Шахид-Раджаида қазақстандық терминал салынады

Шахид-Раджаида қазақстандық терминал салынады

Мемлекет басшысы жолға қойған экономикалық даму, экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту, сауда-экономикалық ынтымақтастық, ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы тапсырмалар кезең-кезеңімен, жан-жақты әрі жүйелі түрде жүзеге асып келе жатыр. Соның бірі – Қазақстанды логистикалық хаб ретінде қалыптастыру, сол арқылы елдің экономикалық әлеуетін арттыру, отандық өнімдердің экспортын молайту мәселесінде көптеген жұмыстар атқарылды. Жақында сондай-ақ ақжолтай жаңалықтың бірі – Иран елінің астанасы Тегеран қаласынан естіліп жатты.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, 10 шілде күні Тегеран қаласында Қазақстан мен Иран Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі BOT келісіміне қол қойды. Тарқатып айтар болсақ, Иран Ислам Республикасының Порттар және теңіз қатынасы ұйымында Шахид-Раджаи портындағы (Бендер-Аббас қаласы) жер телімін қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін беру жөніндегі BOT (Build-Operate-Transfer – салу, пайдалану және беру) келісіміне ресми қол қойылды.

Қазақстан тарапы атынан келісімге ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының Бас директоры Аман Малғаждаров, Иран тарапынан Хормозган провинциясы Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы – «Шахид-Раджаи порты» арнайы экономикалық аймағының басшысы Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.

Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның ішінде 2 жыл терминал құрылысын жүргізуге, ал кейінгі 25 жыл нысанды пайдалануға арналған. Ал жобаның үшінші жылында терминалды коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған.

Аталған жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болмақ. Иранның ең ірі портында Қазақстан терминалының құрылуы «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдерінің, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді ақпарат көздері.

Шахид-Раджаи порты Ирандағы ең ірі әрі маңызды сауда порты. Ол Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазының солтүстік жағалауындағы негізгі теңіз қақпасы болып саналады. Бұл порттан Иранның контейнерлік жүк айналымының басым бөлігі өтеді. Сондықтан Шахид-Раджаи порты әлемдегі ірі теңіз транзиттік тораптарының бірі болып табылады. Ол су жолы арқылы Таяу Шығыс, Үнді мұхиты, Оңтүстік Азия және Еуразия елдерін өзара байланыстырады. Сондай-ақ қазіргідей алмағайып заманда Парсы шығанағы мен Ресей, одан әрі Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл порт Қазақстанның сыртқы саудасы мен транзиттік-экспорттық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады.

Дегенмен бұл келісімге қол жеткізу оңайға түспегендігін де айта кеткен жөн. Шахид-Раджаи портында өз терминалын салып, иелену үшін Иранмен ұзақ мерзімді келісімдер жасады. Бұл құрылым Орталық Азия еліне парсы шығанағына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан терминалы толық іске қосылғаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, өсімдік майы, астық) әлемдік нарықтарға, соның ішінде Парсы шығанағы елдеріне шығаруға жол ашады. Мұнда жүктерді Каспий теңізі (Ақтау немесе Құрық порттары) арқылы Иран порттарына, одан әрі теміржолмен тікелей Шахид-Раджаи портына жеткізу транзит уақытын еселеп қысқартады.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728