Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму болшағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйым басшыларына жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жасау жауаптылығы белгіленеді. Ендігі жерде өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтар туралы әрбір басшы тиісті органдарға,лауазымды адамдарға дер кезінде хабарлауға міндетті. Егерде, ол осы міндетін орындамаса, заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылады. Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі көтермеленеді, мұндай жағдайда оларға ынталандыру шаралары қолданылады. Бұл дегеніміз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл халықты жұмылдырудың нақты көрінісі болып отыр.
13 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшыларының сыбайлас жемқорлық дерегімен ұсталуын “Ұлтты құрдымға жіберу” деп бағалады.
Президент «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының шектен шыққан сыбайлас жемқорлықпен ұсталу дерегін жай ғана әкімшілік құқықбұзушылық немесе сыбайластық деңгейіндегі қателік емес, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне және болашағына қатер төндіретін ішкі қауіп ретінде «біздің қас жауымыз» деп айыптады. Бұл риторика биліктің бұрынғы жұмсақ немесе сауысқаннан сақ саясатынан түбегейлі бетбұрыс жасап, қатаң күрес кезеңіне өткенін көрсетеді.
Президент мәлімдемесінде айтылғандай, тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асатын 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық жасалған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған, қалғанын квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Ал осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-і өзге де тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.
«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз»-деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.
Қауіпсіздік Кеңесінде Президент ел көптен күтіп жүрген сөзді ашық айтты.
«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек. Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған.»
«Осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр»-деді Қ.Тоқаев.
Енді Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс беруі керек. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы құрылатын комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылға шектеу қойылады.
Басшылары тұтқындалған «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ қалыпты жұмысын жалғастыра береді.
Дайындаған -- Нағашыбай Қабылбек
















