткен. Осыдан кейін әлеуметтанушылар мен тарихшылар арасында түрлі пікір қалыптасқан. Олардың бір бөлігі Ауғанстандағы этникалық қырғыздардың ауа райы қатал әрі өте нашар тұрмыстық жағдайда өмір сүріп жатқандығын ескеріп, оларды түгелдей көшіріп әкелу керек дейді. Ал бұған қарсы пікір білдірушілер оларды тарихи атамекенінен қозғамай-ақ, халыққа аса қажетті мектеп, аурухана секілді нысандарды салып беріп, олардың өз жерлерінде ойдағыдай өмір сүруіне көмек беру керек дегенді алға тартыпты.