Сөз сүлейі – Сәттіғұл

Сөз сүлейі – Сәттіғұл

Маңғыстау өңіріндегі Тұщықұдық ауылында халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Орталық алаңға отыздан аса үй тігіліп, ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Дүбірлі тойға республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, мереке көркін қыздыра түсті.

Орталық алаңға жиналған қауым алдымен ауылдың бетке ұстар азаматы Бердіғали Ізбаевтың тапсырысымен Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің алдына орнатылған «Ақын домбырасы» инсталляциясының ашылу салтанатын тамашалады. Салтанатты рәсімде ақынмен 1957 жылы Гурьев (Атырау) қаласында өткен фестивальде өнер көрсеткен мәдениет саласының үздігі Қоңырша Омарова мен ауылдың белсенді азаматтары өнер туындысының шымылдығын ресми түрде ашты.

 

– Осыдан 70 жыл бұрын Сәттіғұл Жанғабылұлы атамызбен фестивальге барып, 300 адамдық шеру жасап, хормен ән айтқан едік. Сол кезде ақын ағамыздың жасы 65-те, мен 20-да едім. Осы фестивальде лық толы залда атамыз екі сағаттай концерт берген болатын. Ол өнер көрсеткен уақытта бүкіл халық қошемет көрсетіп отырғаны әлі есімде. Ұлы тұлға өз туындыларында Маңғыстау халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен салт-дәстүрі жөнінен хабар берген еді, – деп еске алды Қоңырша Омарова.

Ауылдың орталық алаңында өткен мерейтойдың ресми ашылу рәсімінде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнежазба көрсетіліп, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.

– Сәттіғұл Жанғабылұлы – халқымыздың рухани мұрасын байытып, ұлттың сөз өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның жырлары туған жерге деген сүйіспеншілікті, елдік ерлікті, адамгершілік пен парасатты дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынаға айналды. Бүгінгі мерейтой – ұлы ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, жастардың бойына отансүйгіштік және рухани тағылым дарытуға бағытталған маңызды мәдени оқиға.

Мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған ғылыми-танымдық, спорттық, мәдени-көпшілік және рухани шаралар Сәттіғұл ақын мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте айғақтай түсті. Маңғыстау өңірі – талай дара тұлғалардың дүниеге келген киелі мекені. Солардың бірі – Сәттіғұл Жанғабылұлының өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы халқымыздың рухани тарихында айрықша орын алады. Оның мұрасын зерттеу, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – деді ол өз сөзінде.

Мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылатын «Мұхиттан қалмыш теңіз-жыр» республикалық байқауында бақ сынайтын жыршылар таныстырылып, жеребе тарту рәсімі өткізілді.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі «Сәттіғұл – жырдың шынжыры» еңбегінің тұсаукесері болды. Кітаптың лентасын ақынның қызы Ақбибі Сәттіғұлова, ғалым Қабиболла Сыдиықовтың жары Гүлшат Омарқызы және белгілі ақын Светқали Нұржан қиды.

– Баршаңызға сырдың, жырдың, жүректегі нұрдың мерекесі құтты болсын! Бүгінгі мұхит-теңіздер сонау Нұх пайғамбардың топанынан қалған қалмыш дейді. Біздің Сәтекең де сол бұрынғы қасиетті топаннан қалған мұхит еді. Оның жырларында қасиетті рух бар еді. Соншама ұлылықты аманаттап қалдырған ұлы жыраудың мерейлі жасын тойлап отырған елдің де әуселесі мәңгілік биік болсын, – деді Светқали Нұржан өз сөзінде.

Рәсім барысында Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармашылығын зерттеген ғалым Қабиболла Сыдиықовтан қалған бірнеше тарихи жәдігер музей қоржынына табысталды. Сонымен қатар ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтар облыс, аудан әкімі атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Тарих тағылымы – танымдық конференцияда

Орталық алаңда құрылған ауыл сахнасында алыс-жақыннан ақын туған топыраққа арнайы ат басын бұрған қауымның қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өтті.

Алдымен филология ғылымдарының кандидаты, Yessenov университетінің профессоры Әділет Қабылов қазақ ауыз әдебиеті мен жазба поэзиясының арасын жалғаған, ел тарихы мен халық тағдырын терең толғаған арқалы ақын, ақындық тереңдік пен шығармашылық биіктіктің өлшеміндей болмысы бөлек тұлғаның құнды мұрасы турасында ой толғады.

«Қазақтың ақындық-жыраулық дәстүрін дамытқан, поэзия саласындағы шығармашылық қызметі екі дәуірді қамтыған көрнекті тұлға. Жастайынан қазақтың атақты Абыл, Қашаған, Нұрым, Қалнияз сынды ақын-жырауларының жыршылық дәстүрін бойына сіңіріп, солардың мектебінен өткен ғажайып ақын. Ақын шығармалары жанр жағынан өлең, жыр, толғау, дастандар мен айтыстар болып келеді. Негізгі тақырыптары – елдің береке-бірлігі, туған жер мен атамекенге деген сүйіспеншілік, әлеуметтік-қоғамдық мәселелер екені белгілі. Соның ішінде әйгілі «Досан батыр» – отаршылдық езгіге қарсы көтерілісті ұйымдастырып, табанды күрес жүргізген халық батыры туралы тарихи дастан. Шығарма отаршылдыққа қарсы күресті, ел бостандығы мен әділдік жолындағы батырдың ерлігін суреттейді. Міне, осындай мәңгілік өшпес мұраны ұрпаққа мирас еткен атамыздың шығармашылығын жинау, зерттеу, мазмұнын саралау – келер ұрпаққа аманат. Қорыта айтқанда, Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармаларында замана шындығы, әлеуметтік әділетсіздік, ерлік пен елдік рух кеңінен көрініс тауып, ақынның азаматтық ұстанымы айқын сезіледі. Ақынның шығармалары отансүйгіштікке, әділдікке және ел бірлігіне тәрбиелейтін тағылымды өнеге ретінде кейінгі ұрпаққа рухани бағдар бола біледі», – деді Әділет Қабылов.

Сәттіғұл Жанғабылұлымен сұхбаттасып, зерттеген, алғашқы жинақтарының жарық көруіне себепші болған ғалымдардың бірі марқұм Қабиболла Сыдиықұлы еді. Осы тұста ғалымның жұбайы Гүлшат Омарова мерейтойға Алматыдан арнайы келіп, атсалысқанын атап өткен жөн.

Ал Қабиболла Сыдиықұлынан кейін Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармашылығын жоғары деңгейде, кең ауқымда кешенді зерттеп, тақырып төңірегінде тынбай ізденіп жүріп тер төккен, кейінірек кандидаттық диссертация қорғаған ғалым, Yessenov университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әлия Жеткізгенованың сүбелі еңбегі ғылыми және қоғамдық ортада жоғары бағаланғаны мәлім. Конференцияда ғалым ақынның толыққанды өмірбаяны, өмір сүрген ортасы, дәуірі, замандастарының келбеті, жыр-дастандарының көркемдік ерекшеліктері мен өлең өріміндегі сын жебесінің нысанасы турасында сыр толғады.

«Сәттіғұл атамыздың Алматыға барған сапарында Хамит Ерғалиевтің арнайы келіп: «Сіздің киім пошымыңызға қарап, домбыраңызға қарап, анау Адай тарапынан келген Сәтекең бе деп тұрмыз», – деп амандасуы әлі күнге дейін рухымызды көтереді. Хамит Ерғалиев бұл естелікті «Өмір өрнегі» жинағында жазып қалдырған екен. Ұлы Мұхтар Әуезовтің назарын аударған сол домбыраның кеше аядай ғана ауыл мектебінің алдында орнауы ақын арманының бір парасының орындалғанын білдіреді. Бұл – ұлы қуаныш», – деп пікір білдірді Әлия Жеткізгенова.

Осы тұста айрықша атап өтер оқиға – сүбелі сөз иесінің жыр мұрасы ел арасындағы көнекөз қариялардың көкірегінен мұрағат сөрелеріне көшкен күннен бастап, тар қапаста тұншыққан терме, толғау, жыр, арнау сынды асыл мұра тарих қатпарынан аршылып алынып, «Сәттіғұл – жырдың шынжыры» атты академиялық жинақ ретінде жарқырап жарыққа шығуы. Жинақты құрастырушылар – ақын тұлғасы мен шығармашылық мол мұрасының насихатталуына мұрындық болып жүрген жақсылардың жоқшысы Бердіхан Әлмен мен Мұстафа Шоқай сынды азаматтар. Конференцияда Мұстафа Шоқай осы құнды еңбекті құрастыруда кезіккен қиындықтар мен ақын шығармашылығын насихаттаудың мән-маңызы турасында сөз сөйледі.

Ескіден жеткен есті сөз

Мерейтой аясында сан ғасырдан бері сыны мен сырын жоғалтпай келе жатқан дәстүрлі жыраулық өнер де лайықты дәріптелді. Халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасы – арқалы ақынның жыр-дастандары тарихи кезеңнің тынысын тап басқан дәйекті туындылар екені мәлім.

Жыр додасында «Досан батыр» дастаны мен өзге де жырларын қазылардың сұрауымен кез келген тұсынан мүдірмей, сауырына қамшы салдырмай орындаған өнер саңлақтары ортадан оза шапты. Ел құрметіне бөленген ақынның аманатын шабытына арқау етіп, жырдан шашу шашқан жыршылар екі күн бойы аламанның көрігін қыздырды. Сәттіғұл Жанғабылұлының бірнеше тараудан тұратын «Досан батыр» мен өзге де жыр-дастандарын 20 жыршы жырлап, көпшілікті жаһұт жырмен сусындатты. Көркем де көлемді дастанның әр саласына түсіп, жүрісінен жаңылмай, желдіріп әкеткен жампоздардың жүрдек ойы мен жады, қоңыр үні де тыңдағанды еліте алатындай тартымды әрі кең екенін көпшілік сүйсіне айтты. Олардың арасында жас та болса таңнан-таңға талмай жыр толғай алатын қабілет-дарынға ие қарасөз құлагерлері де тыңдарман қауымның құрметіне бөленді.

Атақты жыршы, ұлт өнерінің жанашыры Амандық Көмекұлы бастаған қазылар алқасы қазақ жыраулар поэзиясымен жастайынан сусындап өскен жаңа буын жыршылардың арасынан лайықты жеңімпазды іріктеді. Бас жүлде халық мұрасын жалғастырушы Сәттіғұл Жанғабылұлының дастандары мен жыр-термелерін жетік меңгеріп, сөз сүлейінің сарқытын сіңірген маңғыстаулық Бердібай Тойғұлиевке бұйырды. Байқаудың бас жүлдесіне облыс орталығынан (Ақтау қаласынан) бір бөлмелі пәтерді тіккен азамат – Сәттіғұл Жанғабылұлының жиені Талғат Нұржанов екен. Өнерсүйер ағайын, ауыл халқы азаматтың атымтай жомарттығына тәнті болысып, алғысын жаудырды. 1-орын биязы болмысы, мамыр мақамы, мақпал үнімен баураған Маңғыстау өнер колледжінің студенті Жансұлу Сыласқанқызына бұйырды.

 

Балуандар белдесті

Дүбірлі тойда қазақ күресінен республикалық турнир де ұйымдастырылды. Балуандар 70 пен 90 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ұлттық намысты тулатып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күреске көрерменнің қызығушылығы да зор болды.

Күрес аламанында бабы мен бағы қатар жанған балуандар өз мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолданып, қарсыласын алып та жықты, шалып та жықты. Боз кілемде атой салып, талайлардың таңдайын қақтырған күрес спортының болашақ жұлдыздарының өнерін тамашалаған жанкүйерлер қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды.

Тұщықұдық төрінде дүркіреп өткен халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдығына арналған той мәресіне жетті. Ақынды бұлай қастерлеу – әдебиет үшін, ұлт үшін үлкен құрмет. Ұлты үшін ұлылық ізін қалдырып кеткен арқалы ақынды қалай қастерлесек те, тірінің бүгінгі парызы деп түсінуіміз керек-ақ.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

Маңғыстау облысы

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181