Ресейге деген «шексіз махаббат» тәуелсіздікке қауіп төндіріп тұр

Ресейге деген «шексіз махаббат»  тәуелсіздікке қауіп төндіріп тұр

«Қорқақты қуа берсең, батыр шығады» дегеннің кебі келді,  Қазақстан азаматтары өз құқығын талап етіп шерулетуге де үйреніп алды қазір. Әр шерудің артында сын мен мұң жатқанын ескерсек, халық пен биліктің арасы алшақтай бергені жақсылық нышаны емес негізі...

 

130 ұлт аңыз да, ақиқат та емес!

Ескіден «безініп», «Жаңа Қазақстан» құруға талаптанып жатқан  билік  халықпен санасатын түрі жоқ. Өзім білерлікке салынып, өзеуреп барады. Ескі кадрлармен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін бе өзі? «Ескі биліктің» көнерген шенеуніктері «жаңаруға» дайын ба? Жемқорлықтың жолын қалай кеспек?  Жоғарғы жүйе түпкілікті өзгермесе,  «Қасқырға қой бақтырып қойғандай» кепті бастан кешпейміз бе? Жаңашылдыққа ұмтылған мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ізгі мақсатын қазақ халқы әркез қолдауға дайын,  бірақ президенттің өзі ескі сүрлеуден шыға алмай жатыр. Оған «Хабар 24» телеарнасына  екі тілде емес, таза  орыс тілінде  берген сұхбаты дәлел.  Бұл дегеніңіз осы киелі жердің иесі болған жұртты менсінбеу ме, жоқ әлде, елдің бәрі орысша түсінеді деген  ойдың жемісі ме? Егер «жаңашылдық» тілден басталғанда, ел мерейі үстем болып ақ батасын жаудырар ма еді...

Мұса пайғамбар өзіне сенген қауымды 40 жыл бойы шөл даламен алып жүріп, құлдықтан көздерін ашып, құлдық санаға бейім ескі көздерден арылтып, жаңа буынды қалыптастыруы үлкен ғибрат. Санаға сіңіп кеткен құлдықтан бір күнде арылып кетемін деу күлкілі әрине. 70 жылдық кеңес дәуірі тиянақты жүргізе алмаған «орыстандыру саясатын», тәуелсіздіктің 30 жылында біраз еңсеріп тастағандаймыз. Соңғы жылдары «Орыстандыру саясаты» қарқынды дамуға бет алғандай көрінеді.  

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының  жер бетінен жойылып кетуі мүмкін еді-ау? Әбден қажыған, шаршаған халық Алланың қалауымен, ынтымақ-бірліктің қолдауымен есін жиды. Еңсесін тіктеді. Іргелі ел болды. Сондықтан қазаққа «Мың өліп, мың тірілген» деген дәл берілген баға! 

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Егемен еліміз бар. Көл-көсір жеріміз бар... 17 миллион халықтың 90%-ы несиенің «тұтқынында» отырғаны бір қасірет! Жердің асты мен үстінің байлығы кімнің қалтасына кетіп жатқаны да нақты айтылмайды. Алайда Тұңғыш Президенттің туыстары мен жақындары иен байлыққа иелік еткендері туралы ақпарат бар. Бір қызығы «Жаңа Қазақстан» құруға талпынып жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларды еркіне жіберіп қойып отыр. Тұтқындап, тұқыртып алса, елдің айызы қанар ма еді? «Көп асқанға бір тосқан» деп... Елдің тұрмысын тұралатып, кедейшілікке ұрындырған бай-бағландар жазасыз кетсе сол – қайғы! Реформа солардан басталуы тиіс. Өзгелерге сабақ болуы үшін. Келешек жарқын болуы үшін.

«130-ға тарта ұлт пен ұлыс тұрады Қазақстанда» деген жалған дерекке де еті үйренді халықтың. Бұлай айту не үшін керек болғаны да түсінікті. Бұл сыртқы күштердің, әсіресе Ресейдің жықпылы көп саясатының үстемдігі. Неғұрлым көп ұлтты болса, қазақ халқының еңсесі көтеріле алмайды. Ұлттық рухы оянбайды. Ондай ұлтты басқару оңай, басып-жаншу жеңіл...

Бұлай жалғаса берсе, ел ертеңі бұлыңғыр. Болашағымыз күмәнді. Көршіміз Ресей «түшкіргенде» «Жәрекімалла» деп отыра беру – жаңашылдыққа бастар жол емес. Бүгінгі саясат биігінен қарасақ, тәуелсіздігімізге төніп ұрған қауіп жетерлік.   

 

Мәскеуге жалтақтаудың астарында не жатыр?

«Ел үкіметінің Ресейге деген «ұлы махаббаты»  қайда апарады?» деген сауал қазір көптің көкейінде жүр.  Өйткені қазақ билігінің басында отырғандардың көбі Ресейге жалтақтайды. Солардың тілінде сөйлейді. Ата Заңымызды да орысша жазады. Биік мінберлерден Президенттен бастап, үкіметі қостап Ресейдің мемлекеттік тілінде қазақ халқының проблемасын қозғайды.   

Разочаровавший» Москву Нур-Султан и отток молодежи из Казахстана в Россию

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы ешқашан да саналы түрде бостандығынан бас тартқан емес. Мысалы ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Жоңғар шапқыншылығы салдарынан қазақ мемлекеті мен қазақ ұлты жер бетінен жойылып кетудің алдында тұрды.  (Ішкі қырғи-қабақ қатынастардың да салдары көп). 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің біраз руларын билеген Сәмеке ханның  Ресей бодандығын қабылдау актісіне қол қойғаны белгілі. Ол кездегі бодандық ұғымы вассалдық қарым-қатынастың еуроазиялық нұсқасы болатын. Яғни қазақ хандары Бодандық актісі арқылы Ресеймен әскери-саяси одаққа бірігуді, елдің дербестігі мен                  тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеді. Бұл әрине есекдәме еді. Сөйте тұра басқа амалдары да жоқ болатын.

Алайда сенген Ресейі бұған дейін Қазан, Астрахан, Қырым хандықтарын күйретіп, Ноғайлы мен Сібір жұртын тоз-тоз қылған кез еді.  Нағыз көздері қызарып, маңайынан жау іздеп күшіне мініп тұрғанда қазақтың қолтығына тығылуы «іздегенге сұраған» болып шықты. Өйткені қазақ даласының тұнба байлығы, сарқылмайтын қазынасы  туралы олар білетін. Бұндай мүмкіндікті қолдан шығарсын ба, «Құшақ жая» қарсы алды.   Сөйтіп  Ресей империясы қазақтарға аяушылық жасамады.  Жерін басып алды, байлығын талан-таражға салды, халқын үрей құшағында ұстады, кейбір бұратана елдердің хандары мен байларын өз мүдделеріне сай жұмсады. Оларға сый-құрметті аямады.

Осындайда қазақ ұлтының біртуар ұлы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрып, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа заман, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қырқыстырды», – деп ашық айтқаны еске еріксіз түседі.

Бұл саясат Кеңестер Одағы тұсында да жалғасып, қазақ ұлты отарлау езгісінің табанында тапталды. Бір емес екі бірдей ашаршылық, репрессия, қазақ зиялыларын  қудалау, қуғындау, ұлы Oтан соғысы... қазақты қынадай қырған заман болып тарих бетіне хатталды... Одан бері де қазақ оңбады. Тілі күресінге тасталды. Діні табанға тапталды. Алматы секілді алып шаһарда, астанада жалғыз-ақ қазақ мектебі қалғаны сорақылық емей не? Қазақтың бағына орай Желтоқсан көтерілісі қалғып кеткен рухты оятты, мүлгіп кеткен намысты жаныды. Бір ғана қазақтың емес, 15 республиканы дүр сілкіндірді. Олардың тәуелсіздікке қол жеткізуіне мұрындық болды. Азаттық алып берді. Сөйте тұра Қазақ мемлекеті әлі күнге Ресейдің темір «арқанына» байланып отыр. Байлап  отырғандар жоғарыдағы көкелер...

Бір ғажабы, тарих қайталанатыны рас секілді, бүгінгі қазақ билігі де тым ресейшілдігімен көзге түсе бастады. Солардың қолдауына иек артып, қиын-қыстау кезеңде  көмегіне жүгінуі – сөзіміздің айғағы! Бұл жайлы батыстың кейбір ақпарат көздері ашық сынап, ашық жазып  жатыр. Иә, Ресей алпауыт ел. Үлкен империя. Федерация құрамына зордың күшімен кірген елдер ыдыраса, Ресейдің күні қараң. Тілі мен дінінен айырылған ұлттардың «бір саусағы бүгулі». Осыны әр қазақ білуі керек.  Көршімен тату болған дұрыс, бірақ тонның ішкі бауындай жақындастық – тәуелсіздікке қауіп төндіреді. 

 

Билік күткен өзгеріс «мына талаптар ескерілсе ғана» жүзеге аспақ!

 

Осыдан тура бір жыл бұрын атақты ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «фейсбуктегі» парақшасына «ШҰҒЫЛ ӨЗГЕРІС КЕРЕК!» деген жазба қадырып еді. Осыған дейін құнын жоймаған сол жазбаны назарларыңызға ұсынамын.

«Мемлекеттік тіліміздің әлі күнге дейін өз мәртебесіне сай толыққанды қызмет атқара алмауының басты себептері төмендегідей:

1. Заң бойынша, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуінің міндет еместігі.

2. Конституциямыздағы 7-баптың 2-тармағы бойынша, орыс тілінің мемлекеттік тілмен теңестірілуі.

3. Қазақ халқының бірден-бір Отаны Қазақстан екенінің, яғни, қазақтардың мемлекетті құрушы титулды ұлт екенінің, Қазақстандағы диаспоралардың әрқайсысының тарихи өз отандары бар екенінің Ата Заңда мүлде ескерілмеуі.

4. Қазақстанда біртұтас унитарлық елге тән мемлекеттік идеологияның жоқтығы. Оның себебі &ndash қазақ елінің мыңдаған жылдар бойы кемелдене қалыптасқан халықтық тілі мен дүниетанымын Сөзтаным ғылымы мен Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Құдайтану) ілімі тұрғысында түбегейлі зерттеп-зерделеп тану, оқыту ісінің мемлекеттік дәрежеде қолға мүлде алынбауы.

5. «Үштұғырлы тіл» саясаты практикасының білім жүйесіне заңсыз, зорлықпен енгізілуі.

6. Мектептегі жоғарғы сыныптарда гуманитарлық пәндерден өзгелерінің орысша және ағылшынша ғана оқытылмағының жоспарланып қойылуы.

7. Биліктегі қандас азаматтарымыздың басым бөлігінің орыс тілділігі.

8. Еліміздегі орыстілді мектепті бітірушілерге және жоғарғы орқу орындарына түсушілерге қазақ тілі пәні бойынша емтихан тапсырудың міндеттелмеуі.

9. Азаматтарды мемлекеттік қызметке алу кезінде мемлекеттік тілді білудің талап етілмеуі, «Қазтест»-тің көзбояушылыққа айналуы.

10. Қазақстанның азаматтары ретіндегі орыс ағайындардың әлі күнге дейін өршіп тұрған империялық амбициясы.

11. Еліміздегі орыс пен орыстілді ағайындарымыздың қазақ тілін «ғылымға, білімге, мемлекеттік, халықаралық тірлікке жарамсыз тіл, өркениет түзбей артта қалған көшпелілердің тілі» деген жарымжан түсінігі.

12. «Қазақстан &ndash көпұлтты мемлекет» деген жалған саясат. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген қажетсіз ұйымның пайда болуы; мемлекеттік тілде іс жүргізбейтін оның жер-жердегі бөлімдері мен бөлімшелеріне қыруар қаржының тұрақты түрде, ұдайы бөлініп отырылуы; соның нәтижесінде, әр диаспора өзін «жеке ұлт» сезінуі, ал, өз жерінде отырған қазақ халқының ұлттық психологиясының қатардағы диаспоралық психология деңгейіне дейін құлдырауы.

13. Коммуникация, БАҚ құралдары, баспа өнімдері секілді толып жатқан салалар бойынша, ресейлік және өзге де шетелдік экспансияға төтеп берерлік қауқардың мемлекетімізде жоқтығы.

14. Елімізде қазақтың тілін, барша ұлттық құндылықтарын мойындамайтын, керісінше, арабтық халифат құруға құмар астыртын діни ағымдардың бар екенінің билік пен арнайы органдар тарапынан ескерілмеуі.

15. Экономикалық барша тетіктердің дені орыстілділердің қолында болуы».

Жә, сонымен, мемлекет құрушы қазақ халқына, оның мемлекеттік тіліне деген жоғарыдағы дискриминациялық факторлардың кесірінен, Қазақстандағы орыс пен орыстілді ағайындардың мемлекеттік тілді білуге, меңгеруге деген ниетінің, ынтасының, азаматтық жауапкершілігінің түбегейлі жоғалуына байланысты, біз, жалпы алғанда, ішкі-сыртқы тірлігі тек орыс тіліне ғана тәуелді, арсыз, әділетсіз қоғам құрып тынғандай жағдайға жеттік.

Қателеспесек, осыдан 15 жылдай бұрын тұңғыш Президенттің өзі: «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» деп күйінгені бар. Одан бері тағы 15 жылдай уақыт өтті. Мемлекеттік тілді дамытудың түрлі бағдарламалары жасалумен болды, қыруар қаржы шашылумен болды. Әлі де шашылуда. Яғни, 30 жылдай уақыт (ойлап қаралықшы, табандатқан 30 жылдай уақыт!) өтті, нәтиже мардымсыз. Енді тағы бір 15 жыл солайша жүрсек, жіберілген қателіктерді түзеп алу мүлде мүмкін болмайтын сормаңдай сорақылық стадиясына өтуіміз ғажап емес. Не істемек керек? Әрине, жуық арада мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданбағы – әділет. Сонсоң, оны үйрену-меңгеру, талап ету үшін, үш жыл мұрсаттық мерзім берілуі жөнінде арнайы жарлық шықпағы және керек шаруа. Сонда ешкімнің реніші болмайды. Өйткені, ынталы адамға, 3 жыл тұрмақ, 6-ақ айда кез келген тілді белгілі бір мөлшерде меңгеріп алудың еш қиындығы жоғын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

 

 

Орыс идеологиясы үстемдік  құрып тұр

 

Қазақстандағы Ресейдің әскери полигондары жайлы көп айтылмайды. Біле жүріңіз. Ресейдің, орыс әскерінің сынақ жасап, оқ атып ойнайтын ойын алаңына айналып отырған жер – қазақ жері.  Ол жерлерде Қазақстанның үкімі жүрмейді және сөз болып отырған аймақ территориясы жағынан Польша секілді Еуропадағы ірі мемлекеттің аумағымен пара-пар. Қазақстанның тұтастай екі облысын қамтитын жер. Ол түптеп келгенде Қазақстанның жері. Жалға беру деген – ол меншікке беріп қою деген сөз емес қой. Бірақ...

Еліміздегі Ресейдің әскери базалары жайлы не білеміз?

Фото abai.kz алынды

Сенімді ақпарат көздерінің жазғанына қарасақ еліміздегі 7 бірдей әскери нысанды арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға бердік. Бүгінде 11 млн гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде. Байқоңырың анау 50 жылға жалға берілген. Киелі Торғай топырағы мынау – зымыран қалдығы гептил төгетін алаңға айналған. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі»...

Иә, бәрі заң аясында. 2021 жылдың 22 желтоқсаны күні Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы құжатты мақұлдады. Аталған шарт былтыр қазан айында елордада жасалған. Мәжілістің экс төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл шарт сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүддесінде Қазақстан мен Ресейдің әскери ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа құжатта бірлескен жауынгерлік даярлық, әскери-техникалық әріптестік пен кадр дайындау мәселесі де қамтылған.

Дарын Тұяқов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары: «Құжатты ратификациялау қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге бірлесіп қарсы әрекет ету, халықаралық ұйым, мәдениет, спорт аясында өзара әрекеттесу және басқа бағыттарда әскери ынтымақтастық жасауға мүмкіндік береді». Көріп отырғандарыңыздай  Қазақстан билігінің арқа сүйер тірегі мықты.

Саясатта достық та жоқ, туыстық та жоқ. Қазақтың мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ата-бабамыздың қан кешіп жүріп қорғаған сүйемдей жерін жалға берудің өзі – тарих алдында кешірілмес күнә екенін естен шығарып алдық.

Ресейдің БАҚ-ы да  Қазақстанға еркін таралады. Ақпарат құралдары бүгінгі күннің маңызды  бір бөлігі екенін ескерсек. қай елдің БАҚ-ы мықты сол ел әлемге билік жүргізуге, идеологиясын тықпалауға  күш салады.

ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму экс вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев қыркүйек айында елімізде тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының статистикасын жариялады.

«Қазақстанда 1 қыркүйекке 4919 БАҚ тіркелгенін, бір жыл бұрын 4550 болғанын хабарлағым келеді. Бір жылда 369 жаңа БАҚ тіркелген. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары санының өсуіне қарағанда, біз еліміздегі БАҚ-тың даму стратегиясы мен жолдары дұрыс қолданылып жатыр деп айтуға болады», – деді Кемелбек Ойшыбаев Astana Media Week-те.

Қолда бар деректерге қарағанда, елімізде 3 мыңнан аса газет-журнал орыс тілінде шығады екен. Олардың электрондық таралымдары қаншама.  Оған Ресейден келетін 6 мыңнан асатын газет-журналды қосыңыз. Бұны азсынсаңыз, Ресей саясатын насихаттап жатқан сайттар мен порталдар бір төбе.  Сонда ел аумағына таралатын баспасөз құралдарының көпшілігі солтүстіктегі көршімізге тиесілі болып шығады. Демек, орыс тілді оқырмандар Ресей саясатымен «шөлдерін басып», сол елдің идеологиясымен сусындап жатыр деген сөз.

Қарап отырсақ, Қазақстандағы ақпарат құралдарының ішіндегі қазақ газет-журналдарының үлесі  пайызға шаққанда өте төмен көрсеткішке ие.  Бұл ұлттық руханиятқа үлкен соққы!  Ел болашағы үшін зор қауіп...

 

«Орысша тәрбиеленген бала ұлтқа қызмет қылып жүр»

Белгілі журналист Дәулет Асау былай дейді: «Әзірге, өз ішіміздегі орыстілді басылымдар туралы сөз қозғамай қоя тұрайық, ал Ресейден келетін ақпарат құралдарының сол елдің саясатын насихаттап отырғаны айтпаса да түсінікті. Басын ашып алайық, Ресей басылымдары ел ішіне іріткі салып жүр деп байбаламдаудан аулақпыз, бірақ әр елдің тек өзіне тән мемлекеттік мүддесі бар емес пе? Оның басқа мемлекеттердің мүддесімен қабысып-қабыспай жататын кездері болады. Бұндайда мемлекеттік мүддені қорғаудың бір жолы – ақпараттық тәуелсіздік. Бұл уақыттың, заманның талабы. Әлемдік тәжірибеде, өркениетті елдерде әр ел өз аумағына сырттан таралатын БАҚ-ты мемлекет тұрғысынан реттеп отырады, оны 20 пайыздық шектен асырмайды. Әйтпесе мемлекеттің қорғаныш қабілетіне нұқсан келтірілген болып саналады. Өйткені қазіргі заман – ақпараттар майданының заманы. Ақпарат кімнің қолында болса, әлемдік билік те соның қолында деген қағиданы бүгінде мойындамайтын адам жоқ. Сөйте тұра, өзіміздің ақпараттық кеңістікті ресейлік баспасөзге беріп қоюымыз мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің болашағына үлкен қауіп. Мұнан кейін Қазақстан неге Ресейдің ықпалынан шыға алмай отыр, қазақтар неге орысшыл деп таңдануымыздың өзі ұят».

Шындықтың жүзіне тура қарасақ, Қазақстанда орыс тілді БАҚ-тың дәурені жүріп тұр. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Оны, ең алдымен, төбесіне шығарып алған биліктің өзі. Мәселен,  миллиондаған қаржы жұмсалған «Тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қазіргі күні мемлекеттік басқарудың барлық саласы қазақ тілінде сайрап отыруы керек еді. Оған сенсек, барлық облыстарда іс жүргізу қазақ тіліне көшіп бітуге тиіс болатын. Бағдарламада солай жазылған. Бірақ оның орындалуы былай тұрсын, қазақ тілінің мәртебесі көтерілді ме десеңші?! Яғни, биліктің өзі мемлекеттік заң-зәкүндерді орындамайды, мемлекеттік тілді менсінбейді.

Көп ретте қазақ тілді басылым мен орыстілді басылымдардың қандайда бір оқиғаға байланысты берген бағасы да екі түрлі болып шығады. Олардың пікір қарама-қайшылығы, көздеген мүддесі екі түрлі екені көзге ұрып тұрады. БАҚ басылымдарының мазмұнынан оны басқарып отырған жандардың, журналистер ұжымының ішкі пиғылын, ниетін, ұстанып отырған саясатын анық байқауға болады. Бұл жерде дұрыс нәрсені бұрмалау, жөнсіз байбалам салудың орын алып жататыны да жасырын емес. Енді өз ішіміздегі орыстілді басылымдардың қатарына таза орыстық саясатпен айналысатын мың сан ресейлік БАҚ-тарды қосыңыз. Осындайда санның сапаға айналатынын ұмытпайық. Сөйтіп, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін жаулап алған орыстілді баспасөз бен Ресей БАҚ-ы улап-шулап аз сан қазақ баспасөзінің үнін шығармай тұншықтырып тастайды. Бұдан қазақ баспасөзімен бірге қазақ мүддесінің де кенжелеп жатқанын бағамдай беріңіз.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан ресми түрде мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезде Кеңестік Одаққа мүше елдердің көбі дербес ел атанып қойған болатын. Осы бір деректің өзі-ақ, біздің Ресейге әбден «құлданып», кіндігіміз байланып, риясыз сеніп кеткенімізді көрсететіндей және кейіннен белгілі болғандай тұңғыш президенттің «Кеңес өкіметі құламайды» деп теледидар алдында ағынан жарылып,  имандай сенуінің өзі неге тұрады?  Сөйткен адам тәуелсіз мемлекетті қаншама  жыл басқарды. Қайран бабаларымыз неткен көреген еді, «Көзіне қамшы тиген ат жасқаншақ болады» деп қалай тауып айтты екен!  Әлі күнге қазақ билігінің төрінде орыс шовинистерінің «шоқпары» тиген шенеуніктер отыр тапжылмай. Олар тұрғанда  қазақ тілінің өркендеуі, көркеюі көңілге күдік ұялатады.

Ауыр болса да айтуға тура келеді, алаш қайраткері жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» дейтінін кім ескеріп жатыр қазір? Ал бізде орысша оқыған, қазақшасы «қалыңыз қалайдан»  аспайтындардың бір парасы ұлт қайраткері болып, ұлтшылдық туралы әңгіме айтады. Енді бірі билікке жетіп, ел басқарып жүр. Ұлттық идеологияның осал тұсы осындайда көрінеді.  «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағасын қазақты бәрі басынып жүр. Қазаққа бәрі би. Бәрі үстем...

 

 

P.S: Қазір «Жаңа Қазақстан құрамыз!» деп билік те, халықта ат үстінде ереуілдеп тұр. «Ол қандай болуы керек?» деген сауалға әзірге Президент те, халық та нақты жауап бере алмасы анық. Бүгін міне санамалап қажет талаптарды ортаға салдық. Ең бастысы орыстанудан, арабтанудан, ағылшынданудан т.б. арылып, нағыз қазақ болуға талаптанайық. Нағыз Жаңа Қазақстанды құратын нағыз қазақ қана! Осыны естен шығармасақ, іргелі ел болатынымыз айдан анық!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 33
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 925

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8998
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8393
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11618
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9376
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10602