Қытай талибанды мойындай ма?

Қытай талибанды мойындай ма?

Ауғанстандағы сан жылдарға созылған бұлғақтан кейін Кабулда билікті қолдарына алған Талибандарды қазірге дейін ешбір мемлекет Ауғанстанның заңды Үкіметі ретінде ресми түрде мойындаған жоқ. Дегенмен АҚШ бастаған ірі елдер кейбір жағдайларда Талибандармен аздап болса да диалог орнатып көрген еді. Мәселен 2021 жылы қазан айында Вашингтоннан келген делегация Дохада Талибан өкілдерімен кездесті. Ашық дереккөзде хабарланғанындай, екі күнге созылған келіссөз барысында Ауғанстаннан кеткісі келетін америкалықтардың және басқа елдердің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған. Бұған қоса елдегі адам құқығы мәселелері, соның ішінде әйелдердің толыққанды өкілдігі талқыланып, АҚШ-тың ауған халқына тікелей көмегі туралы мәселелер қарастырылған. Келіссөздер барысында Америка Құрама Штаттары жол картасы Талибанның сөзіне емес, әрекетіне қарай анықталатынын баса айтқан. Міне, осы жердегі «Талибанның сөзіне емес, әрекетіне қараймыз» деген ұстаным бірте-бірте тәліптерді мойындауға әкеле жатқан тәрізді.

Талибанмен тіл табысу

2023 жылы тамыз айында Кабулдан келген үлкен топ қазақ елінің астанасына бірнеше күн қонақ болып қайтқанын күллі әлем көріп отырды. Қазақ билігінің бірқатар маңызды келісімдерге қол қойғаны есімізде. Бұл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі еді. Дегенмен АҚШ, Қытай, Ресей бастаған ірі елдердің Ауғанстан билігін уысында ұстап отырған Талибан тобын ресми түрде заңды Үкімет ретінде мойындау мәселесі әлі күнге созылып келе жатыр. Бірақ Ауғанстанмен шекаралас елдер қақпаларын бекітіп, қарым-қатынастарын үзіп тастады деуге келмейді. Гуманитарлық көмектермен қоса, аса қажетті азық-түлік саудасы біртіндеп жанданып келе жатқандығын айта кеткен жөн.

Ірі елдердің арасында алғашқы болып дипломатиялық қатынастарға көңіл бөлген мемлекет Қытай болды. Негізі Қытай билігі халықаралық қауымдастық алдында Ауғанстанның тұрақтылығын қалпына келтіру үшін Талибанды мойындауға шақыратын ұстанымдарын ашық айтып келе жатыр. 2023 жылдың 13 қыркүйегінде Бейжіңнен арнайы тағайындалған жаңа елші Чжао Син, Ауғанстан уақытша үкіметінің премьер-министрінің міндетін атқарушы Ахундқа сенім грамотасын тапсырды.

Ал жақында ғана Бейжіңнен таралған тағы бір жаңалық әлемнің назарын аударып жатыр. 2024 жылы 30 қаңтар күні түстен кейін, Бейжіңдегі Халық құрылтайы сарайында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 42 мемлекеттің Қытайда тұратын елшілерінің сенім грамоталарын қабылдады. Бұлардың арасында Ауғанстан Ислам Республикасының толық өкілетті елшісі Біләл Каримидің бой көрсетуі үлкен жаңалық болды. Бұл өз кезегінде Қытайдың Ауғанстанның жаңа Үкіметін ресми түрде мойындауы деуге тұратын оқиға еді. Бұл туралы әлемдік БАҚ беттерінде түрлі сараптамалар жазылып, Қытай Үкіметінің Талибандармен қарым-қатынасына түрлі бағалар беріліп жатыр. 

Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің бір өкілі «Әл-Жазира» арнасына сұхбат беріпті. Онда: «Біз бір жыл бұрын Қытай билігіне Ауғанстаннан елші жіберуге дайын екенімізді айтқанбыз. Қытайлармен қарым-қатынас жасағанда біз өзімізді мойындалмаған ел ретінде сезінген жоқпыз. Олар бізге ресми билік ретінде көзқарас танытып отыр. Басқа елдер осы жолды таңдайды және Америка Құрама Штаттары күткендей дүние бұдан былай халықаралық қауымдастықтың бақылауында болмайды деп ойлаймын», – деген.

Ауғанстан істері бойынша сарапшылар соңғы екі жылда Қытай қазіргі Ауған үкіметі көрші елдермен өзара қарым-қатынас барысында өз мойындарына алған міндеттерін орындауға тырысып отырғандығын, сондай-ақ көрші елдердің территориясына Ауғанстан тарапынан қауіп төніп тұрмағандығын көбірек дәріптеп отырғандығына назар аударған. Сондықтан Бейжің Талибанмен ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас жасауға болатындығына көздері жеткендіктен, олардың елшісін басқалардан бөле-жармай қабылдады деп баға беріпті.

Ауғанстан үкіметінің баспасөз хатшысы Забиулла Муджахид «Әл-Жазираға»: «Қытай басқа әлем түсінбейтін нәрсені түсінеді. Біз бір полярлы әлем емеспіз. Мен Ресейді, Иранды және басқа елдерді Қытайдан үлгі алуға шақырамын. Кабулдағы қазіргі жаңа Үкіметпен екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастарды дамытыңыздар», – деген.

Ұйғырлар тәліптердің бақылауында отыр

«Әл-Жазира» телеарнасының сайтында жарық көрген бір материалда Шығыс Түркістан тәуелсіздігін жақтаушы ұйғырлар туралы біраз деректер айтылған. «1996 жылдан 2001 жылға дейін Талибанның алғашқы билігі кезінде қозғалыс Қытайдан келген жүздеген ұйғырды қабылдады. Кейін олардың 22-сін АҚШ ұзақ жылдар бойы Гуантанамо түрмесінде ұстады. Бірақ қазіргі Ауғанстан үкіметі Бейжің қандай да бір қауіп-қатерге алаңдамас үшін ұйғырларды Қытаймен шекаралас аудандардан Ауғанстанның батысына қарай көшірген, сондықтан Бейжің бұл мәселеде қатты алаңдаушылық білдіріп отырған жоқ», – деп жазыпты.

Аталмыш мақалада Ауғанстан Сыртқы істер министрлігіндегі бір қызметкердің мәліметі айтылған. «Біз билікке келгеннен кейін Қытай билігі бізге Ауғанстан аумағында ұйғыр содырларының әрекет етіп жүргендігі туралы мәліметтерді ұсынды. Біраз уақыттан кейін бұл хабардың дұрыстығын анықтадық. Дегенмен Қытайдың Кабулдағы жаңа Үкіметке қатысты ұстанымына әсер етуге тырысқан үшінші бір елдің бейжіңдіктерді «дерекпен қамдап» отырғандығы белгілі болды. Біз Қытайға Ауғанстан жерінен оларға ешқандай қауіп төнбейтіндігін, ешқандай топтардың біздің территориямызды пайдаланып Қытайға қарсы әрекет ете алмайтындығын түсіндірдік», – деген. 

Қытайға қарсылық  

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ауғанстанның жаңа елшісін қабылдауы әлемде күшті аңыс қозғады. Америка Құрама Штаттары Қытайдан Ауғанстанның жаңа үкіметін ресми түрде мойындағандығы туралы ресми түрде түсініктеме беруін талап етіп хат жолдаған. 

Талибан билігіне қарсы шыққан Ауғанстан қарсыласу майданы: «Қытайдың шешімі өте алаңдатарлық, бұл халықаралық дипломатиялық нормаларды бұзады», – деп мәлімдеді. Осы ұйымның бір өкілі «Әл-Жазира» арнасының Ауғанстандағы тілшісіне сұхбат беріп: «Біз Қытайдың шешімі ауған халқының еркіне қайшы келеді деп санаймыз және халықаралық қоғамдастықты Талибан үкіметіне қарсы ұстанымын біріктіруге, оларды ресми институт ретінде қабылдамауға шақырамыз, өйткені олар ауған халқының өкілі емес», – депті. 

Елшілердің пікірі

Бейжіңге барған елші Біләл Карими тілшілерге берген сұхбатында: «Бұл Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынастар аясындағы маңызды қадам және екі елдің де мүддесі үшін тиімді болмақ. Біз бұл өзгерістерді соғыстан зардап шеккен елімізді дамыту үшін пайдалануымыз керек. Мен екі ел арасында алтын көпір болу үшін бар күшімді салуға тырысамын, өйткені Қытай аймақтағы маңызды ел және барлығы Қытаймен қарым-қатынасқа мән береді және бұл қадам басқа елдерге жол ашады», –деді.

Ауғанстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Джавед Каим: «Қытайдың бұл қадамын мақұлдау деп айтуға болады және жеткізілген хабар анық және бір мәнді. Кез келген елдің Президенті мойындалған мемлекеттің елшісін ғана қабылдайды. Елшінің сенім грамотасын қабылдау, басқа мемлекеттердің дипломаттарымен тең дәрежеде мәміле жасау мойындаудың айқын белгісі болып табылады», – деген пікір айтқан. 

PS: Алдағы уақытта Талибанмен тағы кімдердің тілдесетіндігі қазірше белгісіз. Кабулдағы жаңа Үкімет болса елде бірқатар реформалар жасап, өндіріс саласын дамытуға ден қоя бастағандай. Олар ең алдымен есірткі өндірісіне шектеу салуға кіріскен еді. Дегенмен елдегі қиын жағдайлар әлі де сол күйінде қалып отыр. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар тәліптердің әйелдерге деген қатаң позициясын сынға алып, Талибан Үкіметіне алыста отырып ескерту жасаудан арыға барған жоқ.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
08.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 106
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 102
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 96
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 85
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 982
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1021
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 996

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5429
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8613
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6420
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7628