Самат Сұлтанов, түркістандық кәсіпкер: Есік алдындағы учаскеден мол өнім алуға болады

Самат Сұлтанов, түркістандық кәсіпкер:  Есік алдындағы учаскеден мол өнім алуға болады

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қарақұм ауылының тумасы Самат Сұлтанов тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайда көкөніс өсірудің маманы. Ол әрбір азаматқа қара жерден өнім алуды әлеуметтік желі арқылы үйретіп жүр. Кәсіпкермен көкөніс өсірудің қыр-сыры, тамшылатып суғару әдісінің тиімділігі жайынды сұхбат жүргізген едік.

 

Тамшылатып суғару – табыс көзі

Тамшылатып суару - автоматты суару жұмыстары, оның түрлері мен құрылғысы– Ассалаумағалейкум! Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

– Уағалейкумассалам! 1984 жылы өмірге келдім. Жалпы ауылда диқаншылықты кәсіп қылып жатқан жайым бар. Өзіміздің әулет жағымыздан да диқаншылықпен айналысады. Әкем 2000 жылы өмірден қайтты. Жоғары білімім жоқ. Бауырларымнан жалғыз қарындасым ғана бар. 2010 жылдардан бастап жерлерді жалға ала бастадым. Сол кездері екі-үш жылдай мақта ектім. Кейінірек қауын-қарбызды да өсірдім. Қазіргі кезде бес-алты жылдай болып қалды тек көкөністермен ғана айналысамын. Кішігірім жасап жатқан дүниелерімді Ютуб пен Instagram-ға жариялап отырмын. Қазақстанның әр өңірінен қызығып хабарласады. Нұр-Сұлтандағы бір жігіт кеңес сұрап пәтерінің балконына қияр өсірген. Осылай біраз адамдарды диқаншылыққа үйретіп жүрмін. 

– Тропикалық жемістерді өсіріп көрмедіңіз бе?

– Ойда түрлі-түрлі жоспарларым бар. Тропикалық жеміспен Сарыағаш ауданындағы бір танысым айналысады. Биыл Шымкенттен бір түп лимон көшетін алып отырғызғанмын. Тек қияр мен қызынақпен ғана шектеліп қалғым келмейді. Тропикалық, цитрустық жемістерді де өсіргім келеді. Жылыжайым қысы-жазы жұмыс істеп тұр. Дәл қазіргі сәтте қиярым өнімін беруде. Қара шаңырағымнан қалған үйімнің алды жеті соттық жер. Ауылдың сыртынан 24 соттық жер алдым. Енді Алла сәтін салса, биыл жылыжайымды сонда ауыстырсам деймін. Шамамыз келгенше үлкейткім келеді. Бәрі де өз қаржымнан істелініп жатыр. Бір жылда үшінші өнімді алып жатырмын. Алты-жеті жыл бұрын ғаламтор арқылы тамшылатып суғаруды үйрендім. Шымкент қаласынан керекті заттарын алдым. Ең алғаш 30 соттық жерге күздік қияр еккенмін. Сол кезден бастап тамшылатып суғаруды бастадым. Суды үнемдеуге көп пайдасын тигізеді екен. 

– Тамшылату арқылы қанша рет суғарасыз?

– Әрбір өңірдің климаттық орналасуына байланысты болады. Біздің Түркістан облысы басқа өңірлерге қарағанда жылы. Солтүстік жақта он күнде бір рет қана суғаруымыз мүмкін. Өйткені күн салқын ғой. Өзіміз жақта көктемде аптасына бір реттен ғана суғарамыз. Ал енді жазда екі күнде бір суғаруға тура келеді. Шілде айында күніне бір рет суғару қажет. Суғарудың уақытын айтатын болсам үш сағатта толықтай су ішеді. Арықпен суғаратын болсақ бір күн жату керек. Бұған да судың көп керегі жоқ. Бір соттыққа бір тонна су мөлшері жетеді. Арық суы бұдан әлдеқайда көп. Ерекшеліктері де бар. Арам шөптердің шықпауына да септігін тигізеді. Өзен суларымен суғарғанда арам шөптердің дәндері де ағып келеді. Тамшылату сүзгіден өтеді. Ешқандай қоқымдар болмайды. 

– Өнімдеріңізді сатылымға шығарасыз ба?

– Иә, сатамын. Ауыл тұрғындарына күндік ақысын беріп жинаймыз. Барлығын жинап болғаннан кейін өз өнімдерімді Шымкент қаласының базарларына шығарамын. Көрші ауылдардағы шағын базарларға да апарамын. Басқаларға қарағанда арзандау болады. Өзім диқаншы болғаннан кейін халыққа қол жетімді қылуым керек. Одан артылғанын жеке өзіме аламын. Қалғандарын көтерме бағамен алыпсатарлар алып қалады. Ауыл-аймақтағылар мені танып қалған. Қысқы жабатын салаттарға химикаттар көкөністерге көп берілсе банканы атып жібереді. Мен ондай зиянды нейтраттарды көп бермеймін. Теледидардан да менің өнімдерімді арнайы прибормен тексерген. Таза болғаннан кейін тұтынушыларым да көп. Өзімнің екі жарым гектар суармалы жерім де бар. Бұл жерге ауыспалы ретінде егіп отырамын. Қайта-қайта бір жерге еге беруге де болмайды. Жалғыз өзім болған соң ауыл адамдарын да аламын. Біз жақта диқандар көп. Кейде жұмысшы да таппай қаламыз. 2021 жылы ауыл сыртындағы өмірі соқа көрмеген жерге екі рет пісетін қияр ектім. Бір алқаптан көктемнен жазға дейін және жаздан күзге дейін өнім алдым. Жердің өзіне 300 метр тереңдікте құдық қазып, жарық жүргізіп жұмыстарын жасадым. Мұның барлығы да тамшылату арқылы суғарылды. Көктемде 12 тонна қияр, екінші күздік өнімнен 8 тонна алдым. Жалпы 20 соттық жерден 20 тонна қияр берді. Үйдегі жылыжайым қазір де өнім беруде. Оған жиенім көмектеседі. Қазірден бастап қызанақтың көшеттерін өсіріп жатырмыз. Жылыжайды үлкейткен соң, ауылдың апайларын тұрақты айлыққа жұмысқа алсақ деген мақсат бар. Сонда қысы-жазы жұмыс болады. 

– Әлеуметтік желіден қызығушылық танытатын азаматтар көп пе?

– Әлеуметтік желілерден көп хабарласады. Жұрттың қызығушылығы артқан сайын бәріне жауап бере алмаймын. Бәріне білгенімді айтып бөлісемін. Жеке нөмеріме де хабарласады. Жылыжайы барлар хабарласып кеңес сұрайды. Алматы, Тараз, Қарағанды, Түркістан қалаларынан көп. Ең алғаш өзім де еш нәрсе білмей бастадым. Өзімнің ізденісімнің арқасында үйреніп кеттім. Кейін іштей бір ой болды. Диқан болсам ақыл-кеңесімді аямаймын дедім. Сондықтан да барлық азаматтарға бағыт-бағдар беруден қашпаймын. Көптеген ауылда бес-алты соттық жерлерді арам шөп басып жатады. Шамалы жердің өзінен де табыс табуға болатындығын дәлелдеп жүрмін. 

 

Диқаншылыққа еңбек пен төзім керек

– Диқаншы болудың қиындығы неде?

– Негізі оңай шаруа емес. Жалпы тұқымдарымыз шетелден келеді. Сатып алғаннан кейін түгелдей өсіп шығуын күтеміз. Егіншілік тұқымды сеуіп, оны сатып жібергенше алаңдатып қояды. Ауа райының да қолайсыздығы болып тұрады. Су тапшылығы да бар. Бірақ оны тамшылату әдісімен шештім. Тұқымның топырағына да мән беремін. Кейде топырақта құрттар пайда болады. Толыққанды өсіру үшін барымызды салу керек. Оның да бір қалыпты температурасы бар. Күндіз 25-тен ал, түнде 18 градустан түспеу керек. Өсіп шыққаннан кейін аурлар пайда болады. Оның бәрін қадағалаймыз. Біраз қиындықтардан өткен соң ғана егістікке отырғызамыз. Тұқым себе салдық деген жоқ. Аллаға шүкір! Бәрін өткеріп жатырмыз. Жұмысымызға сабыр мен төзім қажет. Голландияның тұқым өндіруші компанияларының ашық алқапқа арналған қызанағы мен қиярын егудемін. Гибридтердің бәрін де 1000 тұқым болады. Әлемдегі тұқым өндіруші ең мықты бестігіне кіретін компаниялар. Қазақстандағы өкілдері қияр тұқымдарын пошта арқылы жіберіп отыр. Бұлардың сорттарының әзірге аты жоқ. Арнайы нөмірлермен келеді. Мен оларды сынақтан өткізіп жатырмын. WhatsApp арқылы оларға төзімділігін, қаншалықты өнім беретіндігі туралы сөйлесіп тұрамыз. 

 

Мемлекеттен көмек бар, әлі де қолдау қажет

– Жергілікті атқамінерлерден қолдаулар барма?

– «Бастау бизнес» жобасынан қайтарымсыз 500 мың теңге үстінде қаржы ұтып алдым. Сол ақшаға жылыжайды тұрғызғанмын. 2020 жылы жерді берген. Оның өзі әбден созылып кетті. Ол кезде Нұрбол Тұрашбеков (қазір Түркістан қаласының әкімі) аудан әкімі еді. Тікелей сол кісінің өзіне хабарластым. Қанша жылдан бері ала алмай жүрген жерді бір күнде шешіп берді. Онысына үлкен алғысымды білдіремін. Көптеген басшылар мені таниды. Әзірге енді сөз ғана жәрдем болып тұр. Қазіргі аудан әкіміміз Бағлан Батыршаев деген кісі. Мен арқылы да мақтанады. Ауылда жиналыс болғанда тамшылату әдісін дамытқысы келгенін айтқан. Бірақ іс жағынан жәрдем болмай тұр. Ауыл сыртындағы жерімде еш инфрақұрылым жоқ. Осы жағынан көмектессе екен. Су мәселесін өзім шештім. Бірақ та кәдімгі құдық суындай болмайды. Басына шағын сарай тұрғызып жылыжайды көшірсем деймін. Жарығы мен жолына да көмектесіп жіберсе ғой. Өз қалтамнан қаражатым жетпейді. Су, жол келсе, маған ғана пайда әкелмейді. Ол жерге үйлерде соғылып жатыр. Көбісі жастар. Басшылардың сөзіне қарасақ бір-екі жылда келмейтін сияқты. Ең болмаса жолын тегістеп, бетіне тас төгіп, он шақты бағаналар қойып, жарық жүргізсе жақсы болатын еді. Тірлік істеймін деген аудан азаматтарына үлкен көмек қой. Ұлан-байтақ жерімізден жер ала алмай жүргендер мен ғана емес. Көптеген азаматтарымызға тосқауыл болады. Ауыл әкімдері де жігіттерді таниды ғой. Сенімді азаматтарға көмектессе екен. Ол жалғыз өзі ғана істемейді. Ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді. 

– Сіздей азаматтарды үкімет нақты қолдайтын болса, басқа елдердің көкөністеріне тәуелді болмайтын шығармыз?

– Әрине! Мен қарапайым отбасынан шықтым. Тапқаным өзімді қамтамасыз етуге жетеді. Кәсібімді үлкейтуге көп қаржы керек. Бір гектар жылыжайым болса көрші ауыл-аймақты қысы-жазы қамтамасыз ететін едім. Пәкістан, Қытай т.б. елдерден көкөністер келеді. Олар небір зиянды химикаттарды қосады. Таза табиғи өнімді өсіріп, шама келгенше халыққа ұсынатын едік. Біз сияқты диқаншылар көп. Көбісі жер ала алмай жүр. Жергілікті билік жер беретін болса, өз өңірлерін алып шығады. Нұр-Сұлтандағы досым бір маркеттен 2000 теңгенің үстінде қияр сатылып тұрғанын суретке түсіріп жіберді. Мен дәл қазір 800 теңгеден сатып жатырмын. Ол қиярды желіге салып қойдым. Тіпті сарғайып кеткен. Айырмашылығы жер мен көктей. Әр ауылдаға диқандарға көмек берсе, шетелдің көкөністеріне тәуелді болмаймыз. Жер мен жарықпен қамтамасыз етсе дамитын едік. Үкіметтен біздей жандарға қолдаулар болса екен. Жер одан кейін айналасына инфрақұрылымдарын дамытып берсе ғой. Мен сияқты көптеген адамдар сырласамыз. Бәріміз де бір проблема. Жеңілдетілген несиені де береді. Бірақ оған кепілдеме сұрайды. Кәсіпкерлерді анық қолдағылары келсе, несие жағын әлі де қарап шықса дұрыс болатын еді.  

– Басқа компаниялардан ұсыныстар болмады ма?

– Әлеуметтік желіні жақсы пайдаланған соң көбісі хабарласады. Түркияның да компаниясынан хабарласқандары болды. Бірақ шарттары ұнамады. Шымкенттегі үлкен агродүкендер де көріп асты-үстіме түседі. Агроном ғалымдары да ұсыныстар айтады. Бірақ мен арқылы жарнама жасағылары келеді екен. Ондай жандардан бас тартамын. Тыңайтқыштарды жарнамаласа дейді. Мен өзім сынақтан өткізбей ешбірін жарнамалай алмаймын. Себебі маған көптеген адамдар сенім білдіреді. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

 

Сұхбаттасқан – Қадірәлі САРЫПБЕК
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8755
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8155
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9138
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10369