15 сәуірде С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Даңқ» залында «Шипагерлік баян» – қазақ медицинасының теориялық негізі» атты ғылыми конференция өтті.
Конференция кезінде екі кітаптың тұсауы кесілді. Оның бірі өтейбойдақтанушы-зерттеуші Шаяхмет Қали құрастырған «Шымыр ғылым – Шипагерлік баян» кітабы болса, екіншісі Шайтқазы Зейнелқазыұлының «Шипагерлік баянның медициналық философиясы» атты еңбегі.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшысы. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірді. Сөйтіп шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білді. Бұл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрік етіп, бүткіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп етті. Өткен нөмірімізде «Шипагерлік баян ХV ғасырдың туындысы» деген мақалада Өтейбойдақ және оның шығармасы туралы сөз еткен болатынбыз.
Қазақ ұлттық медицина университетінің Даңқ залында өткен конференция Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылды. ҚазҰМУ фармация факультетінің деканы Зурияда Сакипова алғаш болып сөз сөйлеп, 2 жыл бұрын өткен конференциядан кейін жасалған істер туралы, әсіресе сол уақыттағы фармацевтиканың дамуы туралы ізденіс болғанын және қазір сол шөптерді зерттеу жүргілізіп жатқаны туралы айтты. Содан кейін ортаға шыққан «Шымыр ғылым – «Шипагерлік баян» кітабының авторы, зерттеуші академик Шаяхмет Қали Өтейбойдақ ғылымы туралы сөз қозғады.
– Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мына кітабы туралы осындағы студенттерге айта кетейін. Мына «Шипагерлік баян» кітабы XV ғасырда хан ордасында сақтау үшін жазылған кітап болатын. Өкінішке қарай, сол кездегі шайқастың кесірінен хан ордасында сақталмай, сақтауға мүмкіндік болмай, 32 әулет адамдары бірінен біріне жалғау арқылы бізге жетіп отыр. Медицина адам өміріне тікелей байланысты болған соң, бұның ішінде психология да, астрономия да, философия да, тіл де, тіпті керек болса, тарих та бар. Осы салалардың бәрін қамтып отырып, медицинаны түсіндірген. Бұл өте күрделі кітап. Мамандардың өзі бірнеше қайтара оқып, керегіне қажетін алады. Бұл кітаптың құнды болатыны сол, 434 рецепт берілген. Дәрілік пайдасы бар өсімдіктер мен жан-жануарлардың денесінен алынатын шипалық нұсқаулар де берілген. Оны бабамыз алты ғасыр бұрын тауып, кітапқа түсіріп қойған, – деп атап өтті зерттеуші.
Содан кейін де сөз алған баяндамашылар Өтейбойдақ кітабының маңызы мен тереңдігі туралы айтып, ғылыми жаңалықтары туралы зерттеулер әлі де керек екені туралы мәлімдеді. Сүзектен алғаш вакцина ашқаны, оны терінің үсті арқылы ағзаға енгізгенін де әлем тарихындағы тұңғыш әдіс-тәсілдердің бірі екенін тілге тиек етті. Қытай халық медицинасындағы дәрілік өсімдіктер мен жануарлар атауларынан «Шипагерлік баян» кітабында бірнеше есе көп атаулар қолданылатынын айта кету керекпіз. Бұл бізге жеткен үштен бір бөлігінде ғана. Ал егер қалған екі бөлігі қолымызда болса, онда медициналық жаңа дәрі-дәрмектердің есебі болмас та еді.
Қысқаша айтқандағы, ғылыми конференция тақырыбы осылай өрбіді. Соңында Шаяхмет Қалиұлының «Шымыр ғылым – «Шипагерлік баян», Шайтқазы Зейнелқазыұлының «Шипагерлік баянның» медициналық философиясы» атты екі кітаптың тұсауы кесілді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қазақ медицина ғылымының негізін қалаушы десек, бұндай зерттеу кітаптарының алда әлі жүз еселенген данасы шығуы керек. Бастамасы бар, енді тек осы қарқыннан таймай, қазақ студенттеріне қазақ тілінде оқулық, ғылыми зерттеу жұмыстары әлі де жазылады деп үміттенеміз.