Ерікті түрде көмек-қолдау көрсетіп, жұрттың ықыласына ие болып жүрген волонтерлер осынысымен-ақ қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналып келеді. Волонтерлік жұмыстың өзі кең сипат ала бастады. Оның мәні – айналамызда шын мәнінде ізгілік пен мейірімділікке мұқтаж жандардың көп екендігінде.
Жалпы бұл қоғамдық жұмыстың жастар тәрбиесіне ықпалы зор. Өзгеге қол ұшын созу – адам бойындағы парасаттылық пен патриоттылық сияқты адамдық қасиеттерді сіңіре түседі. Сонымен қатар, осы мақсат жастарды ел дамуында бір мүдде, бір мақсат төңірегінде біріктіретінін де айтқан жөн.
Осының айқын дәлелі кешелі бүгін орын алып жатқан Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде көрініс тапты.
Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ауыл азаматтары да қарап қалмай, қолдарынан келгенше көмек қолын созуда. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына бір кісідей жұмылып, жол бойындағы сынған, құлаған ағаштарды отап, шыққан қалдықтарды тазартуға кірісіп кетті.
Аудан орталығындағы ішкі көшелерде жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің жолындағы бөгеттер алынып, ретке келтірілуде. Сондай-ақ, табиғи апаттың салдарын жою үшін аудандағы ерікті жастар тұрмысы төмен, жалғызбасты аналардың аулаларын дауыл кесірінен құлаған ағаштардан тазалап, жинауда.
Жалпы аудан әкімдігінің тікелей бастамасымен "Аманат" партиясы мен біргелікте ерікті Сарысулық жастар дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысуда.
Шынында, «Жас келсе іске» демекші, жалынды жастар ауа райының ызғар-суығына қарамастан кез келген істі тап-тұйнақтай етіп орындап, ел алғысына бөленуде.
Жалпы, аудандағы қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысын облыс әкімі мен аудан әкімі өз бақылауларына алып, қатты желден болған залалдар жойылатындығын айтып, халықты сабыр сақтап, жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.
Апат айтып келмейді. Төтенше жағдайға төтеп берудің жалғыз жолы – бірлік пен сабырлық. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бірлігі мен тірлігі бекем Сарысулықтар бұл қиындықты артқа тастары сөзсіз. бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын.