Ресейге тәуелділіктен құтылудағы Еуропаның қадамы

Ресейге   тәуелділіктен құтылудағы   Еуропаның қадамы

Жаңа энергия көздерін пайдалану жалпы адамзаттың энергияға мұқтаждығын шешудегі үміт артып отырған басты стратегиялық жоспарларының бірі еді. Сондықтан «Болашақтың энергиясы» қазіргі ғылымның маңызды түйіндерінің бірі ретінде жан-жақтылы зерттеліп келе жатыр. Осы маңызды мәселеге шындап кірісу Еуропа елдері үшін биыл кезек күттірмес іске айналғандай. Олай дейтініміз, Ресейдің мұнайы мен табиғи газын көп пайдаланатын елдерге соңғы жағдайлар айрықша әсер етіп жатқаны байқалады. Онсызда мұнай мен газын «көзір» етіп, Еуропа елдеріне айбат шегіп қоятын Ресейдің Украинаға жасап жатқан шапқыншылығы бүкіл жағдайды күрделендіріп жіберді. 

Негізі, соғыс басталғаннан кейін-ақ Ресей мұнайынан, газынан бас тарту мәселесі ашық айтылғаны белгілі. Бұған қарата Кремльдің «Еуропалық нарыққа шығарылатын мұнай мен газды рубльмен сату» жоспары мен «құбырларда туылып жатқан апаттар» секілді қыруар кедергі Ресейге деген тәуелділіктен құтылуды тіпті де тездете түскендей болды. Содан бергі уақытта Еуропа елдері тығырықтан шығудың баламалы тәсілдеріне шындап кірісе бастады. Кейбіреулері жұмысы тоқтатылған көмірді шикізат ретінде пайдаланатын жылу электр стансаларын қайта іске қосуға кіріссе, екіншілері алыстағы елдерден сұйылтылған газ тасымалдау және мұнай өнімдерін танкерлер арқылы жеткізуді молайтуға кірісіп кетті.  

Бұл мәселе аяқ астынан күн тәртібіне шықты деудің жөні жоқ. Олай дейтініміз адамзаттың жаңа энергия көздерін ашудағы талпынысының басталғанына кемінде жарты ғасырға аяқ басқандығын ұмытпаған жөн. Табиғи ресурстардың сарқыла бастауы, экологиялық апаттардың жиілеуі, ғаламдық жылыну секілді мәселелердің айқындала бастауы соңғы 20 жылда әлемдік мәселеге айналды. Осыдан барып жаңа энергия көздерін ашу маңызды орынға көтерілген болатын. Мұның ішіндегі ең бастылары ретінде жел күшін, күн нұрын пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруді айырықша атауға болады.

2017 жылы Қазақстанда өткен EXPO-2017 көрмесінің басты тақырыбы да «Болашақтың энергиясы» болғаны есімізде. Осы көрмеге өз жаңалықтарын әкелген елдердің өнімдерінің бастылары желден, күн нұрынан электр қуатын алу, электромобильдер, жаңа типтегі электр стансалары секілді пайдалы өнімдер болатын. Бұл жаңалықтардан қазақ елі де қалыс қалған жоқ. Қытайлық компаниямен бірлесе отырып, Қостанай қаласындағы «Сарыарқа Авто Пром» кәсіпорнында JAC iEv7S электромобилі мен автобустар өндіре бастады. Осы EXPO-2017 көрмесінде немістердің атақты BMW көлігінің электромобильді нұсқасы айрықша есімізде қалып еді... 

Біздің бұл қысқа мақаламызда айтпағымыз – жаңа энергия саласын тездетіп дамыту мәселесінің күннен-күнге стратегиялық маңызға ие болып бара жатқандығы. Оған дәлел Ресейдің мұнайы мен табиғи газына тәуелділіктен ертерек арылу үшін шындап кірісе бастаған мемлекеттердің батыл қадамы болып отыр. Өткен мамыр айының 17-сі күні Дания, Германия, Бельгия және Нидерландтың үкімет басшылары Данияда бас қосып, «Солтүстік теңіз жел энергиясы саммитін» өткізді. 

Аталмыш жиналыстың тақырыбы жел күшін пайдалану арқылы өндірілетін электр қуатын көбейту мәселесі еді. Осылайша аталған елдің басшылары Солтүстік теңізді Еуропадағы «Жасыл энергия орталығына» айналдыруды мақсат еткен бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Алдағы уақытта ЕО-ның жоғарыда аталған төрт елі 2050 жылға теңіз желінен пайдаланып өндірілетін электр қуатын қазіргі 16 ГВт-тан 150 ГВт-қа дейін 10 есеге ұлғайтуға міндеттеме алып тарқасты. Алғашқы қадамдағы жоспар бойынша 2030 жылы жел электр қуатының жалпы мөлшерін 65 ГВт-қа жеткізетіндіктерін мәлімдеді. 

Бұдан бөлек Еуропалық Комиссия жасыл энергияға көшуді жылдам ілгерілету үшін «RepowerEU» деп аталатын энергетикалық жоспарын жариялады. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда аталмыш жоспарда ЕО-ның «көміртекті 55 %-ға қысқарту» саясатының портфеліндегі жаңартылатын энергияның 2030 жылға арналған жалпы мақсатын 40 %-дан 45 %-ға дейін ұлғайту; 2025 жылға қарай күн фотоэлектрлік қуатын екі еселеуге арналған ЕО-ның арнайы күн стратегиясын құру; 2030 жылы орнатылған 600 ГВт-қа жеткізу сынды жоспарлар енгізілген екен. 

Жасыл энергияны дамыту стратегиясы – Еуропаның көптеген елдерінде талай жылдан бері қолға алынып келе жатқан шара. Бұл салада көшбасы ретінде танылған Германия және Португалия елдері жақсы нәтижелерге жетіп келеді. Ал кезектегі бұл жаңа жоспарлары стратегиялық маңызы бар ірі жоба ретінде күллі дүниеге ой тастағандай болды. Ал осы арқылы шетелдерден жеткізілетін мұнай мен газға деген тәуелділіктен қашан құтылатындықтары алдағы күннің еншісінде.

 

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 7
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 15
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 22
 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 21

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 994
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7044
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10887
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7113
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7255