Шәкен Ишан Шаймерден Сопанұлы (хазірет) Ақтөбе өңірінің көрнекті діни ағартушысы

Шәкен Ишан Шаймерден Сопанұлы (хазірет)  Ақтөбе өңірінің көрнекті діни ағартушысы

Халықтың өткен жолы – ұлттық мәңгілік жадында сақталатын қазына. Тарих уақыт қойнауында қалған уақиғалардың қарапайым тізбегі ғана емес, ол халықтың рухын асқақтатып, ұрпақ санасына ізгілік пен парасат дәнін себетін қасиетті мұра. Сондықтан да елдің өткені мен бүгінін жалғаған тұлғалардың өмірі мен еңбегін зерделеу – ұлт алдындағы қасиетті парыз. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласы үшін сындарлы кезең болды. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгерістер орын алып, халық руханиятына түрлі ықпалдар күшейген тұста елдің бірлігі мен имандылығын сақтап қалуға бар ғұмырын арнаған ағартушы-діни қайраткерлердің еңбегі айрықша маңызға ие болды. Олар халыққа тек діни білім ғана емес, адамгершілік пен әділеттіліктің, ұлттық бірлік пен ізгіліктің шамын жақты. Солардың көрнекті өкілдерінің бірі.

Ел арасында Шәкен ишан атымен кеңінен тараған бұл тұлға өзінің терең білімімен, көрегендігімен және ағартушылық қызметімен туған өлкесінің ғана емес, күллі қазақ даласының рухани өмірінде өшпес із қалдырды. Оның тағылымды ғұмыры – елге адал қызмет етудің, имандылықпен парасаттың жарқын үлгісі. Бүгінгі қолдарыңызға тиетін сиясы кеппеген «Шаһмардан (Шәкен) хәзрет мұрасы» атты ғылыми-деректі шағын жинақ – осы көрнекті тұлғаның өмір жолы мен мол мұрасын жаңа деректер негізінде таныстыруды мақсат еткен еңбек. Жинаққа бұрын ғылыми айналымға енбеген архив құжаттары, Ресей империясының статистикалық материалдары, далалық зерттеулер кезінде табылған эпиграфикалық және этнографиялық деректер енгізілді. Соның нәтижесінде Шәкен хазіреттің өмірбаяны, қоғамдық қызметі мен тарихи тұлғасы бұрынғыдан да толық әрі шырайлы сипатта ашыла түсті. Зерттеу барысында 1917 жылғы Бүкілресейлік ауылшаруашылығы санағының материалдары, Сартүбек қорымындағы құлпытастардағы жазулар және басқа да құнды тарихи деректер ғылыми тұрғыдан сараланып, тың мәліметтермен толықтырылды. Бұл деректер Шәкен хазіреттің туған жылы мен өміріне қатысты бұрын көмескі қалған тұстарды нақтылап, оның дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен рухани ортаны тереңірек тануға мүмкіндік береді. Бүгінде ұлттық құндылықтарға деген құрмет артып, тарихи сананы жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырған шақта мұндай еңбектердің мәні бұрынғыдан да арта түсуді. Өткенін ұлықтаған елдің ғана болашағы баянды. Сондықтан да бұл жинақ оқырман қауымға тағылымды тарихты тереңірек танытып, елдік рухты нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз осы еңбек халқымыздың рухани мұрасын қастерлейтін барша оқырманға, зерттеушілер мен жас ұрпаққа пайдалы болады деген ізгі ниетпен ұсынылады.

Шаймерден Сопанұлы (Шәкен ишан) (шамамен 1853-1925 жж.) – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде Батыс Қазақстанда ислам дінін насихаттап, халықтың рухани-мәдени өміріне зор үлес қосқан көрнекті діни қайраткер, ағартушы, ұстаз әрі ишан.

Шаймерден Сопанұлы шамамен 1853 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Қобда өзенінің бойындағы Сарытоғай өңірінде дүниеге келген. Деректерде оның дәулетті әрі елге сыйлы отбасынан шыққаны айтылады. Жастайынан діни білімге ерекше ынта танытып, Орта Азиядағы әйгілі білім орталықтары – Бұхара мен Хорезм медреселерінде жеті жыл білім алған. Осы жылдары ол Құран, хадис, ислам құқықтануы (фиқһ), араб тілі және шығыс әдебиетін терең меңгеріп, туған өлкесіне жоғары білімді дін қайраткері ретінде оралған. Елге келгеннен кейін Шаймерден Сопанұлы халық арасында діни сауат ашу ісіне белсене араласты. Оның ислам ілімін терең меңгерген білімі, тақуалығы және адамгершілік қасиеттерімен шәкірт тәрбиелеп имандылықты насихаттағаны үшін халық оған «ишан» атағын берген. Қазақ қоғамында ишан тек дін қызметкері ғана емес, елдің рухани тәрбиешісі мен жетекшісі, ағартушысы әрі ақылгөйі саналған. Ишан атағын ресми түрде мемлекет емес, көбіне: өзі білім алған ұстазы (пірі), сопылық тариқаттың жетекшілері, діни орта, кейін халықтың өзі берген. Сондықтан ол ел арасында өзінің есімінен гөрі «Шәкен ишан» деген атпен кеңінен танылған. Ишан – ислам дініндегі сопылық дәстүрде жоғары діни білім алған, шәкірт тәрбиелейтін, халыққа рухани жетекшілік ететін ұстазға берілетін құрметті атақ.

1902-1904 жылдары Шәкен ишан өзінің бастамасымен Сарытоғайда Қазан сәулет үлгісімен мешіт-медресе салдырды. Құрылысты татар шеберлері жүргізген. Бұл мешіт өз дәуірінде Ақтөбе өңіріндегі ең ірі діни-ағарту орталықтарының біріне айналды. Мұнда ауыл балалары ғана емес, алыс елді мекендерден келген шәкірттер де білім алды. Медреседе Құран оқу, араб тілі, діни құқық, әдеп және сауат ашу пәндері оқытылды.

Шәкен ишанның қызметі тек діни оқытумен шектелген жоқ. Ол халықты имандылыққа, білімге, адал еңбекке, халыққа ақыл-кеңес беретін ұстаз, хат тануға үйретуші және рухани тәлімгер ретінде танылды, бірлік пен адамгершілікке үндеді. Оның тәрбиесін көрген көптеген шәкірт кейін ауыл молдасы, ұстаз және діни сауат таратушылар қатарынан орын алды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүргізілген атеистік саясат барысында көптеген діни қайраткерлер сияқты Шәкен ишан да қуғынға ұшырады. Архивтік және өлкетану деректерінде оның тұтқындалып, жазасын өтегені айтылады. Соған қарамастан ауыл тұрғындары оған қарсы куәлік бермегені және оның ел арасындағы беделі сақталғаны көрсетіледі.

Шәкен ишан шамамен 1929-1930 жылдары, 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол Сарытоғай қорымына жерленген. Оның есімі ел жадында білімді ұстаз, имандылыққа үндеген ағартушы және халқына адал қызмет еткен рухани тұлға ретінде сақталды.

Қазіргі таңда Шәкен ишан салдырған мешіт Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының құнды ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл нысан «Қазақстанның киелі  орындары»  қатарына  енгізілген.  Мешіттің  сәулеті  мен  тарихы тарихшы-этнографтар тарапынан зерттеліп, ғылыми еңбектерге енгізілген. Шәкен ишанның есімі Ақтөбе өңіріндегі діни ағартушылықтың көрнекті өкілдерінің қатарында құрметпен аталады. 2022 жылдан бастап мемлекет тарапынан ҚР Мәдениет министрлігі қолдауымен Шәкен ишан мешіті жаңартылып толық жөнлеуден өтті. Мешіт айналасы абаттандырылды.

Құлпытастағы жазба – Табын руы, Жылқышы тайпасы, Байғазы

бөлімі, Ебес ауылы. Шахмардан хазірет сопы Алламжарұлы опат болды 68 жасында. Жаздырушы баласы.

Сырым БАЙДРАХМАНОВ,  

№ 13 мектептің тарих пәнінің мұғалімі,

Ақтөбе қаласы

 

17.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26615
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26049
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43439
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39226
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43845