Семейдегі тағылымды жүздесулер мен ұлттық құндылықты дәріптеген сапар

Семейдегі тағылымды жүздесулер мен  ұлттық құндылықты дәріптеген сапар

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «AMANAT» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Абай облысында

 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры, қоғамда «Ел анасы» атанған Сәуле Мешітбайқызы бастаған «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы Абай облысына келіп, Семей өңірінде мазмұнды кездесулер өткізді. Бұл сапар ұлттық тамырды тереңнен танып, ауыл өмірінің, ұлттық тағамның, рухани тәрбие мен адамдық құндылықтың мәнін қайта жаңғыртқан ерекше рухани бағдарламаға айналды.

 

«Адал Ас» – ұлттық  тағамның аманатын арқалаған бренд

Сапардың алғашқы аялдамасы – өңірдегі ірі тамақ өндірісінің бірі, ұлттық өнімді жаңғыртып келе жатқан «Адал Ас» компаниясы болды. Ел анасы кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағам өндірісінің жаңғыруы мен оның нарықтағы орны туралы жан-жақты ақпарат алды.

2009 жылы Семей қаласында алғаш рет ұлттық тағам – талқан мен жентті халыққа ұсынып, өз өнімдерімен көрмеге шыққан «Адал Ас» бүгінде 60-қа жуық өнім шығаратын қуатты өндіріске айналған. Компанияның басты мақсаты – ұлттық тағамдарды сақтау, олардың қадір-қасиетін халыққа жеткізу, экологиялық таза өнім өндіру. Талқан, жент, бал қосылған жент, шоколад жент, түрлі бауырсақ – барлығы да ұлттық дәмнің қазіргі заманға бейімделген табиғи түрлері. Әсіресе, той бауырсақ, жол бауырсақ, ши бауырсақ және майлы бауырсақтардың сұранысы жылдан-жылға артып келеді.

Ұлттық өнімнің абыройын асқақтатқан компанияның бүгінгі жетістіктері де аз емес. Айталық,  Ресейдің Уфа қаласындағы форумда әріптестік келісімге қол жеткізіп, 2023 жылы көрші елге 42 мың данадан астам ши бауырсақ экспорттады. «HALAL EXPO», «Gulfood», «ПРОДЭКСПО», «FooDtech Week Tokyo – 2023» сияқты беделді халықаралық көрмелерге қатысып, қазақ өнімін әлемге танытты.  Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламасы арқылы өндірісті жаңғыртып, жаңа брендтеу жүйесін енгізді. «Даму» қоры арқылы жаңа ғимарат сатып алып, өндіріс ауқымын кеңейту үстінде. Компанияда 60-тан астам адам еңбек етеді. Жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жыл сайын марапаттар, тегін демалыс, шипажайға жолдама, балаларға сыйақылар беріледі. Осы бағыттағы жұмыстар еңбек адамына деген үлкен құрметті көрсетеді.

Ұстаздармен кездесудің әрқашан мәні бөлек 

Сәуле Мешітбайқызы Семей қаласында ұстаздар қауымымен де жүздесті. Жылы да шынайы рухани форматта өткен басқосу педагогтерге ерекше шабыт сыйлап, қоғамдағы ұстаздың айрықша рөлін айқындай түсті.

Ұстаздармен өткен жиында ел анасы қазіргі ақпараттық дәуірдің балалар санасына ықпалы, әлеуметтік желінің қауіпті тұстары, оны дұрыс қолдану мәдениеті және медиа сауаттылықтың маңызы жайлы жан-жақты әңгімеледі. Жас буынды ақпарат тасқынынан қорғауда мұғалімдердің үлесі айрықша екенін атап өтті.

 – Бүгінгі бала – ғаламтордың ортасында өсіп келе жатқан ұрпақ. Оларды әлеуметтік желінің кері әсерінен сақтап қалу үшін ең алдымен ұстаз бен ата-ана бірлесіп жұмыс істеуі керек. Жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ақпаратты таңдай білуге үйрету – уақыт талабы. Бұл салада сіздердің еңбектеріңізді ерекше бағалаймын, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

80-ге қараған шағында да толассыз еңбек ету – жас ұрпаққа үлкен үлгі

Кездесу барысында ел анасы ұстаздарға өзінің өмір жолы туралы да әсерлі әңгіме өрбітті. Кезінде өзі де мұғалім болып еңбек еткенін, ұстаздықтың адам тәрбиелеудегі салмағы зор мамандық екенін ерекше тебіреніспен жеткізді.

Балалық шағынан журналист болуды армандағанымен, бұл арманға 63 жасында ғана қол жеткізгенін, алайда еш кеш емес екенін, адам мақсатқа ұмтылса, уақытқа да, қиындыққа да қарамай діттегеніне жететінін айтты. Бүгінде 80 жасқа таяса да, ел мүддесі үшін шаршамай қызмет етіп, елмен етене араласып жүргені – жастар үшін үлкен мотивация.

«Арман ешқашан ескірмейді. Тек соған адалдық пен табандылық керек. Сол кезде міндетті түрде орындалады. Менің өмірім – соның дәлелі», – деді ол.

 

Мұғалімдер шабыттанып, қанаттанып шықты

Кездесуге қатысқан мұғалімдер ел анасының тәжірибесі мен кеңестерін ерекше ықыласпен тыңдап, оның әрбір сөзінен жігер, рухани күш алғандарын айтты. Әсіресе жасөспірімдерді интернет дауылынан қорғау әдістері, баланың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жолдары, ұстаздың рухани көшбасшылық рөлі тақырыптары ұстаздар қауымына ой салды.

Сәуле Мешітбайқызының өмірлік мысалдары, қажымас қайраты, ұстаздыққа деген құрметі педагогтердің өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.

Кездесу соңында мұғалімдер:

«Ел анасының сөзі рухани демеу болды. Ұстаздық жолында бағыт алғанымызға қуаныштымыз. Оның өмір жолы – әр мұғалімге үлгі», – деген жүрекжарды пікірлерін білдірді.

Экспедиция аясындағы бұл тағылымды жүздесу Семей ұстаздарына ерекше серпін беріп, рухани күш сыйлаған маңызды шаралардың бірі болды.

 

Жастармен жүздесу – ұлттық рухты жаңғыртқан жиын

Семейдегі сапардың тағы бір маңызды бөлігі – Абай облысының жастары, «Жастар рухы» ұйымы және «Ассамблея жастары» қозғалысымен өткен кең ауқымды кездесу болды. Бұл шараға «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Қанат Әділбай қатысып, жастарға қолдауды ерекше атап өтті.

Сәуле Мешітбайқызы жастармен ашық сұхбат құрып, рухани дамудың маңызына, отбасылық тәрбиенің ұлт келешегінің іргетасы екеніне, кітап оқу арқылы ой-өрісті кеңейту қажеттігіне, ақпараттық сауатты болуды және  ұлттық тіл мен рухты сақтау  әр жастың міндеті екеніне өскелең ұрпақтың назарын аударды. 

Ел анасы жастарға әлеуметтік желіге шамадан тыс тәуелді болмауды, уақытты пайдалы іске жұмсауды, тұлғалық дамуға ұмтылуды, еңбек ету мен білімге адал болуды өсиет етті.

 

Ұлт болашағы ауылдан басталады

Экспедицияның негізгі мақсаты – ауыл тағдырына қоғам назарын аудару. Себебі ауыл – қазақтың тамыры, рухы, ұлттың мәйегі. Семейдегі кездесулер осы идеяны айқын көрсетті. «Адал Ас» сияқты ұлттық кәсіпорындардың өркендеуі, жастардың мәдени-рухани бағыттағы пікірлесуі, қазақы құндылықты жаңғырту – барлығы да ауыл мен ұлттың болашағына деген жанашырлықтан туындап отыр.

Семейдегі сапар ел анасымен өткен тағылымды жүздесу ғана емес, ұлттық идеологияның, рухани бағаның және ауыл болашағына деген сенімнің жаңғыруы ретінде есте қалды.

Сәруар Қабдолла, Абай облысы

04.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 346
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 350
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 321

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20650
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20439
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35537
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34102
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37971