Шерхан Мұртаза: Досты жау тұтуға болмайды, доссыз қаласың!

Шерхан Мұртаза: Досты жау тұтуға болмайды, доссыз қаласың!

Бұл сұхбат Шер-ағаңның көзі тірісінде алынып, еш жерде жарияланбаған. Осы сұхбатта да Шер-ағаңның қорықпайтын батылдығына, батырлығына куә боламыз. 

– Қазір Ясауи жолының бүгінгі мұрагерлерінің қуғындалуы туралы мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қамауда отырған дін ғалымы Исматулла мақсымды жақтап, ашық хаттарға өзіңіз де қол қойдыңыз. Ол туралы пікіріңізді де бір басылымнан оқыдық. Жалпы осы Исматулла мақсымды қаралаудың сыры неде? «Сопылар ісінің» астарында не жатыр осы?

– Бұл қиын сұрақ. Алдыменен Исматулланың істеп жүрген қазіргі әрекетінің бізге қарсылығы бар ма? Біздің қоғамымызды қиратып жіберетіндей күш пе соншалықты? Неге сонша оған шүйлікті?! Неге азаптап жатыр? Соның бәрі мен үшін түсініксіз нәрсе. Жетекшісін зынданға тығып қойып, Ясауи ілімінің құндылықтарын қоғамға қалай енгіземіз?! Ұрпақ көкірегіне қалай егеміз?! Міне, бұл барып тұрған – абсурд! Исматулла осы қоғамымызды қиратып жіберуге әрекет жасап жатыр ма? Бірақ оның ешқандай қылмысы жоқ қой. Жалалар дәлелсіз. Дәлелденбейді де! Құр әншейін жазықсыздан-жазықсыз жазалай бере ме? Ол қандай заңға сияды? Ертең сұрауы болады ғой. Мұның атын барып тұрған «ежовщина» дейді. Баяғыда Ежов деген болған, «халық жауларына» қасірет көрсетіп, әбден жазалаған. Оны қандықол, «Ежовая рукавица» дейді. Сонымен «халық жауларын» буындырған, олар жазықсыз еді. Соның арты не болды? Былықтары ашылды ғой, халық жаулары дегендер ақталды, өлгені өлді, тірілері қатарға қосылды, қалғаны неше түрлі қапастан қайтты. Сондай Ежовский, «ежовая рукавица». Бұл – 37-ші жылдың лаңдары, әлі содан қалмаған тәсіл. Сол қайтадан бас көтерген. Мұндай әрекет жарамайды, болмайды. Қазір біз қай заманда өмір сүріп жатырмыз? Одан бері қай заман өтті? Заман өзгерген жоқ па, түзелген жоқ па? Бізде сана деген де өзгерген жоқ па? Әлде біздегі сол баяғы жабайы «ежовщина» ма?! Мүмкін, Ежов қайтадан тіріліп келген шығар?! Сондай бәле бұл. Сол менің айтарым.

– Исматулла мақсымды қайдан танисыз, қай қырынан білесіз?

– 1992 жылы Президентпен бірге Пәкістанға бардым. Оны сол сапарда жолықтырдым. Нағыз діндар, ғұлама кісі. Отанын, яғни Қазақстанды жан дүниесімен сүйетін адам. Осы турасында «Егемен Қазақстанға» мақала да жаздым. Оны танымай, білмей ашық хаттарға қол қойып, араша түсетіндей ақымақ емеспін. Әлгі мақалада: «Исламабад» мейрамханасында пәкістандық бір қазақпен ұшырасып қалдық. Ол өзін Сматулла мақсым деп таныстырды. Отаным – Қазақстан, ондағы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда, руым – шөмекей дейді. Бабам – әйгілі Маймақ ишан, әкем мақсым Қазан төңкерісі кезінде Ауғанстан асып кеткен. Жасым қырық сегізде. Мен ислам діні жолын қуған адаммын. Қазір Пешевар шаһарындамын.

– Оу, Пешевар қазір қып-қызыл оттың, мұжахедтердің ортасы емес пе?

– Иә, оныңыз рас. Мен мұжахедтер жағындамын. Солардың діни, рухани басшыларының бірімін. Алла Тағала жар болып, әруақтар қолдап, Кабулды алсақ, содан соң Алла нәсіп етсе, елге, ата-бабамның кіндік қаны тамған жеріне жетіп, топырағын сүйсем, екі дүниеде арманым жоқ. Қазақстан дегенде мына жүрек жарылып кете жаздайды. Нұрсұлтан Назарбаевты, сіздерді бір көрмекке соноу Пешевардан әдейі келдім. Екі күн болды күткеніме, Алла сәтін салса жолығармын. Қазақстан тәуелсіз болып, Президент Нұрсұлтан Пәкістанға келеді дегенде Құдайға ақсарбас айтып, мұжахедтерге ас бердім. Қазақтың жолын Алла Тағала ақ қылсын, қантөгістен, қиянаттан, қырсықтан, бәле-жаладан аман сақтасын деп күніне бес рет намазыма қосып, тілеу тілеп жүрген жанмын, – деген-ді.

Өзі Ауғанстанда туса да, жүрегі Қазақстан деп соққан пәруана Отан деген ұлы ұғымды дұғасына қосқан. Отанды осыншама сүю үшін жат жердің дәм-тұзын тату керек пе? Біз, Қазақстанда жүргендер, Қазақстанды осыларша сүйіп, қадіріне жетіп жүрміз бе?..» – деп жазыппын.

Исматулламен кейін елге келгесін де бірнеше рет кездестім. Ол қазаққа, мемлекетке зор пайда келтірген адам! Қанша бұзылған ұяны бүтіндеді. Қанша азған адамды түзеді. Қанша жасты ұлтын, Отанын сүйетін ата-қалыпқа түсірді! Елімізді дін атын жамылғандардан келетін қауіптен сақтандырды, қорғады. Ендеше, досты жау тұтуға болмайды, өйтсең, доссыз қаласың!

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

– Жүрген жеріңе гүл бітсін!

Сұхбаттасқан – Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 6
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 14
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 21
 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 20

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 993
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7044
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10887
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7113
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7254