Сенімін жоғалтқан ұлтта болашақ жоқ!

Сенімін жоғалтқан ұлтта болашақ жоқ!

Сенім дегеніміз не? Ол – ұлы мақсаттарға бастайтын, үлкен істерге жетелейтін ғаламат күш. Адамды жүректілікке тәрбиелейтін, белді бекем буып нартәуекелге апаратын тастүйін әрекет. Тұла бойыңа қайрат дарытып, ішкі сезімдерді тулатып, биіктерге самғатар ерік-жігердің бастауы. Сенімді адамның алмайтын қамалы, бұзбайтын ордасы болмайды. Сенімді серік еткендердің жүрегінде жалын, талабында тасқын болады.

Үлкен арман арқалаған  жастық шағымызды ұмыту әсте мүмкін емес. Сол кездегі албырт көңілмен сонау алыста мұнартқан көкжиегіңе ұмтылған сәттеріңді қимастықпен еске аласың. Тезірек жетсем деген ой-қиялың маза бермей, алдағы күндеріңе асықтыратын. Оған қабілетің, күш-қуатың жете ме, жоқ па? Сонда бұлқынған жүрегіңді сабырға шақырып, әлдебір тылсым күштің жастық жігермен еселеніп, ой-санаңды сергітер сәттері пайда болған еді. Ол алаңсыз алға жетелеген үлкен сенім болатын.

 

200 мың қазақ шетелде не істеп жүр?

 

Әкем менің журналист болғанымды, Алматы секілді алыс қалаға барып оқығанымды қаламады. Жамбылдағы сол кездегі үш институттың біріне түскенімді жөн санады. Кешкі немесе сырттай оқитын бөлімге түсіп, ал күндіз жұмыс істеп, қаражат тапқанымды, содан соң үйленіп, ертерек немере сүйдіру керектігін шегелеп айтқаны әлі есімде. Әке сөзіне ештеңе демей үнсіз құтылатынмын. Осылай сөйлегенін құп алып, терең ойға батқан шақтарым да аз болмады. Науқастанып жүрген әкемнің жай-күйін терең түсініп, үйдің үлкені болғандықтан, тіршілік тізгінін қолға алу керектігін ой-санамнан өткізе білдім. Бірақ білімді жалғастырып, мамандық алу деген бар емес пе? Алға жетелеген арман, үлкен жолға шақырған сенім бар емес пе? Оны қайда қоямын? Мұнымды әкеме қалай жеткіземін?

Білімге бел буған белсенділігімді жаныма етене жақын әжеме айттым. Жандүниеме барлай қарап, талап-тілегіме ерекше ықылас танытты. «Әкеңнің қарсы боларын білемін. Денсаулығы сыр беріп жүргенін тағы білемін. Алайда сен оқуың керек, балам. Үйді айналып, үйден шықпайтын үйкүшік баладан Құдай сақтасын. «Болатын баланың белін бу» деген. Бетіңнен қақпаймын, қарағым. Мен әкеңді көндіремін. Дайындала бер. Жүрерде батамды беремін, құлдығым», – деп, әжем сөзін түйіндеді. Мен басымды изеп, әжемнің даналығына риза болып, жүрегімді қуаныш кернеді. Ал әкем не десін, үнсіз келісіпті.

Әжемнің ақ батасымен ағарып, өмірде жолым болды. ҚазМУ-дің студенті атандым. Бес жыл Алматы төрінде білім алып, туған жеріме оралдым. Егерде әкемнің айтқанын тыңдап, сөзін екі етпей орындағанымда не болар еді? Үй мен ауылды айналып жүретін пенделердің бірі болатын едім. Білім мен өмірдің тоқтаусыз  жалғасқан бәйгесіне апарып қосқан не? Ол сенім атты құдіретті күш екендігі даусыз.

Ертеңгі күнімізге сенімді қадам жасап, сенімді әрекет етіп жүрміз бе? Сенім биігінен көрінуге қаншалықты күш салып келеміз? Жүректе сенім болмаса, онда істеп жүрген тірлігіміздің бәрі бекер. Қазақ елінің көші қайда бет түзеп барады? Елдің ертеңі қандай? Алда қандай болашақ күтіп тұр? Елге сенім, елдің болашағына сенім қандай деңгейде? Осындай сан сауалдар сананы мазалап, түрлі ойға жетелейтіні қатесіз шындық.

Мамандықты дұрыс таңдап, еліңнің қажетіне жарап, дүниенің кірпіші болып қалану керектігін баршамыз түсінетін шығармыз. Бұл ретте көбінесе заңгер, қаржыгер, экономист, мұғалім, дәрігер секілді мамандық иелері болуды ғана місе тұтып, басқа салаға ат ізін салғысы келмейтін пиғылдың барын несіне жасырамыз? Екі-үш дипломы барлар бұл күнде жетіп артылады. Әсіресе техникалық мамандықтарға өндіріс саласы зәру екендігі белгілі. Елінің сенген ұл-қыздары технологиялық өзгерістер мен жаңалықтар енгізу мәселесінде өздерін танытатын уақыт жеткен секілді. Инновациялық деген сөздің айтылып келе жатқанына талай мезгіл өтті. Еліміз үшін осындай өзгерістерге негіз қалап, жол ашатын сенім артқан жастарымыз қайда?

Бүгінде жұмыс іздеп, шетел асқан азаматтарымыздың арта түскендігі жасырын емес. Оған не себеп? Өз елінің болашағына сенбегені ме? Жоқ әлде, басқа себептері бар ма? Сарапшылардың айтуынша, 200 мыңға жуық адам шетелде еңбек етіп жатқан көрінеді. Оның ішінде мықты мамандар аз емес сияқты. Оған мынадай себептер айтылады. Біріншіден, бізде жұмыс орындары табылмайды. Екіншіден, төленетін жалақы мардымсыз. Үшіншіден, парақорлық пен тамыр-таныстықтың әсері өте мол. Осыдан кейін жұмыссыздар амалсыз сырт елдерге ағылады.

 

Халық қазіргі басшыларын қалай бағалайды?

 

Білім беру саласында біраз толғақты мәселелер бар. Қазақтар балаларын орыс мектептеріне ойланбай беретін болды. Неге? Сонда ұлтының болашағына күмәнданып, сенімсіздік танытып отыр ма? Жоқ әлде туған елінің ертеңіне алаң көңілмен қарай ма?

«Өз-өзіне сенген халық қашан да жеңіп шығады. Өкінішке қарай, қазақтар арасынан өзіне-өзі, ұлтына сенбейтін адамдарды көріп жүрмін. Өзіне және ұлтына сенбеген халық өз баласын басқа тілде оқытады. Өйткені ұрпағының келешегін өзінің ұлтында көрмегендіктен ұрпағын  өзге тілде тәрбиелеп өсіреді. Ол «балам қазақ тілінде сөйлесе аш қалады, келешегі болмайды. Сондықтан өзге тілде оқыту керек» деген түсініктен шығады», – дейді тарихшы, шоқайтанушы ғалым, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара «Жас Алаш» газетінің тілшісіне берген сұхбатында. /«Жас Алаш» газеті, №5, 23 қаңтар 2024 жыл/

Байланыс, қаржы, банк, заң және нотариус саласында орыс тілінің үстемдігін жоққа шығара алмайсың. Ісқағаздары көбінесе Ресей елінің тілінде жүргізіледі. Қазақ тіліндегі үлгісін талап етсең, түрлі сылтауын немесе толып жатқан уәждерін алға тартады. Бұл дегенің сол кеңселерде отырған адамдардың  қазақ тілінің ертеңіне сенбеген қиямпұрыс әрекеттері ме? Ұлттық сана мен ұлттық патриотизм деген ұғым әдіре қалғаны ма, сонда? Сенімсіздік орнықса, ана тілімізді жоғалтып алмаймыз ба?

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген нақыл бар қазақта. Осы төртеу дегеніміз кім? Бірінші топ – басшы, екінші топ – ғалымдар, үшінші топ – байлар, төртінші топ – тақуалар екен. Осы төртеуді халқымыз аса жоғары бағалап, қасиетті топтар қатарына жатқызған. Осыларға имандай  сенім артқан. Қандай қиын-қыстау заман болмасын бар ауыртпалықтан алып шығар елдің наркескен тұлғалары деп білген. Осы төртеу түгел болса, төбедегі келеді екен. Бүгінде төртеудің арқасында төбедегі келіп жүр ме? Халық осы төртеуге үміт артып, сенім білдіре ме? Сенімге лайық іс-қимылды көріп, халқымыз мамыражай күн кешіп келе ме?

Кеңес өкіметін басқарған большевиктер партиясының көсемі И.Сталин қайтыс болғанда халық қатты қайғырып жылаған екен. Әке-шешеміз сол кездегі халықтың күңіреніп кеткенін айтып отыратын. Өздерінің де «күніміз енді не болады» деп, жылап-сықтағандарын жасырмайтын. Яғни, адамдар ел басқарған басшыларына өлердей сенген. Сенгендіктен адал еңбек етіп, елдің қазынасына қол сұқпаған. Ұрлық жасап, біреудің ала жібін аттамаған. Бес жылға созылған соғысты жеңіспен аяқтаған бас қолбасшыны піріндей санап, айрықша құрмет  көрсеткен әрекеттерін түсінуге де болатын шығар.

Ал бүгінгі басшылар туралы  не деуге болады? Халық өз басшысын қалай бағалайды? И.Сталинге сенгендей сенім арта ма? 

 

Қазақтың маңдайына біткен ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың мына сөзі есіме оралады. «Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге – қанағат. Маған мехнат болды, себебі ең ауыр кезең соғыс, күйзелген шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарында ел басқардым. Сол кезде халқымның жағдайы күні-түні есімнен шыққан емес. Қайтсем жағдайын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті. 

 

Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып, біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін. Біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза. Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза. Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» – дейді өз естеліктерінде. Ұлт қамқоры, ұлт қорғаны деп міне осындай азаматтарды айтса керек. Төбедегі төртеуді түгелдеп кеткен нағыз айнымас тұлға, айбарлы да арлы арысымыз десек жараспай ма? «Нұртас ағамызға лайық бүгінде кімдеріміз бар?» – деген сұрақтың туындауы да заңдылық деп білеміз.

 

 

«Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!»

 

Осы ретте Алаш қайраткерлерінің ұлы істерін айтпай кету мүмкін емес. Алаш ардақтылары келешекте азаттықтың арайлы таңы ататындығына сенді. Сол жолда бастарын бәйгеге тікті. Бастарына төнген қауіптің бәріне көнді, қиындықтың баршасын иықтарымен көтерді. Ұлы сенім ұлы күрестерге бастады. Ақтық күрестерде қайсарлық пен табандылық танытып, ұлтының ұлы тұлғалары болып, ел жадында мәңгілік сақталып қалды.

 Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін.

Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев осылай жырлады. Бар ғұмырын Алашына арнады. Абақтыда өліммен бетпе-бет отырса да, Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қазағының ертеңін ойлап, оның болашағына сеніп, ақтық демі қалғанша арпалысты.

Көрер едің, шаламын ба, отпын ба?

Білер едің, ақынмын ба, жоқпын ба?

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

 

Түсінер ең, езбін бе, әлде ермін бе,

Байқар едің, артықпын ба, кеммін бе?

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?

 

Сырым да осы, жырым да осы,

Алдыңда.

Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

 

Өзін-өзі бағалап, өзіне  сенген ақынның арыстандай ақырған ақиқат сөзі, жұртын жалт қаратқан алдаспан жыры. Сенімге селкеу түсірмеген ғажап үні. Бұдан артық қалай айту керек?!

 

Хан Кенеге ілесіп, қия шалдым,

Қарлығашпен бірге ұшып – ұя салдым.

Ұлттық рух – жыр екен, уыстап ап,

Ақ парақтың бетіне құя салдым.

 

«Адамды қадірлеңдер тірісінде»

 

Көрнекті ақын Серік Ақсұңқарұлының бұл жырында ғаламат күш, үлкен сенім бар. Ақын өз өлеңімен адамдардың үмітін үкілеп, сенімге жетелейді. Хан Кененің тәуелсіздікке деген сенімін тірілтіп отыр. Жырмен сусындаған адам рухты болатындығын меңзеп тұр. Ал рухты адамды ешбір жау алмайды. Рухы күштілерді ешкім жеңбейді, ешкім сағын сындырып, үстемдігін жүргізбейді.

«Мейлі кім не десе, о десін, мен білетін, мен кәміл сенетін бір ақиқат бар. Мұхтар Мағауин өзі аттас Мұхтар Әуезовтен кейін дүниеге келіп, қолына қалам алған барлық қазақ жазушылары қолы жетпеген әрі қанша тыраштанғанымен, оны маңайлай алмайтын аса заңғар биікке әлдеқашан көтерілген нағыз классик жазушы, өзі сеніммен айтқандай, ол Кеңес адамы болған емес. Кеңестік дәуірді жырлап, социалистік реализм бойынша жалған шығарма жазбаған, бар талантын ұлтының тарихы мен тарихи тұлғаларына арнаған ғұлама ғалым ретінде-ақ өз атын алтын әріппен жазып қойған ұлы тұлға. Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, романдар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған жауҺарлар. Сондықтан Мұхтар Мағауиннің «Мен» деп өзін асқақтата сөйлеуге қақысы бар. Уақыт өтер, Мұхаң да, оның замандастары да өтер бұл пәниден, бірақ келешекте анық жететін сөз – Мұхтар Мағауиннің сөзі екеніне сенетін қазақтың бірімін», – дейді мағжантанушы зиялы азамат Әлімғазы Дәулетхан өзінің «Әбділда Мағжаннан толық кешірім сұраған жоқ» атты мақаласында. / «Жас Алаш» газеті, №5, 23 қаңтар 2024 жыл/

Мұхтар Мағауинді мойындаған әрі көзі тірісінде бағалаған азаматтың сөзі бұл. «Сен майдасың ба, ірісің бе, Адамды қадірлеңдер тірісінде», – дейді Қадыр Мырза Әлі ағамыз. Ақын айтқандай, тірі жүргенде жақсы сөзімізді айтып, іштарлық жасамай, күншіл күңкіл әңгімені тоқтатып, ақиқат алдында айнымай жүргенге не жетсін. Мұхтар ағамыздың «Мен» деп өзінің кім екендігін айта білуі де өзіне-өзі сенгендіктің, Алла алдында қаламына адал қалпында қалғандығын паш еткен парызы  десек те болатын шығар.

 

Ертеңгі күніне кәміл сенетін елге қалай айналамыз?

 

Осыдан он шақты жыл бұрын Малайзия елінде болудың сәті түсті. Бұл мемлекет – Оңтүстік Шығыс Азиядағы жетекші мұсылман елдерінің бірі. 28 миллион халқы бар елдің таңғажайып жетістіктерге жеткенінің куәсі болдық. Жыл он екі ай бойы жеміс-жидек, көкөніс, басқа да дақылдар өсіріп, халықты қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отырғанына көз жеткіздік.

Бұл ел экспортқа өнім шығаратын жетекші елдердің біріне айналған. Мемлекеттің мұнай саласындағы жетістіктері бір төбе. «Петронас» мемлекеттік мұнай компаниясы Оңтүстік Шығыс Азиядағы алдыңғы қатардағы компаниялардың санатында. Малайзия – электротехника мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өнімдерін өндірумен және экспорттаумен кеңінен танылып отыр. Электрондық чиптер мен тұрмыстық кондиционерлер шығару жөнінде әлемде бірінші орын алады. Елде автомобиль өнеркәсібі де жақсы жолға қойылған.

Ең бастысы бұл елде туризм саласы қатты дамыған. Ел астанасы Куала-Лумпур қаласындағы аса үлкен халықаралық әуежай туристерден бір арылмайды. Сапырылысқан шетелдіктерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Осыншама халықты жылы жүзбен қарсы алып, оларға керемет мінсіз қызмет көрсетіп, тамаша адами көңіл күй сыйлап отырған малайлықтарға шексіз риза боласың.

Ең алдымен Малайзия ғажайып елге қалай айналды? Елдің гүлденуін Махаткир Мұхаммедтің есімімен тікелей байланыстырып қарау керек. Ол ұлы реформатор ретінде малай халқының  есінде мәңгілік қалмақ. Ол қатардағы дәрігерден елдің Премьер-министріне дейін көтерілді. Үкіметті басқара отырып, үш кезеңнен тұратын ел дамуының стратегиялық бағдарламасын әзірледі және жүзеге асырды. Ең алдымен малай халқының мүдделері мен құқықтарын қорғау жолында табандылықпен күресті. Шетелдік инвесторларға қарапайым әрі қатаң талаптар қойды. Жапония мен Сингапурдың экономикалық моделін басшылыққа алды. Он жылда ел экономикасы барынша дамыды.

Мемлекеттік саясатты мақсатты жүргізудің арқасында Малайзияның бүкіл тұрғындары мемлекеттік тіл – малай тілін меңгеріп, толық қолданысқа енгізді. Малай тілі бүгінде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды. 2003 жылы Махаткир Мұхаммед 22 жыл ел басқарып, өз еркімен отставкаға кетті. «Азия жолбарысы» атанған Махаткир «Малайзияның әкесі» медалімен марапатталды.

Басты айтпағымыз бұл емес. Басты айтпағымыз – малай халқы өздеріне, өз еліне, ел басқарған басшыларына және ертеңгі күндеріне күмәнсіз сенеді. Сонан соң Аллаға деген сенімдері өте жоғары. Сенгендері соншалық, дүкендері мен сауда орындары үнемі ашық тұрады. Түнге қарай, әрине, жауып кетеді. Ал күндіз жабық тұрған дүкенді, кафе мен мейрамханаларды көру мүмкін емес. Қоршау деген атымен жоқ. Алдынан да, артынан да, жан-жағынан емін-еркін кіре бересіз. Мешіттерге намаз оқуға ағылғанда сауда орындарын ашық күйінде қалдырып кете береді. Бұл елде ұрлық-қарлық атымен жоқ. Дүкендерде ішімдік атаулы мүлдем сатылмайды. Көшелер мен алаңдардан полиция қызметкерлерін көрмейсің. Қылмыс пен жемқорлық туралы ойлаудың да қажеті жоқ.

Мұндай елден қалайша айналып кетпейсің, қалайша сүйсінбейсің. Адам үшін жасалған барлық игіліктерді көріп, Малай елінің шуақ сыйлаған ыстық ықыластары мен жеткен жетістіктеріне риза болып аттандық.

Е, Алла!

Сенен басқа сенерім жоқ,

Сенен басқа сыйынарым жоқ,

Сенен басқа сүйенерім жоқ, – деп ой толғайды қазақтың қайсар ақыны Исраил Сапарбай ағамыз. Ақынның Алладан ғана жұбаныш іздеуі бекер емес. Бүгінгі заманға қарап, қоғамдағы құбылыстарға ой тастап, жүрек бұлқынысын білдіріп, ағынан жарылған  әрекеті болар.

Қазіргі қым-қуыт алмағайып ауыр кезеңде әрбіріміздің «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абайдың ұлы қағидасымен тастүйін бірігіп, бір үйдің баласындай ынтымақтаса күрес жолына түскеніміз абзал. Өйткені жан-жағымызда анталаған жауларымыз тұрғанда өзімізге, туған елімізге деген ұлы сенімді ту етіп ұстағаннан басқа амалымыз жоқ.

Ей, қазақтың баласы,

Сеніміңді жоғалтпа.

Төбеңдегі көк туды

Ешқашан да құлатпа!

 

 Мақұлбек  Малдарбеков,

Қазақстанның құрметті журналисі

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Семейде бір ай бұрын жоғалған қыз өлі табылды
Альфия Адамбек, Turkistantvkz инстаграм парақшасы - 19.05.2024 50
 ШАРДАРАЛЫҚ КӘСІПКЕР БІРНЕШЕ ЦЕХТЫ ІСКЕ ҚОСПАҚШЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 18.05.2024 47
СОЗАҚТА БАЛЫҚ ӨСІРУДІ  ЖОЛҒА ҚОЙҒАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫ АРТТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 18.05.2024 35

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1583
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7616
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11493
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7659
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7818