Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары қатысты. Отырысты Жамбыл обыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, жүргізіп отырды. Ол 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысына тоқталды. - Биылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына 12 аумақтық, 194 округтік және 499 учаскелік сайлау комиссиялары қызмет көрсететін болады. Жалпы комиссия мүшелерінің саны 4825 адамды құрайды. Жамбыл облысында алдағы сайлауға шамамен 720 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Жалпы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі конституциялық заңда бекітілген тәртіппен сайланатын 98 депутаттардан тұрады. Олардың алпыс тоғыз депутаты яғни 70 пайызы – біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан және жиырма тоғызы немесе 30 пайызы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады,-деген Серғали Өмірзақұлы сайлау заңнамасының жаңа енгізілімдері туралы қысқаша айтып өтті.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың ұсынылу мен тіркелу тәртібі туралы Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов баяндады. Баяндамашының айтуынша Сайлау туралы заңның 103- бабы 3-тармағына сәйкес, саяси партиялар өздерінің мүшелері болып табылмайтын адамдарды партиялық тізімдерге енгізуге құқылы емес.Облыс бойынша бірмандаттық (мажоритарлық) жүйемен сайлау өткізу үшін 192 сайлау округтері құрылды, оның ішінде 18 облыстық, 27 қалалық, 147 аудандық сайлау округтері. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі екенін жеткізді. Әрмен қарай облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева үгіт материалдарын орналастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары биылғы жылдың 14-ақпанға дейін төлем мөлшері, эфир мен баспа алаңын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді жариялауға, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға тиістігін ескертті. Ал, сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мәселелері және аккредиттеу туралы куәлік бір жыл ғана мерзімге берілетіні туралы Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков кеңінен атап өтті. Жиын соңында Серғали Айдапкелов жиылғандарға алдағы саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, бірлесе жұмыстар істей отырып, әрқайсысына берілген міндеттерді дұрыс атқаруды тапсырды.
|