Соғыста жасалған қиянаттар

Соғыста жасалған қиянаттар

«Елім деген Ер едің!

Жат жұртта сүйегің қалды ғой.

Жас өлдің, арулап көмбедім,

Сұм соғыс ұрпақты жұтты ғой!».

 

77 жылдан кейін ескерілген ерлік

Ел Жеңіс күнін мерекелеп жатқанда Зағи әжеме келіп мұңын шағатын бір уыс қара кемпірдің зарлы әуені әлі де жадымда. Мектеп баласымыз. Әжеміздің: «Ауылымыздан майданға аттанған он азаматтың сегізі ғана оралды», дегені де есте. Қаһарлы соғыс жылдары мыңдаған қандасымыз опат болды. Шырақтары сөнді. Есімдері белгісіз қалды. Кейінірек әжемнен сол жәйді сұрағам...

«Бәріне уақыт төреші. Құдайдың жазмышынан ешкім қашып құтылмаған. Атаң Садық 1918-ші жылы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов  Шәуешекке келіп, Алаш әскерін құрғанда өзіне қараған ауылдардың азаматтарын ертіп барып жасақ құрған. Қолбасшылары Отыншы Әлжанов әскерінде қызылдармен болған Үржардағы киян-кескі ұрыста қатты жараланған. Сол соғыстан қалған екі «Бесатар» мылтығы бар еді. Коллективтендіруден соң ашаршылық нәубеті келгенде, ел үдере Қытайға жер ауды. Садық мылтығын сайлап, аң мен құс ауласам да жұртымды аман сақтаймын, басқа жерде бақ қайда, атамекенімен асқан жер жоқ  деп көшпей отырып алды. Сол қара кемпір атаңның атқосшысының әйелі болатын. Жалғыз ұлдары бар еді. Атаң қызылдармен соғыста алған жарасы асқынып, фашистпен соғысқа дейін қайтыс болды. Сұм соғыс атқосшысын да, жалғыз ұлын да жалмады. Екеуі де хабарсыз кетті... 1962 жылы  Қытайға ауып кеткен тумалар ауылға тегіс оралды. Сол кемпір байғұстың баласымен құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастары дін аман атажұртқа келді. Соларды көріп кемсеңдеп, өзегін өрттеген өкініші мен мұңын шағып маған келетін еді. Тағдыр ғой...», - дейтін қалың ойға батып.

«Отан қорғаушы күні» құрметіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапат, жоғары әскери және арнаулы атақ, сыныптық шен беру рәсімін өткізді. Жиында Екінші дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангердің ерлігі түрлі себепке байланысты елеусіз қалғанын еске салды. 

77 жылдан кейін еленген ерлікке тоқталып өтейік.

Атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков бір өзі майдан даласында 397 жаудың,  Ыбырайым Сүлейменов 100-ші атқыштар бригадасында Мәскеу маңындағы ұрыстарға қатысып, 300-ге жуық жаудың көзін жойған. Ал Александр Несмиянов жау қорғанысын бірінші болып бұзып, 20 фашистке жалғыз қарсы тұрғанына тарихи құжаттар дәлел.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айналған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігіне тоқталып, соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангерге «Халық қаһарманы» атағы берілгенін айтты. Өткен соғыс қаһармандарын ұмытпай, ұрпақтарының ұлықтауы қажеттілік қағидасына айналуы керек. Бүгінгі жас жеткіншек те, жетпістен асқан қариялар да сол соғыс туралы кітаптан оқып білдік. Соғысты көзбен көргендердің шығармалары Кеңес Одағы дәуірінде шықты. Бірақ коммунистік партия цензурасы ақиқатты айтқызған жоқ. Тек компартияның бас идеологы Суслов қайтыс болған соң 1982 жылдан бастап соғыстың шындығы жазылған туындылар жариялана бастады.

Орыс жазушысы Валентин Распутин мен белорусь жазушысы Василь Быковтың романдарын соғысты бастан кешкен майдангерлер жылы қабылдады. Распутин мен Быков «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды.

 

Жоғары атақты «көртышқандар» алып, нағыз батырлар шет қалды

Соғыстың суық та сұрқай шындығын боямасыз, қаз-қалпында сипаттайтын Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы да сол кезде жарық көрді. Шығармасында қан майданда да жұмыр басты жандардың пендешілігін, адамгершілікті ұмытып, адалдықтан аттап өте беретінін көрсетеді. Соғыс та қарабайыр қарапайым тіршіліктің бір беті. Жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік қатар жүреді. Романның алғашқы тарауларында-ақ біреудің атып түсірген жау ұшағын, марапат дәметкен абыройсыз иеленіп кеткісі келеді. Соғыс сәтіндегі күнгей мен көлеңкені бас кейіпкер ретінде автор бірде өзі, бірде ағасы Қасым болып әділдікті орнатуға күш салады. Роман ағалы-інілі жауынгер Қасым мен Кемелдің соғыс жылдары бастан өткерген нақты деректерімен өріледі... (1938 жылы мектеп бітірісімен әскерге шақырылған Қасым, соғыстың алғашқы күнінен майданға аттанған.  Соғыс деректері жинақталған құжаттағы мәліметтерде:186-шы атқыштар дивизиясының 290-шы атқыштар полкі көлік ротасының саяси жетекшісі  Қасым Болтаев 1942 жылы 22 ақпан күнгі  ұрыста ерлікпен қаза тапты деп жазылған. Қасымның інісі жазушы Кемел Тоқаев   «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романын  «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» делінген.)

Кемел Тоқаевтың туған ағасы Қасымның соғыстағы жалғыз фотасы
 

 

Ағалы-інілі Қасым мен Кемелдің жоғары білім алмақ үмітін соғыс үзді. Елдік пен ерлік халық үшін сын. Ер мұраты да сын сағатта шыңдалады. 1938 жылы мектеп бітірісімен әскерге шақырылған Қасым, соғыстың алғашқы күнінен майданға аттанған.  Соғыс деректері жинақталған құжаттағы мәліметтерде: 186-шы атқыштар дивизиясының 290-шы атқыштар полкі көлік ротасының саяси жетекшісі  Қасым Болтаев 1942 жылы 22 ақпан күнгі  ұрыста ерлікпен қаза тапты деп жазылған. 
Қасымның інісі жазушы Кемел Тоқаевтың   «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романының эпиграммасында  «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» делінген. 
 
 

Совет еліндегі жазушыға бұйыратын ең жоғары Лениндік сыйлықты алған Василь Быковтың шәкірті, Беларусьтің тұңғыш Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевичтің де соғыс тақырыбындағы кітаптары «Солдат соғысқа кетті» ро-маныңдағыдай нақты дерекке негізделген портреттік туындылар. Бұл ретте  Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын да атап өтпекпін. Оқиға Нәзира есімді қазақ әйелінің басынан өткен оқиғалар жайында. Соғыстың шындық шымылдығын ашқан әдеби шығарма.

Соғыста ерлік көрсеткен қаһармандарды марапаттау барысында өрескел қиянаттардың жасалғандығы туралы қаламгер-мемуаршы Валентин Бережковтың «Бас штаб соғыс жылдарында» кітабы арқылы танысуға болады. Сол жылдары Сталиннің жеке аудармашысы болған оның қызметі Бас штабта тіркелген болатын. Тарих ғылымда-рының докторы Бережковтың жазуынша нағыз қырғынды көзбен көрмеген, тек майданнан келген құжаттарды тіркеп отырған штабтағылардың барлығы дерлік Кеңес Одағының Батыры атағын алған «көртышқандар».

Бұл деректі аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Әзілхан Нұршайықов арасында, 1970-77 жылдардағы сұхбат желісінде жазылған роман-диалогтен байқаймыз. Мойындау керек, ол кезеңде соғыс ақиқатын айтуға рұқсат жоқ болатын. Бірақ Бауыржан атамыздың шындығын шынжырға байламай, Әзілхан ағамыз тұспалдап жеткізіп отырған. 316-атқыштар дивизиясының штаб бастығы, тіптен жоғарылап корпустың штаб бастығы болған Гофман өзінің аты Баукең жазған кітапқа неге енбегенін ренішпен айтып, қарамағындағы полк командирі болған Момышұлынан сұрай берген. Баукеңнің жауабы анық: «Гофман офицерге лайықсыз әрекет еткен. Сол үшін орнынан түскен. Қазір Ялтада тұрады екен. 6 бөлмелі үйім, бау-бақшам бар деп бөсіп отырды. Сол келіп, Алматы мені алақанына салып күтіп алмады деп өкпе соқты. Барлық документ менің қолымнан өтті дейді. Солдаттың жаны мен жүрегін білмесе ол «документтер» ресми ақпарлар ғана». Бұл романда Бауыржан Момышұлы сұрақ қоюшы Әзілхан Нұршайықовтан соғыстағы есте қалған жаужүректігін сұрайды. «Артиллерист болдым. Снарядтарды боратып жатамыз. Нақты жаудың екі танкісін жайратқанымды білемін» дейді. Сонда Баукең бұл батыр атағына ұсынылатындай ерлік қой деп Әзекеңе ризашылығын білдіреді. Қазіргі деректерден білетініміздей, Бауыржан Момышұлының өзі екі рет (алғаш рет 1942 жылы) Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанмен, штабтағылар өткізбей тастаған. 1941 жылы ең жоғарғы Ленин орденіне генерал Панфилов жіберген құжат кішірейіп, кешігіп Қызыл Ту ордені бұйырған.

Рақымжан Қошқарбаевты еске алайық. Ол Берлиндегі Рейхстагқа Григорий Булатовпен бірге Жеңіс туын бірінші болып тікті. Бұл 1945 жылдың 30 сәуіріндегі тарихи оқиға. Бірақ Бас штабтағы бюрократтар Ұлы Жеңістің тұңғыш тізіміне қазақты емес, Бас қолбасшы Сталиннің жерлесін жазды. Соған батыр атағын бергізді. Соғыс кезінде мұндай жағдайлар көп кездесті.

Жоғарыда атап өткен сол соғыстың өлім мен өмір айқасын көзбен көрген Кемел Тоқаевтың майдандағы кезекті «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған 7-гвардиялық танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Корбуттың бұйрығы («Память народа» сайтынан алынды) мынадай: «Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев 1943 жылдың 17 шілдесі мен 1 тамызы аралығында танктерді күзетуде ерекше батыл әрі ержүректік әрекет жасады. Толассыз артиллериялық атқылау кезінде танктермен байланысты үзбей ұстады. Тоқтаусыз пулемет-автомат оғының астында істен шыққан танктер мен экипаждар барлауын жүргізіп, танктерге ұтымды өткел жолын жасады. Өз автоматымен 20 гитлершілдің көзін жойды». Керемет ерлік. Сірә, полк командирі жауынгерлеріне жоғары марапат бұйырмайтындықтан тек медальға ұсына берсе керек. 

Ертеректе Кемел Тоқаев туралы түсірген «Кемел келешек» телефильмінің сценарист – режиссерлік еңбегімде оның соғыс жылдарындағы ерлік жолын жан-жақты зерделеуге тырыстым. Майдангердің тағы екі наградаға ұсынылған парағын бірге оқиық.

«Кемел Тоқаев 1944 жылғы  Белоруссияны, Украинаны және Польшаны фашизмнен азат етудегі  ірі әскери операцияларына қатысқан. Кемел Токаевтің өзі 7-ші гвардиялық жаудың қорғаныс шебін бұзып, оның әскери техникасын жоятын ерекше танк полкінің құрамында соғысты. Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев ерекше ержүректілігі мен күрделі сәттерде шешім қабылдау қасиетімен көзге түскен. Осы туралы жаужүрек солдатты «Ерлігі үшін» медаліне  ұсынған 7-ші гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі, гвардия майоры  Смирновтың жазған бұйрығынан үзінді: «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғау үшін» медальдарымен наградталған, автоматшылар бөлімінің командирі – гвардия сержанты Кемел Тоқаев полктің барлық ұрыс кезеңдерінде алдыңғы шепте болды. Аса күрделі жағдайларда, тоқтаусыз атыс пен бомбылардың астында жүріп барлық танкілермен байланысты қамтамасыз етті.  Шайқастың барысында жылдам судан өту қажеттілігі туралы полк командирінің бұйрығын орындау мақсатында өткелді тез тауып, бүкіл танктерді жау тосқауылынан алып шықты. «Кемел Тоқаев ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1945 жылы 30 қаңтарда екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған. 7-ші гвардиялық бұзып өту танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Поваровтың бұйрығы: «Польшаның Еглиевец ауданындағы ұрыста немістер біздің позициямызға тұтқиылдан шабуыл жасады. Автоматшылар танкілерін қайсарлықпен қорғап, қарсы шабуылға шықты. Тоқаев жолдас жау тылын бірінші болып бұзып өтіп, 5 фашисті өлтірді. Бір жаралы гитлершілді тұтқынға алып, бөліміне келе жатқанда жарылғыш оқпен аяғынан жараланды. Қатты жарақатына қарамастан, аяғын таңып өзінің танкісіне жетті».

 

Құпия архив 2040 жылы ғана ашылмақ

Сұрапыл соғыстың көп шындығы әлі де жабық, біз үшін беймәлім! Архив Ресейде. Ресей Президентінің 2040 жылға дейін 1941-1945 жж. соғыс құпияларын жариялауға рұқсат бермеу туралы шешімі бар. 2040 жылы ғана Архив ашылуы мүмкін. Өзім куә тағы бір жәйтпен бөлісейін. Қайын атам Мәтжанов Төрәлі, екінші дүниежүзілік соғыста гвардиялық барлау бөлімінің командирі болған. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Фин соғысынан бастап, Гитлершілдермен соғысты жалғастырып, Жапон соғысымен аяқтап 1945 жылдың күзінде елге Жеңіспен оралған. Соғыс басталған түннен, Жеңіс күніне дейін оқ пен оттың ортасынан өткен нағыз соғыс солдаты. Екі рет «За Отвагу» медальімен наградталған. Басқа да медальдері жетерлік...

От пен оқ жауған жылдары Бас командир болған Маршал Георгий Жуковтың «Воспоминания и размышления» – мемуарлық кітабын жарыққа шыға сала алдырып оқыған. Сонда айтқаны: «Жеңіс Маршалы Жуков, сен соғыстың жеңімпазы едің. Саған сендік. Өлімнен қорықпаған солдатың едік! Бірақ сен де сұрапыл соғыстың шындығын айтпай кеттің-ау»,- деп бір мың беттік кітабын сосын қолына алмаған. Жуковтың мың беттік мемуарының 626-бетінде қазақтар туралы үш сөйлемдік деталь ғана бар: «Шайқаста танкілер мен өздігінен жүретін зеңбіректерді іске қосуға тура келді. Олардың оқпандарынан зуылдай ұшқан снарядтар Ратушаның зіл батпан шойын қақпасын қақырата құлатып, үй алдындағы алаңқайды түтінді пердемен тұмшалап тастады. Осы сәтті шебер пайдаланып, мұнда ең бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы басып кірді...»,-деп жазылған. Осы орайда Маршалдың мемуарымен танысқан  қазақстандық майдангерлердің наразылығы көп жерде айтылып жазылған. Бұл жәйт «Ақиқат пен аңыз» деректі романынан да орын алған.

«Нұршайықов: Сіздің фамилияңыз маршал Жуковтың кітабында жоқ қой деймін, Бауке?

Момышұлы: Жуков өз естеліктерін Қызыл Армия Бас штабының бастығы, СССР Қорғаныс Халкомының бірінші орынбасары Жоғары Бас қолбасшының орынбасары ретінде жазды. Сондықтан оның майдандар мен армиялар жайында айтуы, ерекше ерлік көрсеткен бірен-саран дивизияны ғана ауызға алуы өте орынды. Оның үстіне мен соғыстың соңғы жағында ғана дивизия командирі болдым емес пе? Маршал Жуковқа менің ешқандай өкпем жоқ. Майданда ол кісімен жүздесіп, тілдескенмін. Дивизия командирі боларда батасын алғанмын». Дегенмен, майданның мықты тылы танылған, сарбаздары Мәскеуді қорғап қалған қазақ еліне Жуков тарапынан берілген баға жұтаң шыққанын мойындауымыз керек. Оның сыры оның шовинистік пиғылдан аса алмауында. Бұл ой түйіп, қорытынды шығарар көкейтесті тақырып!

Әр ұрпақ өз заманының намысының нары, абыройының ары. Аға буын жер бетіндегі бейбіт өмір үшін соғысты. Қазақтың қаһарман халық екенін мойындатты. 

Өкінішке қарай, Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күнін ұмытайық дейтіндер дауысы да талабы да кейінгі кезде көбірек шыға бастады. Ал әлемнің фашизммен күреске көзқарасы өзгеше. Гитлершіл фашизмнің жеңісін иемденуге АҚШ, Ресей, Ұлыбритания мен Франция мемлекеттері арасында үлкен идеолгиялық бәйге тоқтаусыз жарыспен жүруде. Жүздеген миллион қаржыға фильм, сериалдар түсірілуде. Әрқайсысы фашизмді жеңген бізбіз деп қалың жұртты иландыруға күш салуда. Бұл тұста ерекше ескерер мәселе, бүгінгі көрермен мен оқитын жұрт өмірде нақты болған кейіпкерлердің басынан өткерген  оқиғаларға құрылған туындыларға ықылас білдіріп, ынта қоюында. Бұрынғыдай шындыққа жақындатып, романтикаға толы әдеби стильге бағынған шығармалар Екінші дүниежүзілік соғыстың күн тәртібінен ығысып барады. Кейін тіптен оқылмайтын да шығар. Өйткені соғыс туралы соңғы фильмдер тек қана өмірде болған адамдар арқылы бейнеленетін болды. Тарих нақтылықпен өтімді.

Өткеніңді ұмытсаң – ертеңінің есіркемес. Бүгінің бұлыңғыр болмақ. Тарих бәріне таразы. Кешегі өткен жолына қарап, алып державалар салмағыңды саралайды. Елу жылда – ел жаңа дейді. Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықов жарым ғасыр бұрын ұрпақтарына тағлым еткен әңгімесімен сөзімді аяқтайын.

«Әзілхан: Сол қырық бірінші жылы 8 желтоқсанда айтқан уәдеңізді орындапсыз, Бауке. Жолтайдың (Жолмұхамед Бозжанов, ерлікпен қаза тапқан жауынгер) да атын «Москва үшін шайқас» кітабына кіргізіпсіз. Үкімет наградасына жазған сіздің ұсыныс бойынша оған Ленин ордені беріліпті.

Бауыржан: Жоқ, орындай алған жоқпын. Менің кітабымда Жолтайдың аты ғана жүр. Ал ол туралы Қасым Аманжоловтың Абдоллаға арнаған дастанындай поэма жазу керек еді. Ол менің қолымнан келмеді. Жастар бар ғой, бәлкім, жазар әлі де».

Бұл соғыс көрген дуалы ауызды екі тұлғасының аманаты. Ой салатын, ерлік шежіресін ұмытпауға үндейтін ата сөз.

Әлі де тарих қойнауында жатқан ата-баба ерлігіне лайықты бағасын беру бүгінгі Қазақстан елінің парызы. Мемлекет басшысы үш майдангерге «Халық қаһарманы» атағын берумен аталар рухын жаңғыртты. Ел үшін де, ертеңіміз үшін де өнегелі өрелі іс!

Махат САДЫҚ, журналист
14.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 193
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 187
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 696
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 818
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 732

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8888
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8283
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11511
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9267
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10495