Сарысу ауданының сайлаушылары Ұлыстың ұлы күніне орай сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келіп, елдегі берекелі бірлікті паш етті.Атап айтсақ, Ұйым ауылындағы №372 сайлау учаскесінде келіп, дауыс берген Қабылбеков Сайлаубек ақсақал қазақтың оюлы шапанын киіп, ел ертеңі үшін сайлауға үн қосып, еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы үшін дауыс берді.
Сондай-ақ, Түркістан ауылдық округі, Арыстанды ауылының тұрғыны Каранеева Бибіхан ұлттық киіммен келіп, №387 сайлау учаскесінде болып, өз ұстанымын білдірді.
«Сайлау − ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл сайлауда халықтың артқан үміті зор, соған сәйкес белсенділігі де өте жоғары. Жастар да ерекше атсалысуда», - деді Бибіхан Каранеева.
Бұл сайлау Наурыз мейрамымен қатар келіп, елдің ықыласы мен көңіл күйі ерекше. Сайлау учаскесі ауласында сайлаушылар арасында ұлттық ойын ойнатылып, концерт, жәрмеңкелер өтуде.
Мәселен, сайлау учаскелерінің алдында 16 азық-түлік жәрмеңкесі, 25 мерекелік радиоконцерт, 15 ұлттық спорттық ойындар және дауыс беруге бірінші келген сайлаушыға, жасы үлкен қарттарға және ең жас сайлаушыға бағалы сыйлықтар табыстау, «Наурыз көже» тарату бойынша 100 іс-шара ұйымдастырылуда.
Аудан басшысы таңдауын жасады
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында өз таңдауын жасады. Аудан басшысы 2784 сайлаушы тіркелген Жаңатас қаласы, 1-ші шағын ауданындағы Спорт кешенінде орналасқан №363 сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Сарысу ауданында 25 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.
Этностар сайлауға белсенді қатысты
Облыстағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендер қатарына – Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды ауылы жатады. Бүгін Арыстанды ауылындағы күрд ағайындар сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады.
Арыстанды ауылында №387 сайлау учаскесіне дауыс берушілер саны – 201.
Арыстанды ауылының ардагері Вали ақсақал сайлауға қатысу арқылы, еліміздің ертеңіне сенімдік оянып, бірлік пен татулықтың нығаятынын жеткізді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілер дауыс беруді жалғастыруда.
Сайлау учаскесіне келуге мүмкіндігі жоқ 111 үй жағдайында дауыс беретін азаматтар түгел қамтылуда. Мобильді топ арнайы үй-жайға баруда.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілер де өз таңдауын жасауда
Сайлауға 18 жасқа толған барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Бірақ сайлау учаскесіне келуге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді, сондықтан зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үйде дауыс береді.
Аудан бойынша 24 904 сайлаушының 111-і үй жағдайында дауыс беретін азаматтар. Осындай адамдар үшін арнайы мобильді топтар құрылып, арнайы үй-жайға барады.
Сарысуда сайлау учаскесіне құдалар келді.
Бүгін еліміз үшін өте маңызды күн. ҚР Парламенті Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Елімізде өтіп жатқан сайлаудың маңызын терең түсінген әрбір азамат өз таңдауын жасайды. Осыны сезінген Сарысу жеріне сонау Маңғыстау облысынан келген құдалар да өз дауысын берді. Қазақта «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген жақсы сөз бар, Сарысу жеріне қыз беріп, құдалыққа келген маңғыстаулық құдалар бұл сайлаудың маңызды екенін айтып өтті.
Құдалар Жаңатас қаласындағы Спорт кешенінде орналасқан №363 сайлау учаскесіне барып таңдауларын жасады. Жалпы дауыс берушілер саны – 2784.
«Биылғы сайлау өте белсенді өтуде. Елімізде болғанымызда 5 бюллетень алып, өз таңдауымызды жасайтын едік. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, саяси оқиғаға қай жерде болмасақ та үлесімізді қосуымыз керек деп шештік. Саялы Сарысу жеріне қыз беріп, құда болған алғашқы қадамымызды сайлаудан бастағанымызды жақсылыққа жорып отырмын. Таудауымыз−еліміздің болашағы, кемел келешегі», −деді маңғыстаулық Берік Нұрбергенов құда.
Жастар дауыс беруде
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына сарысулық жастар атсалысуда. Сағат 7:00-де аудандағы 25 сайлау учаскелері жұмысын бастап, сайлаушылардың қарқыны жақсы. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кірсе, соның 24 904 сарысулықтар.
18 жасқа жаңадан толып, саяси науқанға алғаш қатысып отырған аудан жастары өз таңдауларын жасауда. Сайлаушылардың 1645-і студенттер.
Сарысулық қариялар белсенді
ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға сарысулықтар белсенді қатысуда. Биыл дауыс берушілер 5 бюллетенді белгілейді, саяси додаға 7 партия өкілдері түсіп жатыр. Аудан тұрғындары сайлау учаскесінде дауыс беріп ұйымдастырылған ұлттық ойын, жәрмеңкелерді тамашалауда. Соның ішінде, ақсақалдар мен ақжаулықты апаларымыз ерте келіп, өз таңдауларын жасады.
Мәселен, №368 сайлау учаскесіне 1928 жылғы Айдакелова Бортан апамыз арнайы келіп, таңдауын жасап, ақ батасын берді.