Шұрайлы мекеннің шырайы келісті

Шұрайлы мекеннің шырайы келісті

Еліміздегі әрбір елді мекен, ондағы тау мен жыралар, бұлақтар мен өзендер, көлдердің атаулары өздерімен бірге терең сырлар мен тұңғиық тарих қатпарларын қаттап жатқаны бесенеден белгілі. Ерік қойсаң, маңызын ұққанша бойлап, батып кетерің сөзсіз.

Мәселен, биыл Бақалы ауылының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Ол Теріс өзенінің оң жағасында орналасқан шағын елді мекен. Ауыл орта ғасырлық Баркуаб қалашығының шығысында орналасқан. Бақалы ауылы тұрғындары 50-ші жылдарға дейін сай-сайда, төбе- төбе басында жеке-дара әулет болып қонып отырған. Кеңес үкіметі құрылған соң мұнда 1928 жылы «Қызыл диқан» колхозы құрылды. Ауыл Теріс өзенінің солтүстігіндегі «Бурно-октябрь» болыстығына қарады. Ал, 1950 жылы колхоз «Путь Ленина» колхозы болып өзгертіліп, ауыл Көлбастау ауылдық кеңесі құрамына енгізілді.

1948 жылы көше тілініп, сай-салада отырған әулеттер сай табанындағы жазыққа көшіріледі. Алғашында ауыл тұрғындары сай суы жайылып жатқан саздауыт жерге көшкілері келмепті. Бірақ, сол тұстағы колхоз басшылығы сайдан түскен су арнасының көзін ашып, арық салып, жаңа арнамен Теріс өзеніне құлатады.

– Сол тұста Кеңес үкіметінің саясатымен жаңа бой көтерген ауыл алғаш құрылған колхоз атауымен Қызыл диқан деп аталды. 1961 жылы ірілендіру саясаты жүріп, мұнда «Большевик» колхозы мен «Большевик ауылдық кеңесі құрылды. Оған бүгінгі Бақалы, Теріс, Қосбөлтек пен Көктөбе ауылдары қарады. Ауылда мектеп, клуб, балабақша ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Ал, 1960 жылдан бастап ауыл тұрғындары картоп өсіруге бейімделді. Жалпы, 1960-1990 жылдар аралығында ауыл диқандары республика көлемінде картоп өсіруден өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрбір гектардан 330-350 центнерден өнім жинады. Картоп дақылын өсірушілердің арасынан ауылымыздың тумасы Мүсірепбек Бектаев Социалистік Еңбек Ері атанды, – дейді Аташбек Әмірқұл.

Одан бөлек, ауылдан елге белгілі талай азамат түлеп ұшып, елге қызмет етуде. Олардың қатарында марқұм жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Базархан Рүстембаев, қоғам қайраткерлері Шерхан Раздықов пен Нұржан Артаев, Афина олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевты айтсақ болады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, атап айтсақ, 1994 жылы ауыл Бақалы ауылы болып өзгертілді. Елді мекеннің бұлай аталуына осында тұратын әулеттердің түп атасы Бақа батырдың есімі әдейі таңдап алынған. «Қаңлы руының шежірелерінде Бақа атаның шын аты – Теңіз деп жазылады. Көнекөз қариялардан жеткен деректерде Теңіз бабамыздың көзі тостағандай көк көз болса керек. Жеңгелері содан болар, оны Бақа деп атап кетіпті деседі. Сондай-ақ, шежіреші қарттардың айтуынша, Бақа Қозыұлы Ташкент қаласының бір қақпасын басқарған. Ол қақпаны жоңғар басқыншыларынан қорғауда ерен ерлік көрсеткен. Бақа ата ұрпақтары бүгінде Өзбекстан Республикасының Бостандық, Түркістан облысының Қазығұрт, Жамбыл облысының Жуалы және Жамбыл аудандарында, Алматы облысының Есік ауданында тұрады», – дейді Аташбек ақсақал.

Ауылда бастауыш мектеп, балабақша, клуб пен кітапхана, медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Ал, алдыңғы жылы 250 орындық «Мырзахмет ата» мешіті салынып, ел игілігіне берілді. Оның құрылысын ауылдың қызы Гүлнар Мырзахметова салып беріп, елдің алғысына бөленді.

Ауылдың батыс солтүстігінде Қарауылтөбе бар. Кейде оны Жылқышы төбе деп те атайды. Ол төбе жаугершілік заманда от жағып, жаудың келе жатқанынан хабар беретін Жуалыдағы көп төбелердің бірі болған. Төбе басында қазба жұмыстары бес жылдан бері жүргізілуде. Ол біздің дәуірімізге дейінгі бірінші, біздің дәуіріміздің екінші жылдарында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің жаздық астанасы болған деген болжам бар. Яғни, сол маңда орналасқан басқару орталығы екі қабатты ғимараттан тұрады. Ел тарихшылары қала құрылысына қарап, оны Қаңлы мемлекетінің кезеңіне жатқызуда.

Сондай-ақ, елді мекенді төрт сайдың суы бөліп өтеді. Сайдың суы мол. Мұнда тал-терек, жеміс-жидек үнемі жайқалып, өсіп тұрады. Әр сайдың өз атауы бар. Олар Ақбай, Ошан, Ақбастау (Әулие бастау), Шойбек сай деп аталады.

Ақбай сайы – ауылға кіреберістегі терең сай. Сайдың орта тұсында әуіт бар. Сол жерде Ақбай ата отырған. Сайдың суы мол. Ауылдың басы осы Ақбай сайдың суын пайдаланады. Колхоз кезінде сайдағы бұлақ көздеріне тоспа салып құбыр арқылы ауылға ауыз су кіргізілген. Жаңа су стансасы соғылғанға дейін ауыл осы сайдың суын ауыз су ретінде пайдаланып келіпті. Ақпай ата колхоз құрылысына белсене атсалысқан. 1933 жылы ауданға келген М.Әуезовпен жүздесіп, пікірлескен адам. Ақпай ата 1973 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Ата салған әуіттен ауыл бүгінге дейін бақшаларын суарып отыр.

Ошан сайы – ауылдың орта бұлағы. Ошан ата ауылдағы айтулы ұста болған адам. Ол өзі отырған ортаңғы сайдың суына тоспа қойып, су диірмен салған. Сай табанынан сай жағалай арық қазып, суды қырға шығарған. Ошан ата салған диірмен 50-жылдарға дейін жұмыс істеп келіпті. Тоспа орны мен сай жағалай қазылған арық ізі әлі күнге өткеннің бір белгісі болып сайрап жатыр. Сол тоспа жанын жаздың күні ауыл балалары шыммен бекітіп, шомылады. Бұл сайдың суы да мол. Ауыл тұрғындары мен қатар ауылдың астыңғы жағындағы егіс алқаптары осы сайдың суымен суарылады.

Шойбек сайы – көшенің соңындағы ең терең сай, Шойбек есімімен аталады. Шойбек ата заманында бақуатты адам болған. Өзі отырған сайдың басында бау-бақшасы болыпты. Ауыл балаларын оқыту үшін ағаштан мектеп салған. Мұғалім жалдап ауыл балаларын оқытқан.

Кәмпескелеу кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған. Ашаршылықтың алдында бар малын ағайын-туыстарына таратып берген. Содан Бақалы ауылының тұрғындары аштық жылдары ашыға қойған жоқ. Ал, өзі алдымен жер аударылды. Соңынан мал-мүлкін таратып жібергені үшін қамалды. Қуғында жүріп қайтыс болды.

Бұл сайлардан сәл төменде Жетім саз бен Қоспа сай деген жер атаулары бар. Жетім саздың аумағы шағын ғана. Қыраттау жерде орналасқан. Екі жағы егістік. Жетім саздың қамысы биік. Кісі бойынан асады. Бұл сазда қоға да көп. Шөбі қалың өседі. Айналасын жазды күндері ауыл тұрғындары орып алып, малға азық етеді.

Қоспа сайдың екі терең сайы бар. Мұнда да бұлақ көп. Сайдың жоғарғы жағы өзектерден тұрады. Жері саз. Ол үлкен аумақты алып жатыр. Қоспа сайдың басы мен сайы Желсаз бен өзге сайлар сияқты ауылдың шабындығы. Шөп орып алынған соң онда ауыл малы қара күзге дейін жайылып жатады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Жуалы ауданы
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1495
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7530
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11408
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7572
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7733