Серпілетін кез келді

Серпілетін кез келді

Елімізді демократияландыру процестерін жетілдіру жөніндегі Президент Қ.Тоқаевтың сан түрлі           ұсыныстары көпшіліктің көңілінен шығып жүргендігі, әрине, құптарлық-ақ. Ол тек басшы азаматтардың не мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы емес, қоғамымыздың барлық мүшелерінің белсенді қатысымен ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл әркімнің де қасиетті борышы. Президент те осыны талап етіп отыр. Қоғамды бюрократия көріністерінен тазалау жөніндегі оның арнаулы  Жарлығы оған дәлел. 

Демократияландыруды жүзеге асыру тетіктері кешеуілдеуде

Сондықтан барлық тұрмыс-тіршілігімізде кездесетін ірілі-ұсақты    жағдайларымызды бюрократиядан, осының астарындағы кейбір көріністерден тазарту процесін бастадық екен, ендеше оған бүкіл қауым бел шеше кірісуіміз қажет және мақсатқа қол жеткізу үшін бұрынғы таптаурын жолмен емес, тың жаңа жолмен түрен салып баруымыз керек деп ойлаймын.

Демократияландыру дегенде әуелі ойға түрлі сайлаулар түседі. Әр деңгейдегі әкімдерді тағайындау үшін мәслихаттардың келісімін алу дейтін процедура  болды. Ол үшін мәселе әбден тақалғанша құпия бір адамды ертіп келіп, сол жерде демократия ырымын жасап жүрдік. Енді мәслихатқа екі не одан көп адамдар ұсынылатын болды, содан таңдау жасалмақ. Бұрынғыға қарағанда көп ілгерілеу бар. Тек сол кандидатуралар болашақта көпшілікке ертерек белгілі болса, таңдау сапасы да артар еді.  

Қоғамдық ұйымдар туралы заң жетілдіріліп жатыр ғой, сонда республикалық бірлестіктердің жергілікті бөлімшелерін филиалдар емес, облыстық, қалалық, аудандық кеңестер (не комитеттер) деп атауы керек, яғни олардың жергілікті жағдайларына байланысты шара жасай алатын және тек солай жасайтын болуы керек деп ойлаймын. Себебі филиалдар жоғарыдан не айтылса (челлендж, флешмоб, түрлі акция т.б.) соны орындайды және ол акцияның белгілі бір аймақта мүмкіндігі не қажеттілігі бар ма, жоқ па, ол маңызды саналмайды, ал қажетті шаралар кейде тасада қалып жатады. Өтпелі жылдарда қоғамдық ұйымдарды да бір орталыққа бағындырып ұстау қажет болған шығар, ал қазір егемендігіміз әбден орнықты, белсенділеріміз оң-солын таныды. Сондықтан қазіргі саяси кеңістікті филиалдандырмай, обком, райкомдардың, жергілікті органдардың жауапкершілігі, белсенділігі артып, демократия үрдістерінің дамуына жол ашыла түсер еді. 

Жалпы айтсақ, Парламентіміз елімізге, халыққа, ішкі-сыртқы саясатқа қажетті заңдарды қабылдап келді ғой. Десек те, Жаңа Қазақстан құруға бет алған кезеңде, екінші Республиканың нақты күнделікті өмірде қажеттілігін қамтамасыз етуде Парламент те кезек күттірмейтін мәселелерді тезірек қарағанын қалаймыз ғой.

Осы орайда айта кетсем деймін, Президентіміз Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолында қауырт қолға алып жатқан ауқымды шараларын қолдай отырып, оларды тың серпінмен дегендей, мезгілінде жүзеге асыру тетіктерін, заңдарын қабылдау жұмыстары, менің ойымша, кешеуілдеуде. Оған себеп конституциялық реформалар туралы референдум өткеннен кейін Парламент, елімізде ондай өзгерістер де, Қаңтар оқиғалары да болмағандай, бұрынғыша екі айға каникулға тарап кетті. Соның салдарынан тың реформаға байланысты заңдардан алды тек қарашаның ортасында ғана көріне бастады. Тұрақты негізде жұмыс жасайтын Парламент болғасын, олар алға қарай түгел каникул жарияламай, кезек-кезегімен жұмыс ыңғайына қарай, өзге мекемелер сияқты графикпен Еңбек кодексіне сай демалатын болса деймін. Оқушылар емес қой. Экс-депутаттар тарапынан бұған қандай уәждер айтылатынын мен жақсы білемін (тыңдағым келмейді), бірақ соның бәрін де Жаңа Қазақстан құрудың негізгі сәтінде игеру керек еді деп ойлаймын. Ең болмағанда «Биылғы жылы каникулды қоялық, кезек күттірмейтін мәселелермен айналысайық» дегендей бастама болмағанына аздап таңданғаным да рас. Жаңа Парламенттің регламентінде осылар ескерілетін болса дегенім ғой.

 

Ескі Парламент бұралқы ит-мысық жайлы заң қабылдады

Осы жерде менің түсінбей жүргенім – Парламентке ит-мысықтарды қорғау туралы әдейілеп заң қабылдауы. Әдеттегідей, осындайда жоғарыдағы басшылар көп қолданатындай «во всем мире так» десек те, оларда, мүмкін, ондай заң болар, бірақ біз «көрпеге қарай көсілуіміз» керек еді. 

Екіншіден, ойлап қараңызшы, құрметті оқырман, бұралқы ит пен мысық кімге, неге керек, оның қандай пайдасы бар? Олардан бізде өнім шығарылмайды. Әрине, шарбағында байлаулы, не өзінің қойнында диванда жататын, не кинологтарға, криминалистерге, цирктерге қажеттіліктерін айтып отырған жоқпын. Заңды «қамқорлықты» сезгендей, олардың (баспасөз құралдарынан біліп отырмыз) адамды қауып, жаралап, әсіресе балаларды жансақтау бөліміне түсірген оқиғалар көбейді, тіпті адам шығыны да жоқ емес. Өткен жылы үш айда  170-тен астам адамды ит қапқан, үш-төртеуі қаза болған (бір баланың аяғын да жұлып алыпты). Көшедегі бірен-саран фактілерді айтпағанда, біреудің қорада тұрған 50-60 қойын да түгел қырып кеткен. Меніңше, бұл біреудің асырауындағы қасқыр иті болуы керек. Бұралқы ит олай жасай алмайды. Қазір түрінен бала тұрмақ үлкен адам шошитын, мойнында қарғыбаулары да бар иттер мезгілінде байланбай, көшеде жүретінді шығарды. Себебі қожалары оларға «қол көтеруге» болмайтынын біледі, заңмен жазаланасың. Статья бар (316). Балаға да ата-ананың бір шапалағының өмірлік тәрбие болатыны бар еді ғой, бұралқы итке неге сонша жанымыз ашиды?

Әр ауылдағы, мәселен, 50 қаншық жылына екі рет 5-10-нан күшіктегенде (кейбірі 17 күшік те табады екен) олар геометриялық прогрессиямен көбейіп, 3-4 жылда-ақ бұралқы ит 19 миллионнан да асып кетпей ме?! Ал олар не жейді, әрине, адамның тамағына да ортақтасады.  Тіпті қазір оларға чип саламыз, залалсыздандырамыз деп миллиондаған ақша бөліп те жатыр. Жеке ауласында 30-40 ит ұстап отырғандарға да қаражат бөлінуде. Олар соншама итті не үшін асырап, бағып отырғаны бізді ойландырмайды ма? Ауласында ит соятын қасап ұстайтындар да көрсетіліп жүр. Не үшін ит сояды екен? Оның етін не істейді, бұл көпшіліктің көкейіндегі үлкен күдік емес пе? Неге тоқтатпаймыз? Бұралқы иттерді жинап ит бағу өзінің «ермегі» болса, өзі асырасын, біздің төлеген салығымызға ортақтаспасын деймін. Бұралқы ит баққанға бергеннен гөрі, сондай 30-40 қой бағып отырғандарға немесе ол ақшаны неғұрлым көп ит өлтіргенге беру керек еді деп ойлаймын. Бұл, меніңше, басым көпшіліктің де пікірі. Халық митингіге де шығып жатыр.

Ол иттердің есебі жоқ қой, сондықтан бұл қаржылар тағы да жемқорлыққа жол салып тұрғандай-ақ. Енді оларды жинап бағатын ғимарат керек делініп жатыр. Бір сөзбен айтсақ, ит проблемасы етек алып барады. Сондықтан бұл заңның күшін тез жойып, бұралқы ит пен мысықты көзге түскенде тез құртып тұру керек. Ол үшін заң емес, бір министрдің замы бұйрық берсе жеткілікті болар еді. 

Сосын, мәселен, еліміздегі бүкіл тозған көліктерді жою (утилизация) төлемдерін жекеге беріп қою, монополиялар мен ұлттық компаниялардың табысынан біреулерге (мүмкін 162 адам осылар шығар) ақша құюы сияқты, не басқа да заңдағы олқылықтардың орнын толтырып, жемқорлықтың жолын кесуге батыл да заңды приоритет берген дұрыс дер едім. Жемқорлықпен 30 жыл бойы күрессек те, ол азаю орнына еселеп артып, мемлекеттік, тіпті квазимемлекеттік дәрежеге жетіп қалған сияқты. Коррупционерлер өздеріне осылай «табыс» табуына әдейі заңы болмағанмен, бұрынғы заңдардағы «берілген»  мүмкіндіктерді мұқият және шебер пайдаланып, яғни заң шеңберінде «жеп» отырғандар деп ойлаймын. Бұлар әр кездегі шығарылған заңдардың зардабы. Теледидарда бетін бүркеп, не көздерін лентамен жауып, баспасөзде бас әріптерін ғана жазу орнына күдіктінің не тіпті белгілі боп тұрған  қылмыскердің аты-жөнін, руын, туысын, құдасын дегендей (соңғыларын мәселені айшықтаңқырау, мән беру үшін жазып  отырмын) жариялауға мүмкіндік болатын заң қажет еді. 

 

30 жыл күрескен жемқорлық әлі «балалап» жатыр

Бизнестерімізді де мемлекет айрықша қолдап отыр. Өкінішке орай, қыркүйек жақындағанда балалар киімі, құрбан айт жақындағанда оған шалынатын мал, алдымызда зейнетақы өседі, жанармай қымбаттайтын болады дегенде бүкіл азық-түлік, басқа тауарлардың қымбаттап кетуі кей кіші бизнес өкілдеріне үйреншікті жағдайға айналды. Алайда науқан өткесін қымбаттаған дүние ешқашан арзандап көрген жоқ. Бұл көсемдеріміздің «Қалай жасасаң да ақшаны өзің тап» деген идеологиясына арқа сүйеген кей бизнес өкілдері ақылының жеткен жері.

Теледидарды тыңдап отырсаң, кейбірі бұрынғыша айтсақ, «көйлегіне жамау» сұрап та тұрады. Пандемияны да өкімет қолдан жасап отырған жоқ қой,                      дүниежүзіне ортақ қасірет. Соған байланысты оның табысы ортайса, мойнымен көтерсін, тіпті банкрот болсын, не бизнесін өзгертсін, «мен үнемі тек шалқып отырайын» деп иек артатын түсінік онша дұрыстыққа жатпайды, меніңше, осындай дерт кезінде. Өзімізді-өзіміз қолпаштай беруден  гөрі  қамшылап, бір-бірімізге ұсыныс, сын айтпасақ, қоғам ешқашан дамымақ емес. Бірде Түркия Президенті Р.Ердоған теледидардан: «Біздің лирамызды доллар жеп жатыр», – деп, тек өз ақшасын ғана пайдалануға халқын шақырған екен. Көп кешікпей бір шаштараз: «Кімде-кім 200 долларын лираға ауыстырып келсе, мен оның шашын әншейін қиямын», – деп телехабарлама жариялапты. Міне, бұл оның қолынан келетін және өз еліне қиын жағдайда жасаған қолғабысы. Ортақ мүддені өзінікінен жоғары санаудың көрінісі. Бізде ондай ойлары бар патриоттар қайда? 

Осындағы кейбір мәселелердің тікелей Президент құлағына жеткенін қалап, оның кеңесшісіне ресми кездесуде айтқанмын. Жеткізді ме, жоқ па, білмеймін. Сондықтан ойымды газетке ұсынып отырмын. Бізде елгезектік, «есіту» жағы әзірге кейде  бұрынғыша сияқты боп тұр. 

Сосын, Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерге қайтадан шүйлігуді бастады. Алдыңғы бір жылы олардың бұл әрекетін тікелей Президенттің өзі басып еді, уақыт өте келе қайта бастап отыр. Әрине, қолда бар заңдылықтардың аясында болар, оның осал тұстарын да кәдеге жаратқан шығар. Бірақ негізгісі – осыған неге науқан жасап орала береді дегенді ойлап көрелікші.

Қолдарындағы бұған себеп, дәлел ретінде ұстап отырған жалауы – шетелдік көліктердің жасаған ЖКО-лары азаймай,  көбеюде делінеді. Сол аргументтері арқылы қарапайым халықтың күнкөріс тіршілігін де ескермей, яғни «еститін», «тыңдайтын» билік туралы Президент талабын онша елемей отыр деуге негіз бар. Сондай көлік иелері ІІМ осы талабына қарсы  алаңға да жиналып жатыр.

Көлік елге әуелде тоқтаусыз кірген екен, «хош» деп билік енді оның айналасынан легализация деп заңсыздықтар іздемей (шынтуайтқа келгенде, бұл заңсыздық та, ұрлық та емес), біртіндеп оларды (бұрынғы запретительный синдром орнына) тіркеу тетіктерін (көлік иелерін тұқыртпай-ақ) шешумен айналысу керек еді деп ойлаймын. 

Бұл жерде мен мынаны айтқым келеді, қазір елімізде шетелдік көліктен басқа өзіміздің жеңіл көлігіміз атымен жоқ         деуге болады ғой, «Нивадан» басқа. ЖКО көбеюі көліктің маркасында емес, қайдан шығарылғандығында емес, тәртіптің жеткіліксіздігінен, жол жүру ережесін бұзғандықтан болатыны, әңгіме, тіпті, көліктің тіркелу-тіркелмеуінде де емес қой! Бұл таяқтың екі ұшы барға да соғады, яғни тәртіпті күшейту керек.

Президенттің тікелей тапсырмасымен бір кезде сары нөмір алғандардың не кінәсі бар? Сондағы талапқа сай олар тексеруден өтті, нөмір алды, енді тағы ақша төлеу қажет деп жатыр екен. Бұлай шетелдік көліктің соңына түсетін болғасын, әуелде елге кіргізбеу керек еді ғой. Қолда билік бар екен деп, халықпен негізсіз ойнай бермеген абзал. Менің ойымша, алға қарай тиісті нормаларды, заңдарды қабылдап, шетелден әкелген көлік иелерін тығырыққа тіреп, үрейлендірмей-ақ тыныштық беру қажет, көрген күнін көре берсін. Ал керек құжаттарды мерзім тағайындап асықтырмай, (содан соң бәрін бұғақтап айып-тұраққа тықпай-ақ), тіркеу үшін алатын ойдан шығарған 200 мыңды тоқтатып (тіркейтін қызметкерлердің еңбегіне өз жалақысы бар ғой), көліктің көшеге жүруге жарайтындығын (фарлары жануы, тежегіші, аптекасы, өрт сөндіргіші т.б.) тексеріп өткізе берсе дегенім ғой. Жетпейтін құжат болса, тіркеліп алғасын да бірлесіп іздей беруге болады емес пе, ай-күнін белгілемей-ақ. 

Тіркелуге бас сенімхат жарамайды, тек сату-алу акт ғана өтеді деу не де болса «тырнақ астынан кір іздеу» сияқты көрінеді біздей қарапайымдарға. Меніңше, автоның шетелде есепте тұрғандығынан (іздеуде тұрмаса болды емес пе) түптеп келгенде, бізге келіп-кетер ештеңе жоқ, тек өз елімізде екі аймақта тіркелмегендігі жеткілікті деп есептеймін. Әйтпесе шетелге көлігін апару орасан қаржы талап ететін болса, екіншіден, бұрынғы қожаның төлемей жүрген  берешегі не несиесі болса, көлігіңді полициясы конфискациялауы да, тіпті бұрынғы иесі өзі тартып алуы да мүмкін ғой. Мұны да ойлау керек еді. Бұл мәселелер өрескел қате болса, оқырманнан кешірім сұраймын, өйткені мен қарапайым азаматпын.

 

Күйші Дина апамыздың қабірі жетімсіреп тұр

Менің ойымда жүрген тағы бір үлкен мәселе – ұлы күйші, білікті сазгер, мейірбан ана, біреуге қасиетті келін бола білген, күй анасы аталған  Дина Нұрпейісова мазарының бүгінгі жәйі еді. Ол халық артисі бола жүріп, Алматының, Ташкенттің, Науаи қаласы  сахналарында да (Мәскеуде де) «мен енді  жеттім» деп, өзінің ұлттық бейнесін осалсытпай, ақ жаулығы мен шоқайма орамалын тастап көрмеген адам еді ғой. Менің естуімше, ол сахнада залға аяғын көрсетіп отырғышқа да отырмаған (көргендер қазір де бар), төсеніш үстіне көрпе жайдырып күйін тартқан. Тіркелуге барғанда атасының атын атамай, күйеуінің (не баласының аты деп те айтады) атына жазылып, Нұрпейісова боп өмірден өткен ибалы әйел емес пе?

Алтынжардағы Құрманғазының, Қараойдағы Махамбеттің, Шейтсайдағы Исатайдың мазарларын еске түсіріп көріңіз, ал Динаның мазарын мен жазуға тырысайын. Жақында Алматыға сапарымда сондағы жігіттердің қолдауымен Дина шешеміздің басына әдейі барып зиярат еткендегі туған ой бұл.

Алматының Райымбек көшесіндегі бұрынғы қалалық зиратта барлық ұлт өкілдері жерлене берген екен. Соның салдары ма, әлде көңіл бөлінбейді ме, әйтеуір, бақилық болған мұсылмандар бірі оңға, бірі солға дегендей қалай болса солай жерлене берген. Мысалы, ұлы Мұхтар мен әйелін бір-біріне қарсы қаратып қойған деуге болады. Ең сорақысы алдыңғы қатардағыдан басқаларына баратын аяқжол да жоқ, қоршауларын жапсыра берген. Ал Дина шешеміз төртінші-бесінші қатарда көп мәйіт арасында қалып қойған, кей молалардың үстімен, қоршауларынан секіріп аттап әзер жеттік. Темір қоршаудың бір жағына  жұқа темірден қисық-қисық кесіп, домбыраның сұлбасын дәнекерлеп қойыпты. Оның домбыра екенін ортасын тескендігінен таныдық. Шындығында, ол домбыра деуге келмейді, қазанға тары қуыратын қалашты елестетеді.  Ұлы күйшіге арнап басына қойылған ескерткіштің тұғыры да жоқ, жерде отыр. Ал ескерткіштің өзі Дина емес, жалпы қазақ әжелерінің символы ғана, ақ тастан кісінің бетін шапқымен ойып, төбесіне 30 сантиметрдей цилиндр формалы тас қойған, ол шоқайма жаулықты білдіреді-мыс. Яғни Динаның ескерткіші жоқ, тек болжамды (абстрактный) әйел бейнесі ғана. 

Меніңше, бұл жағдайды түзету керек. Сол жергілікті басшылармен келісіп, орталықтағы жол бойына өз қабірінің тұсынан оның жақсы оригинал ескерткішін не құлпытасын орнатып, сілтеме (указатель) қойса деймін. Мұны алматылықтар жасамайды, өз азаматтарымыз, не облыс әкімдігі қолға алуы керек-ау. Шынтуайтына келгенде, Динаның әлі осылай жатуы бізге, тіпті елдігімізге ұят, Дина рухын құрметтемегендік сияқты. Ойланайық, патриот бизнес иелері!

Ең болмағанда, өз қабіріндегі ескерткішке тұғыр салып, оны көтеру керек, көрінетіндей етіп. Оған жол жоқ болғанмен, манипулятор арқылы  жетуге болады, нағыз алдындағы бір биік темір арматурадан жасалған мәйіттің қоршауын жоғарыдан кесіп ала тұрып, жұмыс біткесін қайта дәнекерлеуге болады екен. Жобаға ұсыныс, тендер жарияланып, ұялмайтындай ескерткіш қойған абзал болар еді. 

Бұл мақалада айтылғандардың кей тұстарын қолдамаушылар болуы да мүмкін, бірақ кім-кімді де жаңаша ойлауға, тың серпіліске итермелейтіні де сөзсіз. Қазір біздерге, меніңше, ең әуелі     адамдарымыздың санасына, түсінік қабілетіне оң әсер беретін ауқымды да қатал, жан-жақты тәрбиелік, заңды идеологиялық шаралар қажет-ақ. 

Қ.РИЗУАНОВ, мемлекеттік қызмет ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы
30.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 133
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 131
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 647
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 765
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 680
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 690

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8827
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8225
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11452
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9209
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10436