Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер

Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер

Қаланың көркі – субұрқақтар. Қалалық ортаға сән беретін, тұрғындарға көңіл күй сыйлайтын субұрқақтарды жөндеп, әр жыл сайын фонтандар маусымын дер уақытында ашу – қала билігі алдында тұрған міндеттердің бірі.

– 2024 жылы Ақтөбе қаласындағы 20 субұрқақтың алтауы жұмыс жасаған болса, 2025 жылы он сегізі жаз бойы қосылып тұрды. Ал қазіргі таңда қала бойынша 20 фонтан мамыр айында қосылуға дайын тұр. Оның ішінде жаңадан екі субұрқақ іске қосылады: бірі – Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа парктің субұрқағы және екіншісі – Автовокзал алдындағы демеушілер есебінен жаңғыртылған фонтан. Ал Орталық саябақтағы лазерлік және отты элементтері бар музыкалық субұрқақ Қала күні қарсаңында жұмысын бастайтын болады, – дейді Азамат Бекет.

Шаһарда тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Ақтөбе алып құрылыс алаңына айналғандай: жаңадан салынып жатқан үйлер көп.

– Биыл Есет батыр тұрғын алабында жалпы алғанда 845 пәтері бар төрт несиелік үйдің құрылысы аяқталып, олардың үшеуі Отбасы банкіне берілсе, бір үй бойынша шілде айының соңына дейін ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталмақ. Одан бөлек, жалпы 891 пәтері бар алты несиелік тұрғын үйдің құрылыстары жыл соңына дейін аяқталып, 571 пәтерлі 2 облигациялық несие есебінен жаңа үйлердің құрылыстары басталатын болады.

Сонымен қатар кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарын пәтермен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 2 млрд 500 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда 128 пәтердің 69-ы сатып алынды, – дейді А.Бекет.

Облыс орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде қаланың 39 тұрғын алабы ауызсумен қамтамасыз етілген. Және биыл қосымша үш тұрғын алапта су желісінің құрылысын жалғастыруға 2 млрд теңге бөлініп отыр.

– Оның ішінде Жаңақоныс-5, Рауан-2 және Шилісай-1, 2 тұрғын алаптарын сумен жабдықтау желілері салынады. Жаңа ауыл-1,2,3, Ақшат-2,3, Ақжар плюс және Шығыс – 1 тұрғын алаптарына су желісін тарту үшін қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал Бауырластар – 3,5 және Жаңақоныс – 3,4 тұрғын алаптарында су қоры жеткіліксіз болып отыр. Құндақтықыр және Моисеев жобалары жүзеге асқаннан кейін ғана бұл тұрғын алаптарға су желісін тарту мүмкін болады, – дейді қала басшысы.

Газ бен электр желілерін тарту, станса құрылыстарын салу жұмыстары да ретімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Сазды-3 тұрғын алабына газ желісін жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Жаңауыл-3 тұрғын алабы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қала әкімінің айтуынша, осы аталған екі жобаның аяқталуы қаладағы 54 тұрғын алапты толықтай газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

– Электр жүйесімен бүгінгі күнге 49 тұрғын алап қамтамасыз етілді және 3 елді мекен бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Сазды-3, Жаңа ауыл-1 және Батыс-3 ықшамауданында электр желілерін салу жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар «Батыс» шағынауданында электр беру желілері мен трансформаторлық қосалқы станциясы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Аталған трансформаторлық станцияны іске қосқан жағдайда, ықшамаудан үздіксіз электр желісімен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар Парасат және Ақжар-2 тұрғын алаптары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, – дейді Азамат Бекет.

Қала аумағындағы көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары аясында былтырғы ауыспалы 24 жоба жалғасады. Соның ішінде 15 жоба – құрылыс және реконструкция, 4 жоба – күрделі жөндеу және 5 жоба – орташа жөндеу бағытында.

– Биыл 18 көшені қамтитын орташа жөндеу жұмыстарының үш жаңа жобасы әзірленді. Аталған жобалар аясында қала тұрғындарының көкейінде жүрген, мысалы, қоқыс полигонына баратын жол, Орск бағытындағы тас жол, Тургенев, Нариманов көшелері сияқты маңызды жолдарды жөндеу қарастырылады, – дейді қала басшысы.

Азамат Бекеттің айтуынша, абаттандыру және жайлы қалалық орта құру мақсатында да бірнеше жоба іске асырылмақ. Мәселен, биыл Илецкая көшесі мен ГМЗ және Авиатор ауданынан еріген суларды бұруға арналған кәріз құрылысы жобалары жалғасады. Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 32 жобаны орындау жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаяу жүргінші жолдарын төсеу жұмыстарын жалғастыру мақсатында Алматы, Астана аудандарында 28 мың шаршы метр тротуар төсеу жоспарланып отыр.

– Бұл жұмыстар Әбілқайыр хан даңғылында, Уәлиханов, Әйтеке би, Шернияз, Жанша Досмұхамедұлы, Лермонтов және Гастелло көшелерінде және Есет батыр тұрғын алабының 2-ші шағынауданында жүргізілетін болады. Сонымен қатар Құрашасай мен Бауырластар-2 тұрғын алаптарының бойындағы тас жолдар жарықтандырылып, көшелерді жарықтандыруды модернизациялау жобасы жалғасын табатын болады, – деді қала әкімі.

 

М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
15.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 19
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 22
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 25
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 19

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42064
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37927
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42397