Сырдың ырбаз азаматы

Сырдың ырбаз азаматы

Иә, ықылым заманнан ата-бабаларымыз, «Аттың жақсысын қазанат, жігіттің жақсысын азамат» деген. Құт қонған киелі Сыр бойында азамат деген мәртебелі де құрметті атаққа лайық тұлғалар жетерлік. Сондай ағаларымыздың бірі - кешегі кеңестік дәуірдегі қызыл директорлардың алдыңғы легінде болған, Қызылорда облысындағы Жалағаш, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Мәншәріпов Батырбек ағамызбен сұхбатымыз біздің ауыл туралы әңгімеден басталды.

– Менің сіздің ауылмен алғашқы таныстығым сонау 1976 жылы аудан орталығындағы №150 кәсіптік-техникалық училищеде комсомол комитетінің хатшысы болып жүрген кезімде аудандық комсомол комитетінің пленумына мәселе дайындау жөніндегі іссапардан басталды, – дейді Батырбек ағамыз. – Сол сапарымда комсомол комитетінің хатшысымен бірге ауылдың жағдайымен танысып болғасын, мектепті, мәдениет үйін және ауылдың көрікті көшелерін көріп, қала сияқты елді мекенге таңғалып едім. Кейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасында жұмыс істеп, қызметке араластым. Сақтаған Жанасбаев ағамыз Аққыр совхозында директор. 1986 жылдың жазында қуаңшылық болып, Қызылқұмға шөп шықпай қалды. Мал түгел Қарақұмға көшірілді. Көшкен малдың, елдің жағдайын білу керек болды да, Қарақұмға басқарма бастығының орынбасары менде шықтым...

 

Иә, расында сол жылдың жазы біздің ауылдың малшыларына қиын болып еді. Мал отарларын тасжолды бойлай айдап, Қармақшыдан әрі қарай Қырға шығамыз. Жосалы стансасынан шыққаннан кейін қырық-елу шақырымға дейін мал су ішетін құдық жоқ. Күн ыстық, малдың сусыз сонша жерге жетуі қиын. Мен бұл кезде ауылда шопырмын. Қасымда өзім қатарлы жігіттер бар, төрт мәшинемен жүріп су тасып, ауылдан шыққан отарды Жосалыдан күтіп алып, Жосалыдан су алып, әрі қарай алғашқы құдыққа дейін шығарып салып, далада қона-жатып жүріп едікау. Батекеңмен біздің алғашқы таныстығымыз да осы кезде басталған. Сол жылдары Ақ-қыр совхозына директор боламын деп Батекең де ойламаған. Бірақ өмір ғой, несібе қай жерден бұйырса, адам-пенде сонда жүреді. Біздің ауылдың дәм-тұзы бұйырып, Батырбек ағамыз 1989 жылдың күзінде Аққыр совхозына директор болып барды. 

«Әскербек ата» және бас агроном Райханның бағы

Бұл тәуелсіздіктің қарсаңы, КСРО деген алып мемлекеттің шаңырағы шайқалып тұрған мезгіл еді. Мамандармен танысқаннан кейін Қызылқұмда күзем алу науқанын көруге шығып кетті. 16 кыркүйек күні малшыларды аралап жағдайын біліп, танысып, «Қырқарақтағы» кызу еңбекке көңілі тояттағандай болды. 16 қырқымшы күніне бір жарым-екі отарды шығарып тұр екен. Ферманы аралап, қайтып келе жатыр. Жаңадарияның бойы болмаса, әрі қарай бұтасы аз, құлазыған мидай жазық дала. Қызылдың тақырлары көз сүріндірер сағым. Басына неше алуан ойлар келеді. «Ойпырым-ай, мынадай шаруашылықты басқару, істі жүргізу оңай емес-ау. Халықтың сенімінен шыға алсам болар еді» деген ой мазалайды...

Аупарткомнан жиналыстан шыққан соң Ақсу ауылына, әкесіне келіп ақылдасты.

– Көке, осындай жағдай, кейбір қыстақта шөп те жиналмаған, – деді шаруашылықтың жалпы жағдайына шолу жасап. Мәншәріп ақсақал сабырлы қалпы баласының бетіне қарап:

– Қызылды қар басып қалмаса ештеңе болмайды, қорықпа, балам! Қызыл сол ауылдың азғантай қойын бір-екі қыс асырайды, – деп көңілін орнықтырып, батасын берді.

Ақсақалдың ақ батасымен Аққырға барып, ол жақтағы елдің ыстық ықыласы мен адамға деген бауырмал, ақ көңілдерінің, ортақ іске деген ауызбіршілігінің, кам-қорлығының арқасында жеті жылдан аса абыройлы еңбек етті. Батырбек ағамыз үшін Аққырдың әрбір төбе, қыраттары, бұталары қымбат. Сол алғашқы барған жылдары қыс малға жайлы болды, жем-шөп жеткіліксіз болса да қыстан жақсы шықты.

Ауылдағы ел ағаларымен, ардагерлермен, жалпы жұртпен араласты. Елдегі азаматтардың сондай ауызбіршілігі жарасқан, дархан даласына сай әрбір адамының жаны таза, жүрегі кең, елге деген сүйіспеншілігі, ортақ іске деген кісілігі мықты екенін көрді. Аққыр совхозы негізі мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық болғанымен, егілетін егіс көлемін арттырып, ауыл халқын сол егіннің өнімімен қамтамасыз ету жолдарын да қарастырды. Ауылға су алып келетін 26 шақырымдық «Аққыр каналы» шаруашылық теңгерімінде болғандықтан оны тазартуға мүмкіндік болмай, көп жыл қамыс басып, ауылға су келмей қалған екен. Осы каналды сол кездегі аудан басшысы Сәмит Далдабаев арқылы облыстық су шаруашылығы мекемесінің бастығы Әбдіманап Құтжановқа шығып, сол кісінің көмегімен бір жыл жүріп құжаттарын дайындап, су шаруашылығы мекемесінің теңгеріміне өткізді. Содан бастап аталған каналдың жағдайы жақсарып, ауылға аяқсу келе бастады. Каналдың 12 шақырымы аудандық су шаруашылығының бастығы Иса Жидебаев пен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мәншәріпов Жақсыбектің көмегімен түзетіліп, аршылды.

– Каналды аршу, тазалау жұмыстарының басында сушы мұраб Әскербек Төрәлиев ағамыз жүріп еді, – дейді Батекең әңгімесін жалғап. – Сол қазылған каналдың бір аша-иіні болу керек қазір «Әскербек аша» деп аталады. Бас агроном Москвадағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген аудандағы алғашқы мамандардың бірі, ғалым-агроном, білімді, білікті де іскер басшы Райхан Адисқызының басшылығымен жоңышқа көлемі 130 гектарға, жүгері 250 гектарға, бидай 70 гектарға жеткізіліп, қырманға қызыл түсті. 15 гектар қант қызылшасы егіліп, одан жоғары өнім алынды. Жеке адамдарға 20 тонна Қарағандының қара картоп тұқымын әкеліп таратып, ауылдың алдыңғы қатарлы еккендері 300-400 қапқа дейін картоп алатын жағдайға жетіп, егіншілік дами бастады. Кейінірек Райханның басшылығымен ауылдың шығыс жағындағы «Жалғыз төбенің» жанынан бес гектар жерге жеміс бағы егілді. Пірмахан ағамыз бағбан болды. Облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов келіп, «Жасыл өлке – 95» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды көрем дегенде сонда апардық. Сол жерде «Дамские пальчики» деп аталатын жүзімінен ауыз тиіп, өсіп тұрған гүлді көргенде Сейілбек ағамыз да, облыстан, ауданнан келген басшылар да риза болды. Райханның бағында сондай жүзім бар деп мен өзім де ойламаппын. Райхан қарындасымыздың барлық жұмысы сондай болатын. Өзі қыз бала болғасын ба, барлық жерде әдемілікті, нәзіктікті көргісі келіп тұратын. Адамгершілігі мол азаматпен шаруашылықта тек әріптес қана емес, сырлас дос болып, қарындасымыздай болып кетіп едік...

Су үшін орыс генералдарымен шайқас 

Батырбек ағамыздың Қызылқұмдағы қарбалас күндер есінен кетпейді. Аққырға барғаннан кейінгі ең бірінші жұмысы тұрғын үйлердің шатырларын ауыстырудан басталды. Елағасы Бердібек ағаймен бірге Шымкентке барып, ол жақта осы елдің түлегі Шахарбек Оспанов ағасымен танысты. Сол кісілердің көмегімен сол жақтан арзан бағаға шифер алып қайтты. Сөйтіп ауылдағы тұрғын үйлердің 40 пайызының шатыры жаңаланды.

Батекең директор болып келгенде ауылда кооперативтік шаруашылықта жиыр-ма үш заңды тұлға, соншалықты мөр бар екен. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей қырық бөлек шаруашылықта береке бола ма, сол шаруашылықтарды жетіге топтастырды. Бұл екі жылда нәтижесін берді. Сол кезде мемлекет тарапынан етке – 25, қаракөлге – 90, жүнге – 100 пайыз дотация берілетін. Соны пайдаланып, көзін тауып 3000 бас кәрі қойды етке өткізіп, орнына Атырау облысынан 5 000 бас асыл тұқымды тұсақтар алды. Бір жылы қой төлдету нәтижелі болды, Аққыр тарихында 12,5 мың тірі қозы өсірді. Шопандар келісімшарт арқылы саулықтан 100-150-ге дейін косымша ақыға қозы алды. 1000 басқа жақын қозы қосымша ақыға беріліп, елдің еңсесі көтерілді.

Бірақ бір шаруаны бітірсең, алдыңнан екінші бір мәселенің шығып тұратыны белгілі. Сол жылдары «Дальний» (Қиян су құбыры) деп аталатын «Бекей-Байқоңыр» алып су құбыры желісінің құрылысы аяқталып, жұмыс істеп жатты. Ауданның 40 гектар жері, Аққыр совхозының аумағынан Ресейге жалға беріліп, сол аймақтан 16 скважина қазылып, олардың суы бір жерге жинақталды. Жинақталған суды алып сорғымен 250 шақырым жердегі Байқоңырға радиусы 1,5 метрлік екі трубамен айдағанда Қызылқұмдағы мал жайылымдарындағы скважиналар тоқтай бастады. Бұлақтар тоқтап қалса, малды ауылдың тіршілігі не болады? Міне, осы сорғылардың жұмысын тоқтату күн тәртібінде тұрды.

Бұл мәселені шешу үшін алдымен халыққа жариялап жарыққа шығару керек болды. Осы мақсатпен Алматыдан арнайы тележурналист Нұртілеу Иманғали іссапармен келді. Ол мәселенің мәнісін түбегейлі зерттеп, осы сапардан арнайы репортаж жасап, «Қағажу калған ауылдар» деген тақырыппен Қазақстанның бірнеше телеарналарынан көрсетті. Осы мәселе бойынша сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов командасымен ауылға келіп, космодром басшысы генерал-лейтенант Крышко, оның орынбасары Дорошек, СССР қорғаныс министрінің орынбасары Сахаров келіп халықпен кездесу өткізді. Батекең елдің егесі ретінде хабарлама жасады.

Жиналыстан кейін сол уақыттағы аудандық атқару комитетінің төрағасы Әмірбек Әбекенов екеуі Алматыға барып, Қазақстан телеарнасынан «Қиян су құбыры» мәселесі бойынша сұхбат берді. Осындай шаралардан кейін бұл алып құрылыс тоқтауға бет алды. «Бекейдегі» әскери бөлім келісімшарт бойынша он жеті скважина қазып беретін болды. Сол скважиналардың бес-алтауын Қызылдың құмдарын игеру үшін Қызылқұмның терең ішінен қаздырды. «Тынарбай», «Сайлау» бұлақтары сол кезде қазылған скважиналар еді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып Аққыр елді мекенінен (резервке) үшеуін, біреуі Пірмахан атындағы жеміс бағына, бірі ауылдың Шаймағанбет Есұлы көшесі жақ шетіне, біреуін қазіргі су құбыры жанынан қаздырып, оларды осы күнге дейін халық игілігіне жаратып келеді. Қазір бір скважина қазудың құны шамамен 10-15 миллион теңге тұратынын ескерсек, бұл қаншама жұмыс. Осы жұмыстардың барлығы ауылдағы халықтың ауызбіршілігі мен ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты. Аққырлықтар Батекеңнің әрбір ісін қолдап, қуаттап отырды.

Қой шаруашылығы жайбарақаттықты көтермейді  

Қой шарушылығы деген жалпы кысы-жазы жыл он екі ай науқанды тірлік. Мұнда жайбарақаттық деген болмайды, оған мүмкіншілік жоқ. Шаруаның басында жүрген азаматтар, шетінен кайнап-піскен ұйымдастырушылар деуге болады. Қай кезде де қой шаруашылығында шопан жетіспейді. Бұл мәселені шешудің де тетігін тапты. Қой бағуға шыққан отбасына 1 бас бұзаулы сиыр, 10 бас қой тағы басқа әлеуметтік көмектер берілетін болды. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығы басына бас төл алса 10 қозы шопанға берілетін болып келісімшарт жасалды. Осының нәтижесінде көрші Өзбекстаннан 10 отбасы, ауылдан 10 отбасы мал бағуға шықты. Мал азығын дайындау мәселесі де жан-жақты ынталандыруға сәйкес шешімін тауып жатты. Сол жылдары 10 мың тоннаға дейін шөп, 1 мың тоннаға дейін жоңышқа дайындалды.

Бір миллион кірпіш шығаратын кірпіш зауытын ашып, әскери бөлімге қымбатқа сатып, тұрғын үй салынды. Кейін «Қиян» су құбыры тоқтағасын «Бекейдегі» әскери бөлімінің ғимараттарын сатып алды. «Бекейдегі» әскери ғимараттар мен жабдықтарды алып пайдалануда да біраз қиындықтар болды. Әскери бөлімінің бастығы Ленин совхозының (Қазіргі Тұрмағамбет ауылы) директоры Қалдашбаевпен келісімшарт жасап, ғимараттар мен жабдықтарды сол совхозға беретін болып қойған екен. Батекең қасына прораб Нағашыбай Бақтыбаевты алып, Байқоңырға тартып кетті. Бір амалын жасап, нысандарды ауылға алып қалу керек еді. Сол кездегі космодром командирі Крышконың полковник Буран деген көмекшісіне барып ренішін білдірді. Әлдеқандай жағдай болады деген оймен жалтылдаған алтын сұр, көк қаракөлден сый-сияпат ала барған. Орыс та пенде ғой, әдемі алтын сұр, көк қаракөлдерді көріп, қызықты. «Жарайды, Батырбек, арнайы келген екенсің», – деді де, Ленин совхозымен отырған келісімшартты бұзып, бұлармен келісімшартқа отырды. Сол жақта тұрып әкімнің бірінші орынбасары Садық Әлиевке телефон соқты. Ол кісі телеграфтық нұсқамен екі миллион сом сабан ақша аударды. Сөйтіп «Бекейдегі» бірталай нысандарды совхозға алып қалды. Сол нысандар шаруашылықтың біраз кәдесіне жарады. Кейін ақша теңгеге ауысқанда тиын болып қалды. Екі аңғарды 350 тонна қара күрішке айырбастап, бір жарым жыл жанар-жағар май, ұн, жем алып, шаруашылық бір көтеріліп қалды. Біреуін Ақсуға, біреуін Жаңаталапқа сатты. Ауылда жиырмаға жуық тұрғын үй салынды.

– Ауылдағы ақжүрек азаматтармен Аққырда жеті жыл он күн жұмыс істеппін, – дейді Батекең өткен күндерді ойға алып.

– Отыз алты жасымда барып, елге есейіп, ел ағасы болып оралдым. Аққырдағы жылдар мен үшін өмір мектебі болды. Екі ауданның, Жалағаш, Сырдария аудандарының басшылығында азды-көпті қызмет істесем Аққырдағы ақеден аға-апаларымның үлкен тәрбие мектебінен өткендігім деп білемін. Аққырдағы сол бір тамаша күндерімізді Сафура екеуіміз әлі күнге дейін айтып жүреміз...

Ыстық ықылас және тектілік 

Иә, Батекеңнің Аққырдағы қызметі бір төбе болса, басқа қызметі бір төбе. Себебі өзі айтқандай, біздің ауылға жігіт болып барып, елге есейіп, ел ағасы болып оралды. Аққырдың бір баласы болды. Аққырлықтар Батырбек ағамыз жайлы әңгіме болғанда «О, өзіміздің Батекең!», – деп бастайды. Біздің ауылдан кейін Еңбек ауылына басшылық қызметке барды. 1999 жылы желтоқсан айында Жалағаш ауданы әкімдігіне қызметке келді. Содан 2003 жылдың қыркүйек айына дейін аудан басшысының ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары ретінде бір жыл, қалған уақытта әкімнің бірінші орынбасары болып, бюджет, ауылшаруашылығы, елді мекендермен жұмыс, экология, жер ресурстары, төтенше жағдай, тағы басқа салалармен жұмыс істеді. Қайта құру, қалыптасу кезеңі болғандықтан, бұл жылдары да аудан басшылығымен бірге көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келді.

Сол кезде аудан экономикасының негізгі саласы болып табылатын күріш өнімінің 1 келісінің бағасы 10-15 теңгеге түсті, «Күріш егу қажет пе?» деген сұрақ туындады. Себебі ол өзін-өзі ақтамайтын, рентабельділігі төмен салаға айналған болатын. Оған мысал ретінде 1999 жылы аудан бойынша егіс көлемі 26216 гектар, оның ішінде күріш дақылы 14105 гектар ғана болды. Дегенмен «Шешінген судан тайынбас» деген, әрбір азамат атқарған жұмыстан нәтиже шығарсақ деп келгендіктен, қол қусырып отыруға болмайтын еді. Бар күшті ауылшаруашылығын қолдан келгенше дамытуға салды. Сол жылдары аудан бюджеті небары 185 млн теңгені құрады. Күріш дақылына қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш, жанар-жағар майдың тапшылығы да көп қолбайлау болды. Елді мекендердің әлеуметтік жағдайы да қиын. Аудан әкімі Нұрлыбектің де, Батекеңнің де ауылшаруашылығы саласының мамандары ретінде шаруашылықтардың жағдайын жете түсіне білуі, қажет болған жағдайда тиісті шешім қабылдай алу тәжірибелерін қолдан келгенше пайдаланды.

Мұның алдында он жыл, 1989-1999 жылдар аралығында екі шаруашылықта, бір мал шаруашылығы, екіншісі егін шаруашылығы және 1978-1979, 1985-1989 жылдар аралығында алты жыл ауылшаруашылығы басқармасында маман, бас маман, аудандық ауылшаруашылығы басқармасы (РАПО) төрағасының бірінші орынбасары болып істегені бар. Әрбір шаруашылықтың жер, су, халықтың жағдайы Батырбек ағамыздай басшыға белгілі болатын. Ел танып, жер танып қалған кезі, қай ауылға барып тұрғындармен кездессе де, алдынан жанашыр абзал ағалары, бірге жұмыс атқарған азаматтар шығып, ыстық ықыласпен, ақыл-кеңес, көмектерін аяған емес. Осындай елдің қолдауымен біріншіден ауданда тұқым, жанармай, минералды тыңайтқыш алу үшін кепіл болатын мекеме ашуды қолға алды. Сөйтіп «Агроодақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашты. Бұл құрылымның төрағасы тәжірибелі маман Мұстафа Мамытов болды. Ким Сергей деген азаматтың техникалық базасын нығайту үшін жер, қойма тағы басқа жылжымайтын мүліктердің алғашқы мүмкіндіктері жасалды. Осы құрылымдар шаруашылықтарды қажетті заттармен жабдықтауға қолдарынан келгенше қызмет етті.

Сол кезде аудандық астық қабылдау элеваторы «Сеймар» компаниясына беріліп, олар бірқатар аудан шаруашылықтарына жаңа техника, технологиялардан біршама көмек жасады. 2002 жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тәулігіне 120 тонна күріш өңдейтін Оңтүстік Кореяның қондырғылары орнатылған күріш зауыты іске қосылды. «Сеймар» фирмасы төрағасының орынбасары болып Садық Әлиев ағамыз отырды. Сондай бірлескен жұмыстар мен ауызбірліктің арқасында шаруашылықтарда алға жылжу байқала бастады.

2003 жылы аудан бойынша егіс көлемі 29125 гектарға жеткізіліп, оның ішінде күріш дақылы 17500 гектарды құрады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан да егіске арзандатылған жанар-жағар май, минералдық тыңайтқыштар, субсидиялар бөліне бастады. Жалағаш ауданындағы тоқырауға ұшыраған елді мекендерге «Таза су» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп (Аққыр ауылы 3 млн, Бұқарбай батыр ауылы 5 млн) су жолдарын жөндеуге, қайта жабдықтауға қол жетті. Әсіресе қыстақтарға, топтық су жүйесі бар аумақтарға бөлінетін бірінші кезектегі қаражаттан, облыс көлемінде Қармақшы ауданына қарасты Ақай елді мекені мен Жалағаш қыстағы алғашқылардың бірі болып қаржы алу мүмкіндігін алды. Жалағаш кентіне 1,2 млрд теңге қаржы бөлуге сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Рябцев мырзаның аудан әкімі Н.Жолдасбаевпен таныстығы, тіл табысуының нәтижесінде қол жеткізілді. Әкім Нұрекең мен Батекең Астана қаласына барып, Рябцевтің қабылдауында болып, сол мәселені аяғына дейін жеткізген болатын. Бұл жайды біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Батекеңнің кейінгі қызметі де елдің көз алдында. Бір жылдай «Сәрке батыр» ЖШСнің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ел халқының ауызбіршілігі, еңбекқорлығы арқасында туған ауылының тарихында бірінші рет алты мың тонна астық жинады. Бірақ бұл шаруашылық біреудің жекеменшігінде болатын. Сондықтан бұл жұмысты егелеріне өткізіп, жеке кәсіпкерлікке кетті. Жер алып, «Ай Тоғжан» ЖШС-ін құрды. Қызметтес, тілектес болған азаматтардың ақыл-кеңесінің, қамқорлықтарының нәтижесінде 2005 жылдың 24 желтоқсанында Сырдария ауданы аумақтық басқармасының төрағасы қызметіне келді. Облысқа белгілі Ибрагим Әбибуллаев, Бақыт Нұртазаев, Қожахмет Баймаханов, Әріп Қожбанов сияқты азаматтардың ықыласымен әуелі Сырдария аумақтық басқармасының бастығы, кейін Сырдария ауданы әкімінің орынбасары, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы қызметін абыроймен атқарды.

Атадан қалған асыл қасиеттер қай жерде де демеуші-жебеуші болды, жүрген жерінде ешкімге қиянат жасамады, өтірік айтпады, таза жүрді, адал қызмет істеді.

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ауылға ортақ азамат қайда жүрсе де елім деп еңбек етті. Соның өтеуі болар, бүгінде абыройсыз емес. Екі елдің халқының қолдауымен қос бірдей ауданның «Құрметті азаматы» атануы да ағамыздың осы тазалығының, адалдығының арқасы болар, сірә! Қазақта тектілік деген ұғым бар, тектілік атаның қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі. Батекеңнің де бойында ата-бабаларынан дарыған мәрттік, жомарттық, серілік сияқты қасиеттер мен мұндалап тұрады. Қайда жүрсе де, қандай қызмет істесе де ата-бабаларынан мирас болған осы мәрттікпен, адалдық жолымен жүріп келеді.

Көрші Сырдария ауданына барып қызмет еткенде де өзін сол елдің бір баласындай сезінді. Халқының ауызбірлігі, еңбексүйгіштігі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету сияқты ізгі қасиеттерінің алдында әрдайым ризашылығын білдіріп келеді. Туған жердің ыстық ықыласы бөлек дегеннің өзінде, Сырдария ауданы халқының қамқорлығын, өзіне деген ықыласын көргенде екі ауданның төл перзенті, құрметтісі Батырбек ағамыздың көкірегін қуаныш кернейді.  

 

Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
01.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 229
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 226
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 728
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 851
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 764

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8921
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8314
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11541
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9298
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10526