Сәбит Мұқанов атына лайық аудан

Сәбит Мұқанов атына лайық аудан

Қазір СҚО-дағы бұл өңір Тимирязев ауданы аталады. Ол облыстың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Құрылған уақыты – 1963 жыл.  Жер аумағы – 4,51 мың шаршы шақырым. 22 елді мекен  16 ауылдық округтерге біріктірілген. Тұрғындар саны – 11 290. Аудан орталығы Тимирязев ауылының іргесі тың және тыңайған жерлерді игеру басталған – 1954 жылы құрылған.

Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 363 шақырым. 22 елді мекен  топтық су құбырына қосылған. 18  медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 40 төсектік  аудандық аурухана, 26 мектеп, 1 кәсіптік-техникалық колледж, 9 клуб, 22 кітапхана жұмыс істейді. 

Аталмыш ауданды 2 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Маратұлы Кеңесов басқарады.

 

Соңғы  қызметім Қорғаныс және өнеркәсіп министрлігінде стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болғандықтан, еңбек жолымды  бірден бюджеттен бөлінетін қаржылық тапшылықты жоюдан бастадым. 2019 жылы бюджетте барлығы 2,2 млрд теңге қарастырылса, оның 2 млрд.теңгесі білім саласына жұмсалды. Биылғы бөлінгені, білім саласын қоспағанда – 5 млрд теңгеге жуық.  Бүгінде 10 ауданаралық жолдардың  8-і, Тимирязево-Сергевка арасындағы  автомобиль жолы жөнделді. Бір сөзбен айтқанда аудандық және  жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша  айтарлықтай жұмыстар атқарылды.  «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде  тек қана  Тимирязев   кентіндегі жолдарды қалпына келтіруге 218 млн теңге қарастырылды. 

Су айдайтын мұнара аудан орталығында ғана орналасқан. Басқа  елді мекен тұрғындары  резервуарға толтырылған суды қажетке жарататын. Былтыр осы проблемаға қатысты  мәселе арнайы талқыланып, ауқымды жоба қабылданды. Оның негізінде  су айдайтын 10 мұнара екі жылдың ішінде іске қосылмақ. 7,4 мың адам тұратын 6 елді мекенде сумен қамту жақсарды. 6 ауыл ұялы байланысқа қосылмаған күйі өркениеттен шет қалса, биыл төрт ауыл кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 143 млн.теңгеге төрт мектеп жөнделді. Айрықша атап өтетіні, спорттық-мәдени үлгідегі кластер үрдісі қолға алына бастады. Оның бірі Дружба ауылында  бой көтерсе, екіншісі  аудан орталығында өз жалғасын тапты. Жыл аяғына дейін спорттық инфрақұрылымдар толықтай жаңартылады. Ақжан, Ақсуат, Степное, Дмитриевка ауылдарында мәдени-сауықтыру орталықтарын салуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, келесі жылы жүзеге асатын болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 13 жобаға қолдау  көрсетілді. Соңғы үш жылда АӨК-не 10,1 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды.

Алдымызда  өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жергілікті жерлерде заманауи сүт фермаларын көптеп салу жөніндегі тапсырмасын  мүлтіксіз орындау міндеті тұр. Өкінішке қарай, ауданда  бірде-бір сүт кешені жұмыс істемейді.  Биыл бұл проблема өз шешімін тауып, сең  қозғалған сыңайлы. Атап айтқанда,  «Байкен Агро» ЖШС-і Интернационал ауылдық округінде 400 басқа шақталған сүт кешенінің құрылысын жүргізеді. Жоба құны – 716 млн теңге. 130 млн теңге жеке кәсіпкердікі болса, қалған қаржы  «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және  екінші дәрежелі банк арқылы қаржыландырылады. Бүгінгі күні 5,3 гектар жер телімі бөлініп, 170 млн теңгеге  жабдықтар әкелінді. Сол сияқты осы үлгідегі  жобаны «Ишимское Агро»  шаруашылығы да қолға алып отыр. Жоба құны 680 млн теңгені құрайды. Асыл тұқымды  сиырлар жыл аяғына дейін жеткізіледі.  Сүт өндірумен айналысатын «К. Сүлейманов» жеке кәсіпкерлігі мал санын жүз басқа дейін  молайтты. Ауылшаруашылығы өнімдерін ұқсатып өңдеу де – маңызды мәселелердің бірі.  «М.Ж. Байкен» жеке кәсіпкерлігі аясында  сүтті қалдықсыз өңдейтін кәсіпорын ашу  белгіленген. Осылайша ауданда сүт өндіру мөлшері 18,45 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Атақты академик жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың ата жұрты осы ауданның аумағында орналасқан. Жазушының әке-шешесі де сол қоныстағы көне қорымға  жерленген. Кезінде Ленинградтың қара мәрмәр тасынан бастарына белгі қойғанын жерлесіміздің естелігінен жақсы білеміз. Сәбең өмірбаяндық үштомдық кітабында жазғандай  балалық, жастық шағы осы аудан аумағындағы  Дос көлінің жағасында өткен. Атақты Жаманшұбар да осында.

Осыдан 11 жыл бұрын жергілікті тұрғындар ауданымызға Сәбит Мұқановтың аты берілсе деген ниетпен ономастика комиссиясының хаттамасын, оны қолдаған аудандық және облыстық мәслихаттардың шешімін Елордаға жолдаған көрінеді. Оған сол кездегі мораторий кедергі келтірсе керек, өңірдегі «қазақшаланбаған» жалғыз ауданға Сәбеңнің 110 жылдығы қарсаңында аты берілмей қалыпты. Осы мәселені жергілікті ардагерлердің бастамасымен тағы да көтеріп, тиісті құжаттарды астанадағы республикалық ономастика комиссиясына жолдаған едік. Аудан тұрғындарының тілегі мақұлданып, Мемлекет басшысының қол қоюына  жолданды дегенді естіп отырмыз. Биылғы санаққа байланысты мораторий енді аяқталады. Сондықтан келер жылы Нұр-Сұлтаннан жақсылық хабар күтетін боламыз. 

Ел мен жердің киесі іспеттес ұлттық жәдігерлердің біріне  Сары мен Сүйір батырлар кесенесін атауға болады. Орналасқан жері – Докучаев ауылдық округінің аумағы. Қос батыр жерленген жерге  тәу етушілер қатары қалың. Олардың батырлығы да, ержүректігі де  Батыр Баяннан кем түспеген. Сегіз сері бабамыз жайлы  деректер жеткілікті болса да, қайда жерленгені осы кезге дейін белгісіз еді. Жергілікті өлкетанушылар көп жылғы зерттеулер нәтижесінде Дос көлі жағалауындағы  зираттардың бірінен қорымын тауып, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы өз қорғауына алды. Зираттың басына  белгі қою, мазар салу ісіне  белсене ат салысамыз. Осы маңайда  Сегіз серінің жайлауы болған деген сөздер де  аз айтылмайды. Бұл да көңіл қоятын мәселе. Қара қылды қақ жарып, әділ билік жүргізген Құртай бидің есімі тәуелсіздік кезінде ғана ұлықталды. Кеңес өкіметі қанша ұмыттырғысы келсе де, халық жадында жақсы сақталған. Степное ауылдық округіне есімі беріліп, қайта жаңғырды.  Қазір ол жөнінде жастар жақсы біледі.

Шамасы, ақын Нұржан Наушабаевтың:

Сапарға еріп, әдейі арнап барып,

Сегіздің тарихына назар салып.

Дос көлінің жағасындағы бейітіне,

Орнатқан құлпытасын көрдім анық», – деп жырлауында үлкен шындық жатқаны анық. 

Ауданда жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жомарт жүрек» байқауы өткізіліп тұрады. «Туған өлке» аталымы бойынша жеке кәсіпкер Николай Усенков, «Жылдың үздік ұйымы» бойынша «Москворецкое» ЖШС-і жеңімпаз атанды. 

 

Достығымен жарасқан ауыл 

Тимирязев ауданының өз ерекшеліктері мен қиындықтары жоқ емес. Біріншіден, облыс орталығынан шалғайда, сонау Қостанай облысымен шектес орналасқан. Екіншіден, ауылдық округтер өте шағын, көбінде  тұрғындардың саны 400-600-ден аспайды. Ең азы – Интернационал округі, 287. Үшіншіден, 16  округтің біреуінде ғана 3 елді мекен бар. Ол – Дмитриев ауылдық округі (Дмитриевка, Жаркен, Ынтымақ). 8 округке –1, 7  округке 2 ауылдан ғана  тиесілі. Бізді кеңестік кезеңнен  бертінге дейін қаражат «қалдық принципімен» бөлініп келген ауданның «болашағы бұлыңғыр» деген желеумен жабылып қала жаздағаны, соған орай әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму жайы қатты қызықтырған еді. 

Жолбасшымыз – аудан әкімінің орынбасары Үмітжан Нұртазина. Бағытымыз – Интернационал ауылдық округінің орталығы Дружба.  Округ және ауыл атының өзі-ақ  тың игеру жылдары ірге тепкені бірден аңғарылады. Егемендіктің елең-алаң шағында орыс ағайындар бұл жақтан да  үдере  көшкенімен, қарасы әлі қалың – 53,7 пайыз, қазақтардың үлесі – 35,9 пайызға жуық. Қалғандары – неміс, украин сияқты басқа  этнос өкілдері. Ауылдық округ әкімі Қанат Иманжанов 8 жылдан бері осы өңірдің  ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. 

«Үй саны 87 десек, кейбірелер сенбегендей бас  шайқайды. Шынында да солай. 287 тұрғынның 39-ы – зейнеткер, 7-уі – мүгедек, 48-і – оқушы. Қалған ересек адамдар жұмыспен қамтылған. Тың игеру кезінде қалыптасқан достық қарым-қатынасқа сызат түспей, жалғасып келеді.  Аудандағылардың сырттай  «бір ауыл –бір бауыр» деп мақтан тұта атауында осындай сиқырлы сыр жатыр. «Тонның ішкі бауындай» аралас-құраластығымыздың терең тамыр жаюы ерлік пен елдікті ту, жасампаздықты жалау еткен тәуелсіздік жылдары одан әрі жарасым тауып, «бір қолдың саласындаймыз, бір үйдің баласындаймыз». Қуанышымыз да, қайғы-мұңымыз да, керек десеңіз қазан-ошағымыз да ортақ десе болады», – деген  Қанат Серікұлының ағынан жарыла айтқан сөзіне еш күмән келтірмеген күйі  өңірдің ен қиырын мекен етіп, күнделікті тіршілігі қыж-қыж қайнап жатқан тұрғындармен  тілдескеше асықтық.

Интернационал орта мектебінің директоры Рахима Сәрсенова бізді құшақ жая қарсы алып, қажетті мәліметтерді алдымызға жайып салды. Мектеп ауыл өмірінің шежіре-дастаны іспеттес. 1967 жылы ашылғаннан бергі ғұмыр тарихы  тұтас дәуір жылнамасымен астасып, Тәуелсіздік шежіресінен де саналуан сыр шертеді.  Әу баста 150 орынға жобаланған білім ошағында бүгінде оқитын 50 оқушыға 9 мұғалім сабақ береді. Былтыр өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың ұсынысымен тар бөлмеден  мектептің холына көшірілген мұражайға қазақтың белгілі азаматтары арнайы бас сұғып, қолтаңба қалдырыпты. Солардың ішінде Қазақстан мен Ресейдің халық батыры, ұшқыш-ғарышкер  Талғат Мұсабаевтың орны бір бөлек. Рахима Есімханқызы  шағын  орталықтың жұмыс істейтінін, ал қазақ тілі  пәнінің мұғалімі Аягөз Нұрайдарова жалақыларының  көбейгенін жеткізді. Оның айтуынша, жас мамандардың еңбекақысы 200 мың теңге төңірегінде, өзі 300 мың теңгені шытырлатып санап алады. Любовь Аяжанова осы мектепті 1984 жылы бітіріп, химик-биолог мамандығын алған соң туып-өскен жеріне оралған. Содан бері саналы ғұмыры  бала тәрбиесімен тығыз сабақтас. «Туыстарыңыз Ресейде тұрады екен. Көшу ойыңызда жоқ па?» деген сауалымызға «Қайдағы? Ол жақта мені кім  күтіп отыр? Қазіргідей  мектеп директорының білдей орынбасары қызметін ұсына қояр деймісіз? Күйеуім қазақ. Үш қызымның екеуі ұстаздық жолды таңдады. Бәрі Қазақстанның азаматшалары. Ресей түгіл  ауданның өзге жеріне қоныс аудару өңім түгіл түсіне кіріп шықпайды. Әбден бауыр басып қалғаным соншалық, жолаушылап кетсем, қашан оралғанша елегізіп тұрамын», – дейді Любовь Михайловна.

Аядай ғана Дружба келешегі кемел  елді мекендердің санатына енгізілгенін естіп, қалайша деген таңданысымызды жасыра алмадық. Оның мәнісін сұрағанымызда  әкім «Интер-Контад» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Усенковқа жолығуымызды өтінді.   Николай  Алексеевичпен тілдесе келе  жағымды жаңалықтың  бастамашысы да, қаржылық қолдаушысы да екенін  білдік. Ол «Дайын баспана» бағдарламасының жүзеге асуына тікелей мұрындық болып, ауылды түгелдей өз қамқорлығына алған. Сөйтіп, су жаңа 4 бөлмелі  фельдшерлік-акушерлік пункт, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жауынгерлерге арнап ескерткіш тұрғызған. Мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, компьютерлер, ноутбуктер, интерактивті тақталар, домбыралар  тарту еткен. 9 оқушыны тегін тамақтандырады. Клубты қалпына келтіріп, тренажер залын ашқан.  Спорттық жабдықтар сатып әперген. Дискотека, көпшілік залдары, кітапхана жұмыс істейді. 2 мың гектар жерге бидай, сұлы, арпа егіледі. Бұдан бөлек,  қой, жылқы  түліктері, 5 жылыжайда көкөніс өсіріледі. Жылыжайлардан жиналған өнімдер мектеп пен шағын орталыққа тегін таратылады.  

Ауданның құрметті  азаматы, аудандық мәслихаттың төрт мәрте депутаты Николай Алексеевичтің бір арманы – қазақ батырына арнап бедерлі белгі тұрғызу. 

«Әлем мойындаған абыройлы мемлекет екеніміз ақиқат. Оның иесі-қазақ халқы. Тұяғымен жер тарпыған тұлпарға мініп алып, Ұлы Даланың төсіне ел қондырған бабалар бейнесі жатсам да, тұрсам да ойымнан  кетпейді. Кесек мінез, ер тұлға, досына құшағы ашық, жауына айбарлы, жүрегі кең, жүзі нұрлы образдың эскизі дайын. Еңселі ескерткіш орнатылар күн де алыс емес. Бүгінгі жас ұрпақ азат өмірдің  қадір-қасиетін жете ұғынулары тиіс». 6 айлығынан бастап қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішкен, дәмін татқан, тұла бойы құрыш болаттан жаратылғандай  ел азаматының бізбен қоштасар кезде  айтқан сөзі бұл! 

 

Ақсуаттан түлеп ұшқан ұлтжанды азамат

 тып, өңірдің намысын абыроймен қорғап жүрген «Қуаныш» қыздар командасының Ұлттық лигаға жолдама алуы – облыстың тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болып көрмеген зор жетістік! Ұжымның құрылу, қалыптасу, тәжірибе жинақтау және табысқа жету жолдары жайлы әңгіме қозғасақ, алдымен Қайырбек Хамзинді ауызға аларымыз заңды. Ауданда егіншілікпен және мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Сәдуақасұлының бұл салалардағы жетістіктері айтулы болғанымен, қайырымды ісі мол, сауапты шаралардан еш тартынбайтын айтулы азаматтың  жергілікті волейболшы қыздарға үнемі қолдау көрсетіп, қаржылық демеу жасап жүргенін көпшілік біле бермеуі мүмкін.  Ол  волейбол спорты өңірлік деңгейдегі мықтылар санатына қосылу керек деген идеяға бастамашы болып, 2010 жылы «Қуаныш және К» командасын құрды. Оның құрамына Ақсуат, Степное, Тимирязево, Дмитриевка елді мекендерінен спортқа бейімі бар 7-8 сынып оқушылары таңдап алынды. Арада үш жыл өткеннен кейін 1995 жылы туғандар арасында облыста жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. 

Бүгінде меценат демеушіліктен қол үзген жоқ. Ол команданың директоры ретінде де түрлі байрақты жарыстарға жүйелі қатысуына, спорттық киімдермен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуіне  жан-жақты қамқорлық көрсетіп жүр. Ұлттық лигаға өтуге де зор еңбек сіңірді. Алғашқы ірі жеңістері күні бүгінгідей көз алдарында. 2011 жылы Екібастұз қаласында 1994-1995 жылы туғандар арасында Қазақстан кубогы үшін өткен бәсекеде команда жақсы қырынан танылды. 1996-1997 жылы туғандар бірінші орынды еншіледі. Халықаралық додаларда ең айтулысы, Ресейдің  Орынбор облысында ұйымдастырылған «Соль-Илецк» турнирінде күміс жүлде бұйырды. 2012-2013 жылғы маусымда жоғары лиганың «В» тобында өнер көрсетіп, 3-ші орынға табан тіреді. 2014 жылы чемпион атанып, «А» супер лига  тобында өнер көрсету құрметіне ие болды. Қазір өте тегеурінді командалармен күш сынасып, намысты қолдан бермей келеді.

Волейбол командалық ойын болғандықтан, әр ойыншының өз орны бар. Полина Костива, Нұрила Ақжанова, Маргарита Бельченко, Фарида Рамазанова, Салтанат Қошқарбаеваның есімдері команданың іргетасын қалаушылардың қатарында үлкен мақтанышпен аталады. Бүгінде команда сапында ақсуаттық Маргарита Бельченко мен тимирязевтік Сабира Бекішева бар. Салтанат Қошқарбаева – осында жаттықтырушы.   

2015 жылдан бері кәсіби клуб санатында жүрген облыстық «Қуаныш» волейбол командасы бүгінде еліміздегі өзіндік ойын өрнегі қалыптасқан белді ұжым саналады. Оған былтыр Қазақстан  чемпионатында, биыл республика кубогында 3-шы орын иеленуі – дәлел. Тәуелсіздіктің бойтұмары, қарлығашы іспеттес, атына заты сай «Қуаныш» секілді  жергілікті волейболшы қыздардан тегеурінді команда құра білген Қайырбек Сәдуақасұлына қандай марапат көрсетілсе де, еш артық болмайды.                                                                                          

 

Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 73
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 74
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 179
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 179
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 319
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 321
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 542
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 490

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9194
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8592
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11820
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9589
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10803