Соңғы кезде әлеуметтік желілерде халықты Солтүстік өңірлерге көшіру мәселесі жиі айтыла бастады.
Мәселе орынды. Бірақ Солтүстік мәселесі популизм мен қызыл сөзді көтермейді. Бұл бірнеше жылға арналған стратегиялық жоспары бар, мемлекеттік деңгейде жүретін күрделі мәселе. Әрі кетсе 5-6 айдың, айналдырған 4-5 адамның шаруасы емес.
Мен өткен жылы Құмар Ақсақаловтың (СҚО әкімі) қабылдауында болдым. Сол сапарымда көп адаммен таныстым. Бос ауылдарды Қазақстан азаматтарымен толтыру мәселесін аз-кем зерттеп көрдім. Жағдай біз ойлағаннан да ауыр.
Солтүстік өңірде жемқорлық деген бетімен кеткен. Керек болса Үкімет мемлекеттің Тәуелсіздігіне тікелей әсер ететін әлеуметтік-идеологиялық жұмысты тек бір облыстың деңгейінде қарап келген.
Көшіп барған қанша мың қазақ алданды? Әлі талай былықтың беті ашылады. Бос жерлерді халыққа толтыра алмаған шенділер сотталуы керек. Қаншама миллиардтар далаға ұшты. Нәтиже өте нашар. Оның сұрауы болмай ма?
Көш мәселесіне ең әуелі Президенттің өзі оң көзқарас білдіруі керек. Білдіріп қана қоймай, тікелей қадағалауына алуы керек. Үкіметтегілерге түсіндіру керек. Аманатты арқалаймын деген азаматтарға мүмкіндік беруі керек. Әрине, көп қаржы да керек.
Оның бәрін уағында көрерміз. Айнала тегіс “Жаңа Қазақстан” деп жатыр ғой. Бірақ құрғақ уәде, сылдыр сөзбен көшсем бе екен, көшпесем бе екен деп жүрген аз қазақтың сеніміне селкеу түсіріп алмасақ керек.