Бүгінде ҚАЖ мекемелерінде медициналық ақпараттық жүйелер орнатылып жатыр.
ІІМ-нің тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Денсаулық сақтау министрлігіне толығымен берілді, деп жазады inbusiness.kz.
Ақпаратқа сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігіне аталған функцияларды беру екі кезеңде жүзеге асырылды.
"2022 жылғы 1 шілдеде 16 тергеу изоляторын, ал 2023 жылғы 1 қаңтарда қылмыстық-атқару жүйесінің қалған 64 мекемесіне медициналық қамтамасыз ету берілді", - деді Мадина Төребаева ҚАЖ комитетінің Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобының бас маманы-санитарлық дәрігері.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда медициналық мақсаттағы ғимараттар мен үй-жайларды, медициналық жабдықтар мен автокөліктерді тергеу изоляторларына бекітілген емханаларға өтеусіз пайдалануға беру бойынша қажетті іс-шаралар аяқталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілген медициналық бөлімдер мекемеде орналасқан амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдар болып өзгертілген көрінеді.
"ҚАЖ мекемелерінің медициналық қызметкерлерінің жалақысы денсаулық сақтаудың азаматтық секторындағы қызметкерлермен салыстырғанда әлдеқайда қарағанда төмен болды. Сондай-ақ, азаматтық денсаулық сақтау саласында айтарлықтай материалдық-техникалық база мен тәжірибесі мол білікті медицина мамандары бар. Бүгінде ҚАЖ медицина қызметкерлерінің барлық штаты берілді. 800-ге жуық медицина қызметкері емханалардың штатына қабылданды", - деп атап өтті спикер.
Мадина Төребаеваның сөзінше, ҚАЖ мекемелерінде сотталған адамдарды емдегені үшін медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге өскен.
Бұдан басқа Талдықорғандағы № 71 мекемеде медициналық мақсатта арнайы контингентке арналған блок-модульдік кешен салу жоспарланып отыр.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау функциясын жүзеге асыратын қызмет құрылды.