СЫР БОЙЫНЫҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІ

СЫР БОЙЫНЫҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІ

Бәрі де балалық шақтан басталады ғой. Әсіресе алтын ұя мектептегі арман қанатында қалықтаған балауса шақтардың орны бөлек. Ауыл мектебі қазір де, Кеңес дәуірінде де рухани орталық болып есептеледі. Расында да 60-70-жылдары жаңадан құрылған Жалағаш ауданы Аққыр ауылындағы болып өткен жайттарды қазір сағына еске аласың. Аядай ғана шағын ауылдағы қазандай қайнап жатқан тіршілік сан-салалы еді. Сол қарбалас істер, думанды шақтардың бір жағында балалар да жүретінбіз. Бір ғажабы ауылымызда, мектебімізде неше түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Үрмелі аспаптар, домбыра дейсің бе, бәрі де бар. Сондағы шәкірттерден құралған оркестрлер ауыл клубында дүрілдетіп концерт қоятын. Осының бәрін ұйымдастыратын жан-жақтан келген сан қилы мамандық иелері жас мамандар болатын.

Солардың көш басында сол кездері тепсе темір үзетін жалындаған жігіт, қазір 80-ге келіп абыз атанған Сәбит Иманғалиев ағамыз жүрді. Әу баста ол кісі әуелі медпунктте, кейін аурухана меңгеруші болып жұмыс істеді. Білікті дәрігер болатын. Олай деп айтатыным біздің әкелеріміз, аналарымыз «жүзінде шуақ, мейірімі бар, елгезек мінезді жігіт екен» деген әңгімелерін жиі еститінмін. Көз алдымда ол ақ халатты, ұзын бойлы сары алтындай жалт-жұлт еткен жігіт қалпында сақталыпты. «Жылы сөзді, мықты, дәрігер» деген сөзіме де бұлтартпас қос дәлелім бар. Біріншісі Сәбит аға мектепке қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім болып ауысқанда бүкіл ауыл шулап сала берген. «Ойбай-ау, біздің сүйікті дәрігерімізді мұғалім етіп жібергені несі! Бұл дұрыс шешім емес!» деп біраз жұрт қарсы болды. Екіншіден 7-класта оқып жүргенде мен қатты ауырдым. Ауруым ерекше ауру еді. Ұйықтап жатқанда, кейде ояу кезімде де бір алып қара дәу қыр соңымнан қалмай мені кеудесімен басып тұншықтыратын, одан жанұшыра қашатынмын. Тіпті қорқатыным соншалықты сандықтың ішіне кіріп кеткен кездерімде болды. Апам жылап тұрып дәрігер шақыртты. Сонда осы Сәбит ағам келді күлімдеп. Бәрін айтып бердім. Неге екенін кім білсін сол сәтте ағамды ана дәуден құтқарушы Алпамыс, Қобыланды батырлардай көрдім. «Қорықпа! Дәуді қуып шығамын. Мына дәріні ішсең, ол қашып кетеді. Сен әуелі «Батырлар жырын» оқыдың ба?» деп сұрақ қойды. «Оқыдым. Олардың кейбірін жатқа да білемін» дедім мақтанып. «О-о, міне сондай батырларға айналасың! Ол дәу енді сенен қашатын болады. Ал кәне, ішіп ал, батыр» деп маған дәрі берді. Содан ба, әлде жылы сөздің құдіретінен бе, әлгі дәу ұшты-күйлі жоқ болды. Мінеки, дәрігер ағамның екінші мықтылығын сонда көргенмін. Жайшылықта маңғаз, сабырлы көрінгенмен, ағамыз біреуге жақсылық жасарда белсенді болып кетеді екен. Тіпті бейтаныс адамға да мейірімін төгіп тұру – оның басты қасиеті. Дәрігерлікпен қоса ұстаздығы да оның Алла тағала берген мінезіне сай келетін кәсібі ме дерсің. Өйткені екеуі де адамзатқа ең жақын ізгілік сыйлайтын мамандық екені даусыз. Кейін Сәбит ағам дәрігерлігін жалғастырғанда үлкен ғұлама дәрігер болар едіау деп те ойладым. Менің білетінім ол қай жерде жүрсе де осы қарапайым қалпынан айныған емес. Кейін Алматыдағы ҚазМУ-ды бітіріп мектепке жұмысқа келгенде де тынымсыз еңбекқорлығымен көзге түсті. Өзінің беретін пәнін жақсы көретінін ол кісі нақты істерімен дәлелдеді. Мәселен маған жасаған бір үлкен қамқорлығынан осыны аңғаруға болады. Ол кезде 9 сыныпта бізге қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Менің аздап жазатынымды сезген ұстаз бір күні мынадай ұсыныс жасады. «Алматыда оқушылардың арасында көркем әңгіме жазудан байқау өтіп жатыр екен. Соған әңгіме жазып, бағыңды сынап көрсен қайтеді» деді. Екі күн отырып «Қызыл етік» деген әңгіме жаздым. Ағайым қарап шығып, ол әңгімені өзі байқауға аттандырып жіберді. Кейін сол байқаудың жүлдегері болдым. Алғашқы тырнақалды әңгімемді жазуыма себепкер, дәнекер болған ұстазымның бұл жақсылығын мен үнемі айтып жүремін. Біреулер менен сұхбат алғанда да «жазушы болуыма көмектесіп, ықпал еткен Сәбит ағайым!» деп мақтана жауап беремін. Сәбит ағамның шығармашылдығымен жақсы таныспын. Ара-арасында біздің газетке де жазып тұрады. Мысалға өткен жылы «Жоғын түгендемейтін қазақтың болашағы жоқ» деген зор мақаласы шығып, көпшіліктің арасында үлкен резонанс туғызды. Ақсақалдық өткір сөзін ащы-ащы етіп айтты. Ұлтының, ана тіліне алаңдап, болашақта не істеу керек екенін қадап-қадап жеткізді. Қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп атойлап жатырмыз. Бұл мақалада айтылғандар соған дайын бағдарлама десе де болады. Ағаның өмірбаянына бір сәт үңілсек сона-ау 1959 жылы мектеп бітіргеннен бастап тек ізденіс жолында екенің көресің. Жай мұғалімнен бастап мектеп директор болу, әсіресе 90-жылдары Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен Тіл басқармасының басшысы болып жүргендігі қыруар шаруалар атқаруы анау-мынау адамның қолынан келмейтін, нағыз қара нар көтеретін ауыр жүктер. 10 мың сөзден тұратын «Орысша-қазақша» сөздік құрастырып, іс-қағаздарын үлгілерін жазу ол кезде тыңға түрен салғанмен тең болатын. Кейін көшелер жайында үш тілде бірнеше сүбелі еңбектер жазды (оның бірі шетелдерде көрмеге қойылды). Базбіреулер айтуы мүмкін: «Е, мұндай еңбекті мен де жазамын» деп. Жо-жоқ, қателесесіз! Мәселен мен жазушымен десем де қиын да ауыр, жауапкершілігі мол дүниені жаза алмас едім. Қазақ мұндай ауыр еңбекті «Инемен құдық қазғандай» деп әдемі жеткізген ғой. Осындай салмағы бар еңбектер, кітаптар еліміздің алтын қорынан нық орын алатынына сенімдімін. Тағы бір айтарым: Сәбит ағамның маңдайының бес елі бағы бар адам. Неге дейсіз ғой? Себебі, таудай. Әрқашанда ағамыз өмір бәйгелерінде маңдайы жарқырап келіп, бабының келісіп отырғанына зор үлес қосатын, үнемі жанында болатын, рухани жағынан күш-қуат беретін бір нәзік жан бар. Ол біздің апайымыз, ұстазымыз, қазақтың ғажап аналарының бірі де бірегейі, отбасының отанасы Зүбайра тәтеміз. Сәбит ағамызды жар таңдаудан қателестірмеген бір Аллаға шүкір! Ағамыз қандай еңбек, кітап жазбасын Зүбайра апайымыздың көмегіне жүгінетіні сөзсіз. Апайдың да бітірген оқуы, істеген істері, жұмыстары, ат үркетін атақтары бірінен бірі асады. Жазсаң, тізсең көшқұлаш тізім шығар еді. Соның бірі «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі. Әсіресе ол кісінің қазірге дейін мектептерде қолданыста жүрген 9-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» атты оқулығы бір төбе. Зүбайра апайдың бойында қазақ анасына, әйеліне тән ғажайып қасиеттердің бәрі бар. Біз шәкірттері ол кісіні мақтаныш тұтамыз. Ал ағамыз да осал емес, ҚР мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Қазақ отбасы қандай болу керек?» деген сауал жиі қойылады. Мен ондай отбасылардың қатарына Сәбит аға мен Зүбайра апайдың шаңырағын ұсынар едім. Үлгі алсын өзгелер! Қазақ тілін төрге отырғызып, балаларына ұлттық, заманауи тәрбие бергеннің арқасында осы отбасыдан 3 ғалым шығыпты. Бауыржан мен Гүлназ филология ғылымының, Сәтжан заң ғылымының кандидаты. Гүлжан да үлкен университетте аға оқытушы, Гүлсара Қаржы Министрлігінің қызметкері. Бұл кісілердің республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Алматы қаласы бойынша 2018 жылы 131 отбасының арасынан бас бәйгені жеңіп алғанының өзі неге тұрады! Зейнеткерлікке дейін соңғы екі онжылдықта Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде екеуі де дәріс оқыған қос ұстазымның жүріп өткен өмір жолы осындай.

Иә, 80-нің шыңына шығып, жан-жағына ой көзімен қарап отырған Сәбит ағамыз бен 75-ке толған Зүбайра апамыздын отбасы, әулеті жайында шерте берсек әңгіме көші 80 нарға жүк болады десек артық айтқандық емес. Сәбит аға, «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демекші сізді, отбасыңызды Аллам осы берекесі мен мерекесінен айырмасын! Әлі де Сіздің халқыңызға береріңіз мол. Сізге шығармашылық табыс тілейміз. Қолыңыздан қаламыңыз түспесін, аға! 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
08.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 110
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 146
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 48
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 144
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 110
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 255
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 258
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 469
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 430

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9129
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8526
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11753
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9522
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10734