Шымкентте өзіне 64 миллион теңге заңсыз "сыйақы" берген есепші сотталды.
Сот мәліметінше, орта мектептің бас есепшісі ай сайын өзінің шотына бекітілген жалақысынан жоғары сома аударып отырған. Соның салдарынан бірнеше жыл ішінде мектеп бюджетіне 64 миллион 295 мың теңге залал келтірілген.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен, жәбірленуші өкілінің айғақтарымен, заттай және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сот барысында прокурор айыпталушыны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал сотталушының өзі оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.
"Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді. Сот К-ны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Азаматтық талап толығымен қанағаттандырылды", – делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында білім бөлімінің есепшілері 3 млрд теңгеге жуық қаржыны жымқырғаны туралы жазған едік.