Сарысу ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше леппен өтті. Аудан орталығында мерекелік концерт ұйымдастырылса, бұл шара барлық ауылдарда жалғасын тапты. Сонымен бірге Байқадам ауылдық округіндегі атшабарда ат тұяғын дүбірлеткен кең көлемді «Аламан», «Тай» бәйге жарысы өткізілді.
Тұлпарларды танытқан бәйгеге Жамбыл облысының шабандоздары қатысты. Бәйгенің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Үмбетұлы арнайы қатысып, атшабарларға сәттілік тіледі.
Тай жарысына 20 тай қатысып, 7 шақырымда бақтарын сынады. Тай бәйгесінің нәтижесі бойынша 1-ші орынды Байзақ ауданынан Әмірбек Абылай, 2-ші орынды Жаңаталап ауылынан Жаркенов Уалихан, 3-ші орынды Талас ауданынан Әйтімбет Нұрғали иеленсе, Аламан бәйгеге 20 ат қатысып, 25 шақырымды бағындырды. 1-ші орын Нұраш Нұрсұлтан Жаңаталап ауылы, 2-ші орын Тілеужанов Қанат Тараз қаласы, 3-ші орын Бастаубаев Тұрсын Талас ауданының шабандоздары жеңіске жетті.
Дода соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов жеңімпаздарды дипломмен арнайы марапаттап, ақшалай, заттай сыйлықтар табыстады.