Қырғыздар Қазақстанды айналып өтетін көлік дәлізін ашпақшы

Қырғыздар Қазақстанды  айналып өтетін  көлік дәлізін ашпақшы

Жақында әлеуметтік желі қолданушылары Қырғыз арналарындағы Қазақстанды айналып өтіп, Ресейге баратын жаңа көлік дәлізі туралы ақпараттармен бөлісті. Біз қырғыз сайттарын ақтарып, мәселенің мәніне бойлаған едік. Бұл ақпарат қырғыз БАҚ-тарында 2024 жылы қазан айының соңына қарай белгілі болған екен. Мәселен 2024 жылы 31 қазанда «https://bes.media/news» сайтындағы орыс тілінде «Қазақстанды Каспий теңізі арқылы айналып өтетін көлік дәлізі: Қырғызстан паром іздеп жатыр, Ресей теңіз түбін тереңдетуде» атты материал жарық көрген. Онда «Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан Каспий теңізі арқылы Қазақстанды айналып өтетін көлік дәлізін құруға келісті. Жаңа көлік бағыты Түркіменбашыдан басталып, Астраханьда аяқталады» деп жазыпты. Бұдан ары қарай Қырғызстанның халықаралық жүк тасымалдаушылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Игорь Голубевтың аузынан шыққан біраз деректі келтірген.

«Біз жүктерді баламалы бағытпен тасымалдауға мүмкіндік беретін жобаны қолға алдық. Паром өндірушіні тауып, оны өндіріп, қырғыз тасымалдаушылары үшін Каспий теңізіне жеткізу туралы саяси шешім бар. Қырғызстанның Көлік министрлігі қазір оларды Каспий теңізіне тасымалдау үшін Жерорта және Қара теңіздерде паромдар іздеп жатыр. Ал, теңіздегі су деңгейі төмендеп жатқандықтан, Астраханьда тереңдету жұмыстары жүргізілуде», – депті Игорь Голубев.

Қазақстандық баспасөз беттерінде айтарлықтай тарала қоймаған бұл жоба 2023 жылдың 1 қарашасында Ташкентте талқыланған көрінеді. Онда Қазақстанды айналып өтетін көлік дәлізін дамыту туралы келісімге қол қойылыпты. Жаңа бағыт өз жүктерін Қазақстан арқылы тасымалдауда үнемі қиындықтар туындайтындығын айтып шағымданған қырғыздардың мәселесін шешу үшін қарастырылған. Бұл келісімді мақұлдауға Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия елдерінің өкілдері қатысқан. Жоба бойынша Қырғыз Республикасынан шыққан жүктер Каспий теңізі арқылы Түркіменстанның Түркіменбашы портынан Әзербайжанның Баку, Ресейдің Махачкала және Астрахань порттарына кеме желісі арқылы жөнелтілмек. Ары қарай Еуропа, Азия елдеріне теміржол немесе автомобиль арқылы жөнелтіледі. Мұнда Мұнай мен мұнай өнімдері Ресейден, Әзербайжаннан және Түркіменстаннан Еуропа мен Азияға тасымалданады. Сондай-ақ Ресейден Түрікменстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға астық жеткізілуі мүмкін. Ал Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстаннан Ресейге, Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға ауылшаруашылық өнімдері мен өзге де тауарлар тасымалданатын көрінеді.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
05.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13845
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28924
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27589
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31101