Жақында Саха республикасында (Якутия) «Благодать большого снега» атты VI халықаралық поэзия фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстаннан ақын Саят Қамшыгер барып қатысып қайтты.
Башқұртстаннан Заки Алибаев, Хакасиядан Наталья Ахпашева, Татарстаннан Рафис Құрбан, Рузаль Мухаметшин, Карелиядан Елена Пиетиляйнен, Қырғызстаннан Алтынай Темирова, Әзірбайжаннан Аида Эйвазова, Ресейдің Мурманск қаласынан Илья Виноградов, Мәскеуден Борис Лукин мен Вадим Терехин қатысқан бұл фестиваль үш күнге созылды.
Фестивальге қатысушы қонақтарды ұйымдастырушылар ұлттық киімде нан мен тұз, қымыз ұсынып Якутскідегі Платон Ойунский атындағы әуежайдан күтіп алды. Фестиваль якут ақыны Семен Даниловтың «Благодать большого снега» деген жыр жолымен аталғандықтан ағалы-інілі қаламгерлер Семен мен Сафрон Даниловтардың ескерткіштеріне гүл қойылды. Сахамедиа агенттігінде өткен әдеби байланыстар жайлы дөңгелек үстел бүгінгі әдебиеттің көкейкесті мәселелерін көтеруімен құнды болған сияқты.
М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералдық университетінде осы жоғары оқу орнының президенті Е.И.Михайловамен кездесу өтті. Қонақтар осы университет жанында орналасқан Әлемдегі жалғыз болып есептелетін мамонт музейін тамашалады. Ғалымдар Жапония мамандарымен бірлесіп осы уақытқа дейін ежелгі иттің бесеуін клондап шығарып, дүниеге әкеліпті. Ол иттер бүгінде полицияға қызмет етуде. Енді осы ғалымдар Якутиядан табылған мамонттың қаны мен ұрығын Үнді пілі арқылы клондау барысында екен. Университеттің үлкен мәжіліс залында өткен халықаралық поэзия фестивалінде ақындардың жырлары бауырлас саха тілінде оқылды. Студенттер мәнерлеп жатқа оқуға әбден дайындалған екен.
Ертеңінде ақындар суретші Вячеслав Яроевтің көрмесінде, Саха республикасы Қазына үйіндегі мемлекеттік музейде болды. Республикадан шығатын алтын, жақұт, гауһарлар мен бағалы тастардан жасалған әшекейлер мен зергерлік бұйымдар көздің жауын алады.
Фестиваль қонақтарын Саха республикасы басшысының орынбасары С.В.Местников қабылдады. Ақындар бұл жерде де өз өлеңдерін оқыды. Іс-шаралар Якутия Жазушылар одағында, П.Ойунский атындағы Әдеби музейде жалғасты. Ұйымдастырушылардың атынан Якутия Жазушылар одағының төрайымы, сол елдің Халық ақыны Н.И.Харлампьева мен музей директоры Н.А.Лугинов бүгінгі әдеби қарым-қатынастар мен аударма мәселесі жайлы құнды ойларын ортаға салды. Ұлттық кітапханада өткен фестивальдің негізгі шарасы ерекше болды. Қатысушы ақындар өз тілінде жыр оқыған соң оның сол өлеңінің якутша, орысша аудармасы оқылғаны көрерменге ұнағаны сөзсіз.
Үшінші күні фестиваль Семен мен Сафрон Даниловтардың туған жері «Горный улуста», яғни, Тау ауданында жалғасты. Ауданның шекарасынан аудан әкімі салтанатпен қарсы алып, қонақтарды қаламгерлердің туған ауылы Мытахтағы музей-үйіне апарды. Аудан орталығы Бердигистяхтағы Мәдениет үйінде ақындар мен оқырмандар арасында кездесу, поэзия кеші өтті.
Саха республикасында өткен халықаралық поэзия фестивалінің қатысушыларын барлық жерде якуттар ұлттық киімде, ұлттық ән-күймен қарсы алғаны көңілге қуаныш ұялатты. Олар да қазақ сияқты жылқыны жақсы көреді, қымыз ішеді, түрлі қолөнер бұйымдарын шебер жасайды. Түркіден тараған якут халқы да қонақты жақсы күтіп, сыйлап, құрмет тұтады. Фестивальге қатысушы ақындардың барлығы сертификатпен, түрлі сыйлықтармен марапатталды. Бұл фестиваль енді Саха жерінде екі жылдан соң тағы өтеді, бұйырса.