СЕМЕЙДЕ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ өтуде

СЕМЕЙДЕ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ өтуде

Семей қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде.

Ауқымды жарыс «Арена» спорт кешенінде 10-13 қараша аралығында өтуде. Елдің түкпір-түкпірінен келген 569 спортшы 14 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп жатыр.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов және спорт жанашырлары қатысты.

Аймақ басшысы Берік Уәли жарыстың ашылуында спортшыларға сәттілік тілеп, дзюдо чемпионатының Семей жерінде өтуінің маңызына тоқталды:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында: «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», – деп атап өткен болатын. Абай елі – тұңғыштар мекені ғана емес, спорттың да игі дәстүрі қалыптасқан аймақ. Дзюдодан Қазақстан чемпионаты еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде облысымызда алғаш рет өтіп отыр. Бұл өңір спортының дамуына үлкен серпін береді деп сенемін. Мұндай деңгейдегі сайыстарды қабылдау біз үшін әрі құрмет, әрі жауапкершілік. Чемпионат спортшылардың шеберлігін арттырып қана қоймай, жастар арасында спорт мәдениетін насихаттауға зор мүмкіндік туғызады», – деді облыс әкімі.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:

«Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыс басшылығына, спорт саласының өкілдеріне және барша жанашыр азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Болашақта еліміздің атын әлемге танытып, көк туымызды Олимпиадада биікте желбірететін спортшылар өсіп шығатынына сенімдімін», – деді Сметов.

Абай облысында дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Биыл Джакартада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Фархат Зейнолла алтын, Аяжан Ринатқызы қола жүлде иеленді. Ал Ақтөбеде өткен ел чемпионатында өңір құрамасы екі алтын, үш күміс және екі қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Бүгінде облыстағы 26 спорт мекемесінде 14 мыңнан астам спортшы жаттығады. 2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы ұлттық құрама сапына енді. Жыл басынан бері жергілікті спортшылар республикалық жарыстарда – 1662, халықаралық жарыстарда 286 медаль жеңіп алды. Қазіргі таңда өңірде 20 жаңа спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр.

Сәруар ҚАБДОЛЛА,

Абай облысы

14.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19880
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19698
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34855
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33402
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37226