Режеп Тайып Ердоған: «Соғыстың зиянын әуелі мұсылмандар, кейін бүкіл адамзат көріп отыр»

Режеп Тайып Ердоған:  «Соғыстың зиянын әуелі мұсылмандар, кейін бүкіл адамзат көріп отыр»

27-28 наурыз күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында екі күнге жоспарланған Халықаралық стратегиялық коммуникация саммиті (Stratcom Summit 2026) болып өтті. Саммитке Таяу Шығыстағы соғыс пен халықаралық жүйенің алдында тұрған түрлі сын-қатерді талқылау үшін 38 елден көптеген жоғары лауазымды тұлғалар мен саясаткерлер қатысты. Түркия Коммуникация басқармасы ұйымдастырған бұл жиналысқа Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз, Сыртқы істер министрі Хакан Фидан және Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибраһим Калын қатысты. Бұдан бөлек, 10 елден 11 министр және 60-тан астам жоғары лауазымды тұлғалар келді.

«Халықаралық жүйедегі үзіліс: Дағдарыстар, нарративтер және тәртіп іздеу» тақырыбымен өткен саммит жаһандық жүйедегі құрылымдық бұзылуларды, туындаған дағдарыстарды және халықаралық тұрақтылықты қайта орнатуға бағытталған аймақтық тәсілдерді қарастырды.

Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз саммиттің ашылу сөзінде жаһандық тұрақсыздықтың, соғыстар мен дезинформацияның халықаралық саясатты қайта қалыптастырып жатқанын және мемлекеттік басқаруда стратегиялық коммуникацияның маңызын атап өтті.

Йылмаз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тәртіптің өзгерген күш тепе-теңдігіне ілесе алмай, институттардың қалыс қалуы салдарынан қысымға ұшырағанын айтты. Денсаулық сақтау, қауіпсіздік, экономика, климат және көші-қон салаларындағы дағдарыстар енді ерекше жағдай емес, саяси күн тәртібінің тұрақты құрамдас бөлігіне айналғанын жеткізді.

Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған «Stratcom Summit ‘26» халықаралық стратегиялық коммуникациялар саммитіне бейнежолдау арнады. Ол өз сөзінде: 

«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеңімпаздар қалыптастырған халықаралық жүйе барлық салада дерлік үлкен заңдылық дағдарысын бастан кешіруде. Жүйенің негізін құрайтын институттар, ережелер мен құндылықтар жиынтығы күн өткен сайын өз миссиясынан айырылып барады», – деді.

– Біз билік үшін бәсекелестік энергия, технология және сауда сияқты әртүрлі салаға тараған, мәселелер диалогтың орнына қарумен шешілуге тырысатын, геноцидтер, соғыстар мен дағдарыстар барған сайын өршіп бара жатқан қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Газадағыдай бәріміздің қабырғамызды қайыстыратын қасіреттердің аяқталуы, аймағымыздан бастап бүкіл әлемде бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылықтың қайта орнауы бұрын-соңды болмағандай маңызды. Түркия ретінде гуманитарлық құндылықтар мен әділдікті негізге алатын принципті, табанды және бейбітшілікті көздейтін ұстанымымызды сақтауды, тек аймағымызда ғана емес, бүкіл әлемде тыныштық пен қауіпсіздікті қайта орнату үшін барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдыруды табандылықпен жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті. 

Режеп Тайып Ердоған сонымен қоса Иранға қарсы соғыстың Таяу Шығысты одан әрі тұрақсыздыққа итермелеп жатқанын ескертіп, Беньямин Нетаньяхуды қақтығысты бүкіл аймаққа таратып жатыр деп айыптады.

«Иранға қарсы соғыс өңірімізді қан мен оқ-дәрі иісіне тұншықтыруда. Бейкүнә балалар сыныпта отырған кезде зымырандардың нысанасына айналуда», – деді. Түркия президенті қазіргі жағдайды Таяу Шығыс үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деп атап, Израильдің өшпенділігі мен идеологиялық әсірешілдігі аймақты апатқа итермелеп жатқанын ескертті. 

«Өңіріміз соңғы жүзжылдықтағы ең ауыр күндерді бастан кешіруде. Өшпенділікке бой алдырған геноцид құрылым дінді сылтау етіп, аймағымызды апатқа итермелеп жатыр. Барша жұрт мынаны білсін! Біз бауырларымыз бен көршілерімізді ешқашан алаламаймыз және олардың қайғы-қасіретіне ешқашан бейжай қарамаймыз. Түркия және түрік халқы ретінде біз дос әрі бауыр халықтарды ешқашан жалғыз қалдырмаймыз», – деді Ердоған. 

«Нетаньяху үкіметі тек Иранды нысанаға алып қана қоймай, сонымен бірге Ливанды басып алу жоспарларын да кезең-кезеңімен іске асырып жатыр. Шамамен бір айдан бері жалғасып жатқан шабуылдар барлық халықаралық қағида мен норманы елемей отыр. Мұны жасағандар зардап шеккен адамдарды ұлтына, дініне немесе болмысына қарай бөліп қарай ма? 27 күн бойы барлық қағиданы, құндылықты және норманы елемеген басқыншылар бізге бір нәрсені анық көрсетті. Оларға біздің шиіт не сүннит, түрік, күрд, араб немесе парсы екеніміздің қандай да бір маңызы бар ма?» – деді ол. 

«Қан жылаған жүрекпен сұраймын, Исфаһан мен Тегеранда төгілген көз жасының Эрбиль, Бағдат, Бейрут немесе Эр-Риядта төгілген көз жасынан қандай айырмашылығы бар? Бұл Израильдің соғысы болуы мүмкін, бірақ оның зиянын әуелі мұсылмандар, кейін бүкіл адамзат көріп отыр. Біз бауырлас халықтар арасында дұшпандықты өршітетін немесе сионизмнің өңірімізге бағытталған «бөліп ал да билей бер» жоспарына қолдау көрсететін кез келген әрекет пен пікірталасты қабылдамаймыз. Бомбалар мен зымырандардың үні өшкеннен кейін де біз осы өңірде бірге өмір сүре береміз. Мұны ешкім ұмытпауы тиіс», – деді Ердоған. 

Ердоған сондай-ақ әл-Ақса мешітінде мұсылмандардың ғибадат етуіне қойылған шектеулерді айыптап, 1967 жылдан бері алғаш рет бұл қасиетті орында айт намазы оқылмағанын айтты.

«Бұл заңсыздық – екі млрд мұсылманның сеніміне жасалған өрескел шабуыл. Мұсылмандардың әл-Ақсада ғибадат ету құқығы ешқандай жағдайда шектелмеуі тиіс», – деді батыл түрде. Ердоған Израильдің әрекеттерін қатаң айыптап келе жатқан саясаткер. Ол 20 наурыз күні туған жері Ризедегі Гюнешу мешітінде айт намазынан кейін сөз сөйлеп, Израиль Таяу Шығыста «мыңдаған адамды қырғынға ұшыратты. Олар мұның құнын төлейтін болады», – деп мәлімдеген болатын. 

Сонымен қатар, 20 наурызда Ресей Сыртқы істер министрлігі Израильдің Мәскеудегі елшісі Оде Джозефке наразылық нотасын тапсырды. Бұл Russia Today (Russia Today) арнасының екі журналисі Ливанның оңтүстігінде Израильдің зымыран шабуылынан ауыр жарақат алғаннан кейін болды. Ресей Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде «осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін оқиғаны мұқият тергеу қажет» деп атап өтті.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
01.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24155
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23826
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41295
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37210
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41503