Шәкерімнің суретін сақтап қалған Шәукен кім? – Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары

Шәкерімнің суретін сақтап қалған Шәукен кім? – Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары

«Отқа жақ»,- деп қап-қап қағазды Шәукеннің алдына төге салған

Жиырмасыншы  ғасырдың 20-жылдарында  Кеңес Одағында тоталитарлық режим белең алып, ұзақ жылдар бойы  қысым тоқтамады. 20-30 жылдары Қазақстанды басқарған Н.Ежов, Ф.Голощекиндер жүргізген сыңаржақ саясат  қазақтың талай толқынын соттап, қуғынға салды.  Солардың ішінде  Құнанбай әулеті, Абай ұрпақтары  да болды.  Ал екінші дүниежүзілік соғысқа кеткен зәузатынан екеуі ғана оралған. Олардын ұрпақ та қалмады.  Іргелі әулеттің бір өкілі Кәкітай Ысқақов еді. Қуғын-сүргіннен  Кәкітайдың ұлдары Әрхам мен Даниял да құтыла алған жоқ. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен сол қысылтаяң уақытты Кәкітай ұрпағы Мінәш Әрхамқызы да аз көрген жоқ. Семейлік журналист, өнертанушы Қадірбек Қарашолақов асылдың тұяғы, жақсылардың жалғасы болған жанмен талай мәрте пікірлес болып, сұхбаттасып, етене араласқан.  Malim.kz   тілшісі белгілі журналистен Абай ұрпақтары, Шәкерімнің қилы тағдыры, зобалаң дәуірдің әсер-ықпалы жөнінде сұхбаттасқан еді.   

- Аға, кешегі жақсылардың көзін көріп, сөзін тыңдаған Мінәш Әрхамқызы Ысқақовамен талай мәрте мәжіліс құрып, етене араластыңыз. Әкесі Әрхам Кәкітайұлы көкірегі кеніш, Абайдың қасында жүрген,  Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» романына мол дерек ұсынған жан.  Осындай тектінің ұрпағымен жолыңыз қалай түйісті?   

- Ұзақ жылдар Семейдегі облыстық телеарнада журналист болып қызмет еттім. Телевидениенің тапсырмасы бойынша қаладағы зиялы қауым өкілдерімен жиі сұхбаттасып тұратын едім. 90-шы  жылдардың соңында, Құнанбайдың ұрпағы, текті әлуеттің соңғы сарқыты, хакім Абайдың  тетелес інісі,  Ысқақтың баласы Кәкітайдың ұлы Әрхам атамыздың қызы – Мінәш  (Мінауара) Ысқақовамен танысып, сұхбаттасудың сәті түсті. Ата-бабасының  тарихын түгендеп  жүретін асылдың  сынығы бізге беймәлім біраз жайттың басын ашып, құпиясын ақтарған еді.   Алғашқы сауалымның бірі ретінде Мінәш апамыздан   «соңғы кездері сізді  Құнанбай бабамыздың  соңғы ұрпағы,- деп айтып жүр. Соның анық-қанығын білсек»,- деп сыр тартып көрдім.   Абайдың ұрпағы жас абайтанушы әдебиетшілердің айтып жүргендерінің  жөні бар дей келе,  атасы  Ысқақ  Құнанбай бабамыздың екінші бәйбішесі Ұлжан  анадан туатынын, әкесі Әрхам Ысқақтың  баласы, бірақ, Құнанбай әулетінде ертеден жалғасқан жақсы дәстүр бар екенін айтты. «Бұл әңгімені мен өз әкем Әрхам, Берлеш, Мырзалы   аталарымнан және Ахат  ағамның өз ауызынан естігем. Ал әкемнің естелігінде: Құнанбай қажы бабамыздың бірінші бәйбішесі Күнке әжеміз Найман ішінде  Сыбан  Ағанас бидің қызы екен. Әжемізден Құдайберді жалқы туыпты. «Өзі дімкәс, өзі анадан жалғыз Құдайбердіңің  соңынан еріп жүрсін»-деп, Ұлжан анамыз өзінен туған үшінші ұлы Ысқақты Күнке әжемнің бауырына  салыпты. Абай  атамыз Әкімбай деген екінші ұлын Ысқаққа беріп, өзі  менің атам Кәкітай Ысқақұлын бауырына  салып тәрбиелеген. Ысқақ атам ержетіп үйленгенше, Күнке әжесінің бауырында болыпты. Кейінгі шежірелерде жазып жүрген  ағайындардың Құдайбердінің  Ысқақ деген  баласы болыпты дегені осыдан шыққан екен сонда мен Құнанбайдың  соңғы көзі тірі шөбересі  боламын» деп айтқаны бар. Демек, бұл тарихи шындық деп айтуға болады.   

ШӘКӘРІМНІҢ СУРЕТІН АЛҒАШ КӨРІП, ҚОЛҒА ҰСТАҒАН 

- «Ата алдында - қызмет» деген бар.  Мінәш Ысқақова атасы  Әрхам, ағасы  Ахат  Шәкерімұлының ықпалымен Құнанбай әулеті жайлы біраз  мұрағат  қорын жинаған екен.  Ал, ол кісі Құдайберді  жайлы  бізге беймәлім қандай деректерді алға тартты?       

- Ол уақытта Мінәш әжеміздің жасы жетпістен асқан  кез. Әкесі Әрхам мен Ахат ағасынан естіген-білгенін, көргенін  ойға тоқып, қағазға түсіріп жүрді. Сол жүздесуде асылдың сынығы Құдайберді бабасы  жайында әкесінен естіген әңгімені баяндағын-тұғын. Оның айтуынша, Құдайберді  Құнанбайұлының екі  әйелі болыпты. Құдайбердінің бәйбішесі Дәметкен  (Тойбике) Қаракесек  Алдаберген бидің қызы екен. Дәметкен ағайын бірлігін берік ұстаған, негізіне тартқан  адал, әділ, ана болған. 

«Құнанбай әулетіне келін болып түскен соң бала көтере қоймаған соң, «анадан жалғыз Құдайберді ұрпақсыз қалар»-деп, Мамай батырдың  ұрпағы Дулат батырдың қызы Ботантайды алуға келісім берген. Дәметкен жеңгеміздің тілегі  қабыл болып, Ботантай «төсекпен» бала көтерген. Бірақ, Дәметкен Ботантайды ешкімге көрсетпей бөлек үйде  ұстап, «өзімнің аяғым ауыр»-деп жариялап, күн санап жуандап, Ботантай босанған күні баланы оңаша қабылдап, өзі босанғандай болып, ортада отырып, баланы бауырына басып тәрбиелеген. Бұл сырды  Құдайберді атам ауылындағы күтуші әйел ғана білген. Жас нәрестенің шарапты тиіп, кешікпей Дәметкен жеңгем де жүкті болып, Нұртаза, Шәке, Шәкерім деген балаларына ана болған. Ботантайдан – Әмір, Ырзықбай, Жылқайдар деген балалары болды. Мен Ырзықбайдың баласы Медеухан  атамызды  жас күнімде көрдім.  Басқа  балаларын білмеймін. Ал Дәметкен, Ботантай жеңгелеріміз ағайын-туыс  арасында береке-бірілікті сақтай білген, Ырғызбай әулетіне өнеге-үлгі болған аналар», - деп бізге белгісіз құпияның бетін ашқан-еді.  

- Білуімізше, Шәкерім Құдайбердіұлының  фотосуретін алғаш көріп, қолға ұстаған адам Мінәш Әрхамқызы екен. Оқырмандарымыз  әлі  қаныға қоймаған бұл оқиға қалай болған, жалпы?     

- Мінәш Әрхамқызы  Шәкерім Құдайбердіұлының  көзін көрмесе  де фотосуретін алғаш көрген адам. 1953 болса керек, Шыңғыстау орта  мектебінде қызмет етіп жүрген кезінде  облыстан үлкен уәкіл келетін болып, мектептегі жиында ғылыми баяндама жасау Мінәшқа жүктелген екен.  Абай аударған орыс қаламгерлері - Лермонтов, Пушкин, Крылов суреттерін үлкен ақ қағазға жапсырып, бүктемелі альбом жасап отырғанда тілінің кемістігі бар, құлағы естімейтін Шәукен (Оразғали) деген туысқан ағасы үйіне  кіріп келіпті. Мінәш апамыз  осы оқиғаны ерекше толқыныспен баяндап берген еді.    

«Абай атамды қоршай салынған орыстардың суретін көре сала: «Сенің миың жоқ, арам-арам, ұры, сені ату керек, түрмеге жабу керек, ұят, ұят»,-деп бетін тілгілеп маған ұрса жөнелді. Өңі сұрланып кетіпті. Шәукен ағамызды өзіміз еркін түсініп, өзара түсінісеалатынбыз. Мен жайлап, суреттердегі  орыс ақындарының суреттерін орыс ақындарының  еңбектерін  Абай атамыз аударғанын айтып бердім. Біраз ойланып отырды да,  «Шаһарым, бауыр Шаһарым, бауыр мен тап, мен бар тап, Абай қасына қой, мен саған бере, бере», деп суреттерді көрсетіп әбігерлене бастады. Ол уақытта ондай ерлік маған қайдан келсін, оның үстіне Сталин дүниеден енді ғана озған Шәкерім атам ақталмаған. Мен Шәукен ағама Шәкерім атамның бауыры екеніңді білемін, жақсы көремін, атамның суретін қойғаным үшін онда сені де, мені де түрмеге жабады, атады»,-деп түсіндірдім де суретті қайдан алғанын сұрадым» дейді Әрхамқызы.  

                                           Шәкерімнің ұлы Ахат    

АХАТҚА ШӘКЕРІМНІҢ СУРЕТІН ШӘУКЕН БЕРГЕН 

- Шынымен де бұл, жұрт аса көп біле қоймаған оқиға ғой. Ақынның  суреті Шәукеннің қолына қалай түскен?     

- Шәукен Әрхам Кәкітайұлының жақын туысы болып келеді.  Шәукеннің атасы Бақаш Ырғызбайдың Өсер деген төртінші ұлының ұрпағы. Өзі ақ көңіл, туысқа адал, қолы ашық жан  болыпты. Мінәштің соңғы шешесі осы Бақаштың қартайған шағында «Малға жығып» алған жас тоқалы - Рәбиға Шәкерім атасына шай құйып, қатты  құрметтеп, бәйек болып жүреді екен. Ал Шәкерім Бақашты ерекше еркелетіпті, сал-сері жолдастарымен келгенде, бөлек үй тіктіріп, айрықша күтетін болыпты. Мінәштің айтуынша, шаруақор Бақаш арқар тұқымды, тегене құйрықты кілең қызыл қой өсірген ірі бай болған адам екен. 

«Бірде Бақашқа  Абай атам ықпалымен «Ысқақтың шаруаға қарауға шамалары жоқ, қыста табақ  көтереді, соғымдарыңа қос деп,  жазда қонақтарының сыбағасы» - деп, бөлек-бөлек қой айдататып жіберген. 1930 жылдары Шәукеннің бай әке-шешесін жер аударып, түрмеге жапты. Сол кезде  Шәукен абақтыда от жағушы, қора сыпырушы болған екен. Сақау, құлағы естімейді, аса күдік тудырмайтын болған соң сол жерде ұстаған. Шәкерім атамды атып өлтірген соң, бағасын білмеген адамдар және үндеместің адамдары  «отқа жақ»- деп қап-қап қағазды Шәукеннің алдына төге салған. Қап-қап қағазды ақтарып отырғанда арасынан қажы атамның суретін байқап қалып, қалтасына  салып жіберген  маған «ал» деп қалтасын көрсеткен сурет осы еді.  Фото сапалы түсірілген, бірақ шеті  сәл бүктелген,  сыртында арабша жазуы болатын. Соны Шәукен ағаш шамаданның астына салып, үстінен жұқа тақтаймен шегелеп, ұзақ жыл сақтапты. Әкеме фото сурет жайында  айтқанымда, «Шәукеннен сенімді адам жоқ өзінде болсын», деп шешті әкем», дейді ұлының ұрпағы.    

Шәукен суретті көзінің қарашығындай сақтап,  Ахат келгенде беремін деп отырады екен. Шәукен кемтар демесеңіз, аңшылық қасиеті бар, түз тағыларының  сырын білетін, тазы иттерімен адамша сөйлесетін аң құмар жан болған.   Мұхтар Әуезов Шәукенді ерекше бағалап, сағынып тұратын болыпты.   1955 жылы Әуезов Алматыдағы жаңа үйіне кірген соң Абай еліндегі Әрхам Ысқақовты, Исрайыл Ақылбайұлын, Шәукенді, Балтақай Толғанбаевты   арнайы шақырып, мейман қылады. Сол жолы Мұхтар Шәукенді екі ай үйінде жатқызып, өзінің жазушы, әнші жолдастарына таныстырады. Сондай ортадағы отырыстың бірінде Ахат Шәкерімұлын, бауырымен жолығудың сәтін күткен  Шәукен жеке алып шығып, «Мынау кім?»,- деп суретті көрсеткен. Сонда Ахат еңіреп жылап жіберіп, Шәукенді бетінен сүйе беріпті. Мойнындағы қарызынан, аманатынан  құтылғандай, ол   масайрап, қуанып, суретті табыстайды.   Шәкерімнің қазіргі әйгілі суреті  Ахаттың қолына  осылай түскен екен. 

ШӘКЕРІМНІҢ ҚҰРҚҰДЫҚТА ЖАТҚАНЫН БІЛГЕН ЖАЛҒЫЗ АДАМ – КӘРІМҚҰЛДЫҢ ҚАБЫШЫ 

 - Шәкерімнің мүрдесі  отыз жылдай Бақанастағы Құрқұдықта жатқаны белгілі.  Мүрдені  құдықтан  қазып алуға да себепкер болғандардың арасында Мінәш Ысқақова болыпты дейді...     

- Алдымен, Шәкерімнің Құрқұдықта 30 жыл жатқанын өз көзімен көрген, жадынан шығарып алмас  үшін белгі қойған  Кәрімқұлдың Қабышына қарыздармыз.   Оның осы ерлікке бергісіз ісін  Мінәштің әкесі Әрхам ғана білген екен Қажының сүйегі  ұлы  Ахат   Алматыдан көшіп келгенше тас құдықтың түбінде жатты.  Сол Бақанастың басында Шәкерімнің мүрдесін күзетіп отырған  екі үй ғана болыпты.     Олар -  Қабыш Кәрімқұлұлы мен Сыдық  деген  адам екен. Ал Құрқұдықтағы арыстың мүрдесін қазып алуға Мінәштің қатысы қалай болған? Енді соған тоқталайық.    «1958 жылы Алматыда тұратын Несіпжамал апамыз Бақанасқа барам қажы атамның басына құран оқытам деген соң ешкімге жарияламай жасырын түрде арнайы апардым баруын бардым.  Қабыш аға мен жездем Сыдық құшақ жая қарсы алып, алыстан құран оқып, «екеуіңді ол жерге апармаймын, біреу-міреу біліп қойып қиянат жасай ма деймін»,- деп шығарып салды. 1961 жылдың шілде  айының соңына таман Ахат ағам келді.  Бақанастан Қажы атамның сүйегін өзі әкелмекші болды. Менің тигізген жәрдемім сол,    көлік жағын қарастырып, тауып бердім.  Қажы атамның алдындағы борыш-міндетімді  осылай атқардым. Әкемнің өз ауызынан естігенім,  Ахат аға   қажы атамның мүрдесін өз қолмен екі күн қазыпты онысы күрек тисе, сүйекті уатып аламын дегені екен. Алғашқы күні құдықты бір метрдей қазған.  Бірақ қолына ештеңе ілінбепті. Сол кезде  ГПУ-дің жендеттері кейіннен басқа жаққа ауыстырып тастады  ма деген күдік  мазалапты. 28 тамыз күні түс әлетінде бас сүйегіне қол тигенде құдық ішінде жүремінен отырып қанша жылағанымды білмеймін. «Әкемнің көрген қорлығына қоса, бар іні-туыстарыммен өз басымнан кешкен азабым аз ба? ГПУ-дің абақтысының темір торынан телміріп тұрып әкемнің маңдайына қолым бір жетсе деп  жылаппын дауысым шығып кетіпті»-деп Ахаттың күйзелгенін әкем айтатын.   Сонымен, қажы атамның сүйегін аса мұқияттылықпен сүйек үгітіліп кетпесін деп  өзінің жейдесіне орап, шамандаға салып 100 шақырымнан аса жерді салт атпен Қабыш аға екеуі әкем Әрхамның  үйіне әкелді. Үйге кірсем кеудесін керіп төрде отыр екен. Ахат аға қасына отыра бере:-«Қажы ата қайда жатыр?»,- дедім. Сонда Ахат аға: «Арыстай атаң алақандай шабаданға сыйып жатыр»-деп комод үсінде тұрған шабаданды нұсқады. Қажы атамның мәйітін әкем үйінің төріне қойды. Шәкерімнің  жаназасына орта жүздің белгілі азаматтары, Жетісу, Алматы,  Өскемен, Семей,  Аягөз арысы Арал аймағынан арнайы  келді. Қаралы жиын Жидебайға қарай  жылжығанда, Ахат ағам, қанша қажырлы болса да дауысы шығып, көз жасына ерік берді. Арада отыз жыл, он  ай, алты  күн өткенде Қажы атамды арулап жер қойынына тапсырдық. Бұл күн - Құнанбай әулетінің шаңырағы қайта тіктеліп, «өлгені тіріліп,өшкені жанған» уақыт  еді» дейді тарихи сәттің куәгері.     Осылайша қуғын-сүргіннен опат болған Шәкерім Абайдың қасына жерленіп, туған жерінде мәңгілікке дамыл тапты.

КЕДЕЙЛЕРГЕ ҚАРАСАМ ДЕП ҚУҒЫНҒА ТҮСКЕН...   

- Құнанбай ұрпақтары талай жыл  қудалаудан құтылмады.  Абайдың туыстары  Әрхам,    Даниял Кәкітайұлдары да  «халық  жауы» атанған дейді.  Бұл жөнінде не айтар едіңіз?  

-   Әрхам Кәкітайұлы    төрт жасынан Абайдың  немересі саналып, хакімнің өнегелі өсиетін тыңдап, әнші, күйші, сүйек-өрнекші, өрімші, скрипкашы, ақындар, тоғыз құмалақ, дойбы, шахмат жүйріктері арасында өскен.  Жақсылардың асыл қасиеттерін бойға  сіңірген. Әсіресе тоғыз құмалақ пен дойбының асқан шебері болыпты. Мінәш Ысқақованың баяндауына қарағанда, әкесі Кәкітай сияқты ұзын бойлы, кең иықты, мейірімі мол, адамгершілігі зор, сауатты адам  болған. Туған ауылының дамуына зор үлес қосып, қамқоршысы  атанған.     Кеңес қызметінде жүрген інісі Даниялмен  бірігіп, Мұхтар Әуезовтың бастамасымен  кіндік қаны  тамған жер, Бақанас-Байқошқар өзенінің бойынан жер алып,60 үйлі кедейдің басын қосып,үкіметтен мол қаржы бөлдіріп, ауылға су тартқызған, диірмен, шағын май зауытын, мектеп ашқан.  Кішігірім дәргерлік орталық ,түзу  көшелер салғызған. Кедей балаларын оқытатын мектеп ашып, оқу-құралдармен жабдықтағаны тағы бар.  Мамандық алмаған, кедей қазақты отырақшы ел етіп, еңбекке баулыпты. «Дәку-Даниял  ағам мен әкемнің қолымен  құрылған Бақанас қалашығы бертінгі уақытқа дейін болды. Амал қанша, сол тұста  шолақ белсенділер «Құнанбайдың ұрпағы –ел билеп, байып жатыр»,-деп, әкемнің үстінен домалақ арыз жазып, Семей түрмесіне бір түнде жапты. Бақанастың 60 үйлі артель мүшелері «Әрхамды қамасаңдар бізді де қамаңдар, мал- мүлік бәрімізге ортақ»,-деп, түрме алдында жатып алған көрінеді. «Аққа құдай жақ», түрмеден босап шыққан соң Көкпектінің «Үш көмей» деген жеріне жіберілді. Әкемді бұл өңірге де тұрақтатпаған соң, Мұхтар Әуезовтың ықпалымен бір түнде Қатпа Қарамжанов деген сенімді адам арқылы үй-жайды бала-шағаны тастап,Ташкент асты. Әкеммен арада бір жыл өткен соң, Өзбекстанның «Қызыл партизан» деген колхозында кездесіп  мен мектепке бардым.  Ол жақта өзбек тілінде оқыдым. Тіршілігіміз жайсыз болып, Алматыдағы Нарком поста  істейтін  Даниял ағамның қолына келдім. Тағдыр мұны да көп көрді 1936 жылы арқа сүйер ағам Даниял бір түнде «Халық жауы» болып, ұсталып  кете барды. Әкем Әрхам да тағдыр тәлкегімен жылға жуық хабарсыз кетті»,- деп нәубетті күндерді еске алып еді апамыз.     Құнанбай ұрпақтарының қуғын-сүргінге ұшырауы  осыдан басталған екен.   Біздіңше,  бар бәле тегінен болған секілді.  Ол  уақытта барлығы тегін «Құнанбаев» деп  жаздырған.

-   Мінәш Әрхамқызының өзі де тар заманның   қыспағын көп көріпті.  «Әрхамның қыздан көзі тірі соңғы ұрпағы мен де көп азап көрдім», деп айтқаны бар екен...    

 - 1935 жылы Әрхам қызы Мінәшті алып Алматыға келеді. Қалада аз уақыт тұрған соң 1936 жылы кенеттен із-түзсіз жоғалып кетеді. Босап шыққанмен, қуғын  тоқтамайды.  Мінәш 1937 жылғы дүрбелеңде бас  сауғалап, Павлодар облысы  Спартак ауылындағы Кәкітайдың бәйбішесі Бибі әжесінің қолында тұрақтайды.   

 «Арнайы қуғын-сүргін көрмесем де, Құнанбай ұрпағы болған соң, соңымызда үндеместің болғанын сездік. Сол жердегі  орта мектепті үздік бітірдім. Бұл кезде сұрапыл соғыс   басталып кеткен еді. Жастығым болар, мен де соғысқа аттанып, ұшқыш болуды армандадым.  Қолда әжем бар, әкемнің қайда жүргені белгісіз уақыт болды.  «Жаңа ұйым» ауылында күндіз мұғалім болып, кешке соғыстағы жауынерлерге киім тігіп, күн көрістің қамын жасадық. Ауыл мектебінде жас болсам да оқу ісінің меңгерушісі болдым.  Қызмет ете  жүріп, педагогикалық институттың тіл-әдебиеті факультетін бітіріп, 1942 жылы туған ауылым Қарауылға оралдым.  Ол кезде әкем де елге аман-есен оралыпты. Ал інілері Даниял, Мүбәрак, Біләл, Медғаттар 1937 жылдың жазықсыз құрбаны болып кетті.  Әкем  өмірінің соңына дейін елде тұрды. Мұхтар Әуезовтің  «Абай» романының жазылуына көптеген мағұлмат берді», деп қиын кездерді ойға оралтқан болатын Мінәш Ысқақова.      

  Өмірі өлшемге сыймайтын дара мінезді, әрісі Айпара, Зере, Ұлжанның, берісі Текті, Бибі әжелерінің сарқытындай, алаштың  ардақты  қызы 90 жастан асып, өмірден озды. Қарауылдағы  орта мектепте  45 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет етті.  «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілді.   Құнанбай, Абай, Кәкітай, әкесі Әрхам  жайлы жазылған қолжазбаларды, Әрхам Ысқақов жазған «Зағипа» поэмасының қолжазбасын,  өзінің жүздеген жазба еңбектерін Абай мұражайына  өткізді.  

Сұхбатыңызға рахмет!              

 

Олжас ҚАСЫМ, Malim.ku
15.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 68
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 62
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 47
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 453
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9067
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10072
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11281